«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ресейлік «Интер РАО» энергетикалық компаниясынан «Екібастұз-2» электр стансасының 50 пайыз акциясын сатып алды. Осылайша, маңызды электрэнергия активі толығымен Қазақстан Республикасының бақылауына өтті. Бұл туралы брифинг барысында «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді.
– Ресей тарапы меншігіндегі акциясын 50 млн долларға бағалап, саудаға салды. Біз келіссөз нәтижесінде бір мәмілеге келіп, ресейліктер үлесін 25 млн долларға сатып алдық. Барлық құжатқа қол қойылды. Бұл активтердің арқасында «Екібастұз-2» стансасында үшінші энергоблогтың құрылысын аяқтауға мүмкіндік туды. Елбасының өзі тікелей тапсырған жобаны жүзеге асыруға Энергетика министрлігі де атсалысады, – деді Алмасадам Сатқалиев.
Жалпы, «Самұрық-Энерго» мен «Интер РАО» компанияларына қарасты Қазақс-
тан – Ресей бірлескен кәсіпорны 2005 жылы құрылған. Енді Қазақстан Үкіметі стансаны кеңейтуге кірісіп, қайта құру шеңберінде қуаттылығы 636 МВт-ты құрайтын үшінші энергоблокты орнатады. Бұл жоба Қазақстанның электр энергиясына деген күннен-күнге өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
2009 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы келісім аясында «Екібастұз МАСЭС-2 №3 энергоблогының құрылысы» жобасы іске қосылған еді. 2010 жылы тиісті сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Осының негізінде «Екібастұз мемлекеттік аудандық электр стансасы» компаниясының 50 пайыз үлесін сатып алуға шешім қабылданды.
Стансаны толық бақылау еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтуге әсер етеді. Қазіргі таңда Қазақстан қосымша электр қуатына мұқтаж. Ұлттық экономиканың дамуына энергетика саласының ықпалы зор.
Айта кетейік, «Екібастұз-2» стансасының мұржасы – әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын құбыр. Оның биіктігі – 419,7 метр. Ал кешеннің бір өзі Байқоңыр сияқты ірі ғарыш айлағы мен өзге де стратегиялық маңызды нысандарды қамтамасыз етуге қауқарлы. Мамандардың болжамына сенсек, Екібастұздағы көмірдің жалпы геологиялық қоры – шамамен 10 млрд тонна.