Қанатың талмасын, Қазақ елі!
Қанатың талмасын, Қазақ елі!
254
оқылды

Әуекөлігімен сапарлаған жо­лау­шылар саны Қа­зақстан хал­қы­ның жалпы санына жуықтап қал­ды. Азаматтық авиация ко­ми­те­­ті­нің мәліметінше, биылғы 10 ай­­да еліміздегі әуе­жайлар қазақ­стан­дық және шетелдік 14,8 мил­лион жолаушыға қызмет көр­сет­кен. Бұл былтырғыдан 9%-ға көп.

Жалпы, азаматтарымыз қазір қайда ұшамын десе де жол ашық. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы. Кеңес кезінде ондай еркіндік бол­майтын. Дүние­жүзінің әл­дебір еліне қатынау үшін Мәскеудің рұқсаты керек. Оның үстіне барлық ұшу тек «Аэрофлот» арқылы жүзеге асы­рыл­ды. Оның аты «КСРО аза­мат­тық әуе флотының бас бас­қар­масы» деген атауды қыс­қартудан алын­ған. Шетелде «Аэрофлот» кеңестік жал­ғыз әуекомпаниясы ретінде ұсы­нылды.

Кеңес Одағы кезінде АҚШ-қа сапарлаған қа­зақ­стан­дықтар жақсы біледі: «Аэрофлот» тран­сатлан­ти­калық рейстер кезінде жолай тек Ирландияның Шеннон әуежайына қонатын. Оның мәнісі кейін анықталды: Шеннон – Батыс Еуропадағы кеңестік алыс магистральді ұшақтарға қызмет көрсете алатын және NATO аумағынан тыс жат­қан жалғыз әуежай болыпты.

Азаттыққа қол жеткесін қазақ елі адымы шектеулі «Ту» және қияға қанат қаға алатын «Ан», «Ил» ұшақтарынан бірте-бірте бас тартты. Олардың орнын Airbus пен Boeing басты.

1992 жылы адамзат тарихын­дағы ең ірі әуетасымалдаушысы саналған «Аэрофлот» 300-ден аса жекелеген авиакомпанияға ыды­рады. Осы орайда, оның бұрынғы кеңестік республикалардағы авиаотрядтары үлкен автономия алды. Мысалы, «Аэрофлот» қазақ авиация басқармасы күшейді. Алдымен «Қазақстан әуежолы» тұңғыш отандық ұлттық компа­ниясы құрылды.

Кейін, 1996 жылы оның ор­нын Air Kazakhstan басты. Рас, оның жылнамасы қайғылы оқи­ғадан басталды: сол жылдың 12 қа­рашасында Үндістанның Дели қаласының Charki Dadri әуежайы жанында Saudi Arabian Airlines-тің Boeing 747 ұшағы және Air Kazakhstan-ның Ил-76 жүк ұшағы әуеде соқтығысты. Сауд Арабия­сының әуекөлігінде 312 адам, ал қазақстандық ұшақта 37 адам қаза тапты. Air Kazakhstan 2004 жылы банкрот болғаны белгілі.

Бір айта кетер жайт, барлық 15 республикаға қызмет еткен Одақ әуекомпаниясының жылдық тасымалдаудағы жетістігі 130 мил­лион жолаушыға жеткен. Егер қазіргі жоғары қарқынынан танбаса, бірнеше онжылдықта осы көрсеткішті жалғыз Қазақ­стан-ақ еңсере алатын болады.

 

Қазақстан өз өңірінде – №1

Халықаралық әуекөлігі қа­уым­­дас­тығының (IATA) баға­ла­уынша, Қа­зақстан Шығыс Еуропа мен Ор­талық Азия елдері арасын­дағы ең қар­қынды дамушы нарық деп та­ныл­ды.

Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігінің Аза­­мат­тық авиация комитетінің мә­лі­м­етінше, жыл басынан бері отан­дық авиаторлар жоғары нәтиже көрсетті: жолаушы ағыны бұрын-соңды болмаған ауқымға жеткен. 2019 жылғы 10 айда қазақстандық әуе­компаниялар 7,1 миллион жо­лау­шы тасымал­дады. Бұл 2018 жыл­дың ұқсас кезеңіндегі 6,7 млн көр­сеткішінен 6%-ға артық.

– Қазақстанның әуежайлары осы жылғы 10 айда 14,8 миллион жо­­лаушыға қызмет көрсетті. Бұл был­тырғы жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 9%-ға ар­тық: 2018 жылғы 10 айда әуе­жай­ла­ры­мыз­дан 13,6 млн жолаушы өткен, – деді Азаматтық авиация комитеті.

Соңғы 7 жылда еліміз арқылы үшін­ші елдерге ұшатын шетелдік жо­лаушы саны 45 есеге артты! Атап айт­қанда, осы жылдың қаң­тар-қа­зан айларында транзиттік жолаушы са­ны 852 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 765 мың адам болған, яғни биыл 11%-ға ұлғайды. Жыл соңына дейін транзиттік жо­лау­шы саны 1 миллионнан асады деп жос­парлануда.

Әуетасымалы көлемінің ар­туы­на алғашқы ұлттық FlyArystan лоу­кос­тері жақсы серпін берді. Елбасы тап­сырмасына сәйкес, халықтың ба­сым бөлігі үшін әуе­көлігін қол­же­тімді етуге тиіс бюд­жеттік жаңа авиа­компания биыл­ғы мамыр айын­да іске кі­рісті. Содан бері FlyArystan 600 мыңнан астам билет сатып үлгерді. Оның жартысынан астамының құны 10 мың теңгеден төмен екен.

Ресми мәлімет бойынша, бү­гінде елдегі әуекөлігі инфра­құры­лы­мын жаңғырту аяқталуға таяды. Нәтижесінде, 16 ұшу-қону жолағы және әуежайлардың 13 терминалы қайта жаңартылды.

Қазан айында Қостанай қала­сы әуе­жайының ұшу-қону жо­лағын реконструкциялау жұмыс­тары аяқталды. Жыл соңына дейін Ба­л­қаш әуежайының да ұшу-қону жолағын қайта жа­ңартып болады. Түркістан қала­сында халықаралық әуежай құ­рылысы жалғасуда.

Ішкі туризмді ынталандыру үшін шағын авиацияны дамыту ша­ралары қабылданып жатыр. Қа­зір Қазақстанда жергілікті әуе­же­лі­лерінің 3 аэродромы – Үша­рал, Үр­жар, Зайсан жұмыс істейді. Пав­лодар облысының әкімдігі Бая­науыл­да аэродромды келесі жылы қол­данысқа бермек. Ал­дағы 5 жыл­да жергілікті әуеже­лілерінің тағы 13 аэродромын тұрғызу көзделген.

 

«Авиация нон грата»

IATA стандартына сәйкес, ұшу қауіп­­сіздігі деңгейі бойынша Қа­зақ­стан ТМД елдері арасында 3-орын алады. Рейстер қауіпсіз­дігі­нің деңгейі елде 74% қамта­масыз етіл­ген деп есептеледі. Ал авиация­лық қауіпсіздік деңгейі 83%. Демек, 2009 жылғы аудиттен бері 21%-ға жо­ғарылады. Негізі орташа әлем­дік көрсеткіш 72%. Олай болса, республикамыздың межесі орташа­дан 11%-ға асып отыр.

Отандық әуетасымалдау­шы­лары ұзақ жылдар бойы Батыс ел­де­ріне құлаш ұра алмады. Мы­салы, 2009 жылдың 10 сәуірінде ұжымдық Еуропа Қазақстанның 6 авиаком­паниясына өзіне сапар­лауға тыйым салды. Өйткені олардың ұшақтары қауіпсіздік талаптарына жауап бермеген. Ал 2012 жылы 19 отандық әуетасы­малдаушысының Еу­роодақ­қа адам және жүк тасуына, сондай-ақ әуекеңістігін пайда­лануы­на тос­қауыл қойылды. Ізін­ше, еуро­палық «қара тізімге» қа­зақ­стан­дық барлық 59 тасымал­даушы кірген.

Мемлекетіміз 2015 жылы одан Air Astana-ны шығарып алды. Осы ба­ғытта жүргізілген жұ­мыстар нә­тижесінде 2016 жылдың жел­тоқ­санында Қазақстан Еуропа үшін «авиация нон грата» болудан қалды және біздің ұшақтарға Ба­тыстың аспаны ашылды. Еуро­ко­миссияның түсіндіруінше, рес­пуб­ликамыз сол тұста ұшу қауіп­сіздігінің 74 пайы­зына қол жет­кізуіне орай «қара тізімнен» алып тасталған.

Қазіргі уақытта отандық 9 әуе­компаниясы EASA автори­зация­сы­нан сәтті өтті және Еуропаға ұшу­ғ­а құқылы. Олардың арасында Air Astana, Prime Aviation, KazAirJet, SCAT, Comlux-KZ, JetAirlines, FlyJet.kz, Euro-AsiaAir және Sigma бар.

 

Дүниежүзінде 99 бағытқа ұша аламыз

Әлемде Қазақстанның беделін көтерумен айналысатын қаптаған құрылымдар пиардың жақсы бір құралын елеусіз қалдыра береді. Мәселен, авиажолаушылар кез келген елдің әуежайында бәрінен бұрын онлайн таблоға көбірек үңіледі. Өз рейсін жіберіп алмау үшін ондағы жазулардың бәрін жіті оқиды. Сонда Қазақ елінің және оның қалаларының аты неғұрлым жиі ұшырасса, мемле­кетіміздің та­нымалдығы да соғұр­лым арта түс­пек. Осы арқылы шетелдіктерге біз­дің азаматтар­дың төрткүл дү­ниенің кез келген бұрышына еркін сая­хаттай алатынын паш етеміз.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен халықаралық ба­ғыт­тарды өрістету жалғасуда. Жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялары Ал­маты – Баку, Жуковский – Қара­ғанды, Жуковский – Көкшетау, Жу­ковский – Петропавл, Нұр-Сұл­тан – Новосібір, Мәскеу – Семей, Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр, Нұр-Сұлтан – Прага, Нұр-Сұлтан – То­кио жаңа бағыт­тарын ашты.

Қазіргі уақытта Қазақстан әлем ел­дерімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуеқатынасымен байла­ны­сады.

2019 жылдың 1 қарашасынан бас­тап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Ақтау, Қарағанды, Өс­ке­мен, Павлодар, Көкшетау, Та­раз, Петропавл, Семей қалала­рының әуежайларында «ашық аспан» режимі енгізілді. Бұрын­дары егер шетелдік әуетасы­мал­даушысының қазақстандық авиа­ция билігімен екіжақты келісімі болмаса, онда аталған әуежай­ларға қонуға және жолаушы мен жүк түсіруге тыйым са­лынатын. Енді бұл шектеу жойыл­ды. Бұдан бөлек, рейстер са­нына шектеулер де алып тас­талды.

Шетелдік авиакомпанияларға қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бо­йын­­ша «әуе еркіндігінің» 5-дә­режесі ұсы­нылды.

Президент тапсырмасына сәй­кес қабылданған «ашық аспан» саясаты аясында жаңа халықаралық бағыттар ашу және жаңа шетелдік әуе­компанияларды тарту жұмыс­тары жүргізілуде.

Нақтылай кетсек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі жиырма шақты елмен ке­ліссөздер жүргізіп, әуеқатынасын кеңейтуге және азаматтық авиация са­ласында ынтымақтасуға уағ­да­ласты. Со­ның ішінде Иордания, По­льша, Беларусь, Финляндия, Бах­рейн, Кувейт және басқа­сы­ның әуета­сымалдау­шысына Қазақ­станның 11 әуежайына тұрақты ұшуға мүмкіндік берілді.

Мысалы, жүргізілген келіссөз­дер қорытындысында Кувейт авиа­компаниясы аптасына 14 тұрақ­ты жолаушы рейсін және шектеусіз жүк тасу рейсін орындау құқығына ие болды. Jazeera Airways 2020 жы­лы Қазақстанға тұ­рақты ұша бас­тау­ды жоспарлауда.

Ал Австрия «ашық аспан» ая­сын­да рейс санын аптасына 21-ге дейін ұлғайтты. Вена – Нұр-Сұл­тан бағытында аптасына енді 7 рет қатынайды. Екі тарап таңдаған Austrian Airlines және Air Astana ком­панияларына Вена – Алматы және Вена – Ақтау бағыттарында да күн сайын ұшу құқығы берілді.

Малайзияның аса ірі лоукос­тері Air Asia X келесі 2020 жылдың ІІ тоқ­санында Қазақстан нары­ғына кірмек.

Бұған дейін еліміздің бірлі-жа­рым қаласымен ғана әуебай­ланы­сын орнатқан бауырлас Түркия Ақтау мен Қостанайға да тұрақты рейстер ашатынын жа­риялады. Сон­дай-ақ әуежайының құрылысы біт­кесін, Түркістанға Стамбұлдан ұшу­ды жолға қоюға ниетті. Егер бұл жоспары іске асса, Түркия «Түр­кі әлемінің ал­тын бесігіне» рейс ашқан бірінші шет мемлекет бол­ғалы тұр.