Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қол қойды. Бұл республикалық бюджет бекітілген күйі жұмсалады деген сөз емес. Уақыт талабына сай өзгерту мен толықтыру енгізілетіні белгілі. Десе де, келер жылы ел игілігіне жұмсалатын қазына қаржысының көлемін айқындап алу да – біткен іс.
Мәдениет саласы бюджеттің мойнында отыр
Мемлекет басшысы аталған заң жобасын сәл ертерек бекітуі де мүмкін еді. Алайда Сенат депутаттары 25 қараша күні бірқатар түзетулер енгізіп, заң жобасын Төменгі палатаға кері жолдады. Сенаторлар нендей өзгеріс енгізді?
– Конституциямызда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған. Сондықтан біз халық үшін ең маңызды – жол сапасы мен ауызсу мәселесіне баса назар аудардық. Республика бойынша елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету 65 пайызды ғана құрайды. Жол мәселесінің 68 пайызы ғана шешілген. Осы бағытқа көбірек көңіл бөлдік, – дейді Сенат депутат, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ерболат Мұқаев. Оның айтуынша, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларды баспанамен қамту мәселесі де аса өзекті. Бүгінгі таңда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары өзін-өзі ақтайтын салаға айнала қойған жоқ. Әрине, балабақшаларға қатысты аздап қозғалыс бар, жекеменшік балабақшалар мен мектептер ашылып жатыр, бірақ көп емес.
– Осындай жекеменшік балабақшалар мен мектептердің ашылуы бюджетке айтарлықтай көмек. Мәдениет саласы түгелдей бюджеттің мойнында отыр. Бір кездері мәдениет үйлері ақша тапсын деген талап болды, одан ештеңе өзгерген жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін бюджеттен қаржы бөлу қажет, бұл халық үшін тиімді, сұранысы орындалады. Ал мемлекетке ауыр. Себебі мемлекеттің алдында шекараны бекіту, үлкен имидж жобаларды жүзеге асыру сияқты жобаларға қаржы жетпей қалады. Себебі бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады, – дейді сенатор.
Оның айтуынша, Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған жобалардың өзін-өзі ақтайтын уақыты келді. Әрине, жабылып қалған жобалар да бар. Ал жұмыс істеп жатқандары енді ғана табыс таба бастапты. Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сенаторлар алдында жасаған баяндамасы көңіл көншіткен көрінеді. Демек, бұл жобалар табысты болса, ел қазынасына түсетін салық түсімі де молаяды деген үміт бар.
Сонымен, Сенаттың өзгертуі мен толықтыруынан кейін әлеуметтік сала шығындары 5,7 трлн теңгеге жуықтады. Бұл бюджеттің 45 пайызына жуық қаржы. Бұл қаржыдан Түркістан, Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласын үш жылда газдандыруға 17,1 млрд теңге, СҚО, ШҚО, Қызылорда, Ақмола облыстары мен Жезқазған қаласында су құбырларын тартуға 5,2 млрд теңге, Нұр-Сұлтандағы Есіл мен Сарыбұлақ өзендерінің арнасын, Көкшетаудың жылу желісін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізу үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көр-месінде «Қазақстан» павильонына экспозиция дайындауға 832 млн теңге бөлінеді. Айтқандай, сенаторлар алдағы жылы ақпарат құралдарында өздерінің қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге қосымша 460,5 млн теңге бөлуді, «Еуразия» телеарнасына қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру, мемлекеттік тілде жаңа бағдарламалар мен фильмдер циклын шығаруға бөлінетін қаржыны 1 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынған. Жоғарғы палата ұсынған толықтырулар Мәжілістің 28 қараша күнгі жалпы отырысында қаралып, келісілді. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаевтың айтуынша, қаражатты қайта бөлу есебінен шығындар 2020 жылы 15 млрд теңгеге, 2021 жылы 17,6 млрд теңгеге, 2022 жылы 8,1 млрд теңгеге ұлғайды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы бірден Президенттің қол қоюына ұсынылды.
Мұнай бағасы арзандамасын деп тілеңіз
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, бюджетті жоспарлау кезінде мұнай бағасы барреліне 55 доллар көлемінде болжанған. Келер жылы 90 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Мұнай бағасы мен мұнай өндіруге қатысты болжам орындалса, онда келер жылы жалпы ішкі өнім көлемі 4,1 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Себебі біздің экономика мұнай экспортына тәуелді. Сондықтан мұнай арзандап кетпесін деп тілеуге тура келеді. Өйткені Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұнай өндірісінде Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарына иек артып отырғанын жасырмады.
Сонымен, 2020 жылы республикалық бюджеттің кірісі 11 трлн 206 млрд теңге деп бекітілді. Бюджет кірісінің 7 трлн 960 млрд теңгесі салықтардан, 121 млрд теңгесі салықтық емес түсiмдерден, 4 млрд теңгесі негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдерден, ал 3 трлн теңгесі трансферттерден жасақталады.
Ал бюджеттің шығыс бөлігі 12 трлн 472 млрд теңге деп белгіленіп отыр. Яғни, келер жылы бюджеттен 12 трлн теңгеден астам қаржы жұмсаймыз. Көріп отырғанымыздай, бюджеттің кірісінен шығысы көп, бюджет тапшылығы 1 трлн 598 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызына тең. Бұл биылғы көрсеткішке пара-пар.
Айтқандай, 2020 жылы республикалық бюджетке Ресейдің «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 43 700 000 теңге және әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 7 614 820 теңге жалдау ақылары түседі.
Төрт донордың көрсеткіші төрт түрлі
Елімізде республикалық бюджетке қаржы құятын төрт донор бар. Олар 2020 жылдың бюджетіне 420 млрд теңге түсіреді деп жоспарланды. Бұл биылмен салыстырғанда 1,5 есе артық болжам. Себебі биыл 4 донордан жиналған түсім 285 млрд теңгені құрады.
Биыл республикалық бюджетке 105 млрд теңге құйған Атырау облысы келер жылы бұл көрсеткішті 207 млрд-қа көтермекші. Есесіне, биыл 35 млрд теңге құйған Маңғыстау облысы 2020 жылы республикалық бюджетке 8 млрд теңге ғана береді. Алматы қаласы 171 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы 32 млрд теңге береді. Аталған екі қаладан түсетін қаржы биылғы көрсеткішпен шамалас.
Осы төрт донордан өзге өңірлер мен қалаларға 2020 жылы республикалық бюджеттен 2 трлн теңге сомасында субвенция беріледі. Мәселен, Ақмола облысына – 144 млрд теңге; Ақтөбе облысына – 108 млрд теңге; Алматы облысына – 200 млрд теңге; Шығыс Қазақстан облысына – 215 млрд теңге; Жамбыл облысына – 194 млрд теңге; Батыс Қазақстан облысына – 74 млрд теңге; Қарағанды облысына – 142 млрд теңге; Қызылорда облысына – 174 млрд теңге; Қостанай облысына – 140 млрд теңге; Павлодар облысына – 55 млрд теңге; Солтүстiк Қазақстан облысына – 142 млрд теңге; Түркістан облысына – 379 млрд теңге; Шымкент қаласына – 131 млрд теңге субвенция беріледі.
2020 жылдан бастап жалақының ең төменгі мөлшерi – 42 500 теңге;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 16 839 теңге; зейнетақының ең төменгі мөлшерi – 38 636 теңге;
1 айлық есептiк көрсеткiш – 2 651 теңге; ең төменгі күнкөрiс деңгейi – 31 183 теңге.
Биыл аталған өңірлер жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құраған субвенция алды. Салыстырып қарағанда, 2020 жылы Ақтөбе облысына берілетін субвенция екі есе көбейіп отыр. 2019 жылдың бюджетінде Шымкент қаласына субвенция бөлінбеген. Келер жылы республикалық маңызы бар бұл қалаға 131 млрд теңге берілмек. Есесіне, Түркістан облысына берілетін субвенция азайған – 379 млрд теңге.
Қарыздан құтылуға – 642 млн теңге
Республикалық бюджетте Қазақстанның сыртқы қарызы үшін төленетін қаржы да қарастырылады. Бірден айта кетейік, ел қазынасынан сыртқы қарыздың ішіндегі мемлекеттік борыш қана өтеледі. 2020 жылы мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету үшiн 642 млн теңге қарастырылыпты. Қазақстан Үкіметіне 900 млрд теңгеге дейін ғана мемлекеттік кепiлдiк беру жүктеліп отыр. Сонымен қатар Үкімет 2020 жылдың соңына дейін үкiметтiк борыш лимитiн 14 млрд 600 млн теңгеден асырмауы керек.
Бюджет тапшылығы кезінде Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі соңғы екі жылда тұрақтанып келеді деуге негіз бар. Егер 2013 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге бөлінсе, 2014 жылы 2 трлн, 2015 жылы 2,5 трлн, 2016 жылы 2,9 трлн, ал 2017 жылы 4,4 трлн теңге құйылды. 2016-2017 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаржы банк секторын сауықтыру үшін жұмсалғаны белгілі. Ал былтыр 2,6 трлн теңге ғана бөлінді. 2019 және 2020 жылдары 2,7 трлн теңге қарастырылды.
Бюджет неге өзгере береді?
Экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, бюджетті 3 жылға жоспарлап бекітудегі мақсат бекітілген бюджетті жиі өзгеріп, толықтырмау үшін қажет болған екен.
– Бұрын бюджет әр жылға жеке қабылданатын, мысалы, келер жылдың бюджеті биыл қабылданса, арғы жылдың бюджетін келер жылы қабылдайтын. Қабылданған бюджетті жиі түзете бермеу үшін 3 жылдық бюджетті қабылдау тәртібіне көштік. Алайда бәрібір түзетуден құтыла алмадық, – дейді экономист.
Расында, бізде бюджет бекітілген соң, жылына кем дегенде екі-үш рет өзгерту жасалады. Арыға бармай, осы жылды алсақ, шілде айында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп, өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың несие борышының бір бөлігін өтеу үшін 89,2 млрд теңге, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейтуге 138,6 млрд теңге, Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту қарастырылды. Бұл қаржының бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталады деді. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңгені ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржыландыруға бөлді.
– Бекітіліп қойған бюджетті жыл ортасында өзгертіп, әлеуметтік мәселені шешеміз дегенді популизм деп атаймын. Халыққа жағынғысы келгендер солай жасайды, ал оған қаражатты қайдан алады? Мұндай тәуекелдерді әу баста бюджетте ескеру керек. Жалпы, популизмнен құтылған ешкім жоқ. Кезінде Черчилль де популист болған. Брежнев сияқты бюджет дефицитине ұрындырмау үшін, бекітілген бюджет бойынша жұмыс істеуді үйренуі керек, – дейді Ж.Шымшықов.
Сенатор Ерболат Рахметұлы биылғы шілдеде енгізілген өзгертулер мен толықтырулар өте орынды деп санайды. Тек сол атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ережелерінде кемшілік кетті. Сол кемшілікті пысықайлар тиімді пайдаланды: малын туысының атына жазып қойды, АӘК алу үшін отбасымен ажырасты.
– Елімізде тұрмысы төмен отбасылар үшін АӘК тағайындау 2001 жылы басталды. АЕК беру басталғалы адамдар арасында масылдық белең алды. Көптеген шаруашылықтар жұмысшыларынан айырылып қалды. Себебі адамдарға жұмыс істеп 120 мың теңге жалақы алғанша, үйде жатып 120 мың теңге АӘК алуға тиімді болып шықты. Маған салса АӘК бермеу керек. Мұны бұрын да айтқанмын. Одан да қорадағы малдың әр басына субсидия берейік. Сонда субсидия алу үшін адамдар малмен айналыса бастайды. Мал көбейген соң, аққа жариды, елдің жағдайы жақсарады. Ал біз кері кеттік. Аудан, ауыл әкімдерімен кездескенде, олар қазіргі күні АӘК алып отырғандардың 80 пайызы кезінде әке-шешесі АЕК алғандар екенін айтты. 90-жылы туғандар биыл 30-ға толды, олар 10-15 жасында әке-шешесінің АӘК алғанын көрді, мал бағуды білмейді, шөп те шаба алмайды. Шаруаға икемсіз буын өсіп жетілді. Енді жаңа жылдан бастап АЕК алуға өтініш бергендерге талап күшейтіледі. Әуелі оларға жұмыс ұсынылады, жұмысқа орналаспаса, АЕК берілмейді, – дейді сенатор.
Түйін:
2020 жылға арналған республикалық бюджеттің 2019 жылғы бюджеттен айырмасы шамалы. Ұқсастығы – әлеуметтік бюджет болып шыққанында. Бұл, шындап келгенде, мақтанатын дүние емес. Өркениетті елде бюджетке құйылған 1 теңге, кем дегенде 50 тиын табады. Ал бізде денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласына жұмсалған қаржы құмға сіңген судай. Мақтанатындай жаңалығы да жоқ. Бұл салалардағы жеке сектор дамымай, бюджеттен берілген қаржының ақталуы неғайбыл. Әлі күнге шикізат экспортына тәуелдіміз. Алда-жалда мұнай бағасы құлдыраса, бюджеттегі жоспарымыздың күл-талқаны шығады. Сондықтан Ұлттық қорға иек арта бермей, экономиканың нақты секторына мықтап назар аударған дұрыс-ау...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ