Инвестор үшін қолайлы ел
Инвестор үшін қолайлы ел
329
оқылды

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ел экономикасын аяққа тұрғызу оңай болған жоқ. Одақтық байланыс үзілген соң, әр республика өз күнін өзі көріп, тәуелсіз ел ретінде экономикалық байланыстарды жаңадан қалыптастыруы қажет еді. Ал оған ішкі ресурстар мүмкіндік бере қоймады. Мұндайда кез келген мемлекет әлемдік тәжірибе бойынша шетел капиталына иек артады. Бірақ сенің еліңе инвестиция құя салатын шетелдіктер ақылсыз емес. Оларды көндіруден бұрын сендіру маңызды. Себебі инвестор құйған ақшасын кейін еселеп қайтарып алатынына сенімді болуы қажет. Сондықтан шетелден инвестиция тарту саясаты 1991 жылы-ақ басталып кетті, бірінші кезекте Қазақстанда шетел капиталы үшін қолайлы ахуал қалыптастыруға басымдық берілді.

Ол үшін заңнамалық нормалар қабыл­дана бастады, инвестиция тартумен айналысатын мемлекеттік құрылымдар құрылды. Мәселен, 1991 жылы Шетел ин­вестициялары туралы заң, 1993 жылы Инвестициялық жекешелендіру қорлары жөніндегі ереже қабылданды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының шетел инвестициялары бойынша ұлттық агент­тігі, ал 1996 жылы Инвестициялар бо­йынша мемлекеттік комитет құрылды. Бір жылдан соң Қазақстан Республи­ка­сындағы инвестициялық қорлар туралы заң мен инвестициялық бағдарлама қа­был­данды. Бұл құжаттар елдегі инвести­циялық процесті басқарудың негізін қалады. Нәтижесінде, 1993-2001 жылдар аралығында біздің елге тартылған тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 16,98 млрд АҚШ долларын құрады. Бізге құйылған инвестиция көлемі Ресейден асып түсті. Мысалы, 1998 жылы жекелеген инвесторлар Ресей экономикасына 25,8 пайыз қаржы салса, Қазақстан нарығында ол көрсеткіш 65 пайызға жетті. Қазақ­станда инвестициялық ағымның жылдан- жылға көбеюінің басты себебін жаңа мұнай-газ кеніштерінің ашылуымен түсіндіруге болады. Жыл сайын елімізге келетін шетел инвестициясының 70 па­йызы тау-кен өндірісіне, оның ішінде мұнай-газ секторына жұмсалса, 10 пайыз­ға жуығы ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібінде игерілді. Астананың құрылыс-сәулет және өзге де экономи­ка­лық салаларына 20 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды. Сол жылдары елі­мізге инвестиция құйған елдердің бес­тігінде Нидерланд (580 млн АҚШ дол­лары), Корей (25,1 млн АҚШ доллары), Түркия (39 млн АҚШ доллары), Лих­тенш­тейн – (17 млн АҚШ доллары), Ұлы­британия (11,7 млн АҚШ доллары) тұрды.

Уақыт алға жылжыған сайын шетелден инвестиция тартудың тәсілін жетілдіру қажеттігі туындайды. Бұл орайда, 2017 жылы Қазақстанға инвестиция тартатын бірыңғай оператор құру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, инвестиция тарту міндеті Сыртқы істер министрлігіне беріліп, осы министрлік жанынан Kazakh Invest ұлттық компаниясы құрылды. Аталған компания инвестициялық жобаларды идеядан бастап іске асыруға дейін «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеудің толық қызметтер кешенін ұсына бастады. Компания инвестордың қажеттіліктерін зерделеп, ұсыныстар мен алдын ала кеңестер береді. Қызығушылық туындаған жағдайда, қажетті секторлар, мемлекеттік қолдау шаралары, әлеуетті жергілікті серіктестер және т.б. туралы толық ақпарат береді. Инвестициялық жобаларды бірлесіп дайындайды. Бұдан басқа, жедел әрекет ету және инвестор­ларды жан-жақты қолдау мақсатында Kazakh Invest тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы қызмет етеді.

Жалпы, соңғы үш жылда әлем эконо­микасындағы инвестиция 1,3 трлн дол­ларға азайған. Мұның себебін сарапшылар 2017 жылдың аяғында АҚШ-та жүргізіл­ген салық реформаларынан кейін АҚШ-тың трансұлттық кәсіпорындарының шетелде жинақталған пайдасының ірі көлемін елге қайтарып алуымен байла­нысты деп түсіндіреді.

Әлемдік инвестиция тарту саласында байқалған тағы бір тенденция – дамыған елдерге салынатын инвестиция 2004 жылдан бері 27 пайызға төмендеген. Ал дамушы елдерге құйылатын инвестиция, керісінше, 2 пайызға өскен. Мысалы, біздің елде 2018 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік тікелей инвестиция көлемі 15,8 пайызға көтерілді.

Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарушы директоры Арман Данаевтың айтуынша, 2019 жылдың қазан айының соңындағы дерек бойынша Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен 16,8 мың компания жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға көп.

– Биыл Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде 4-орынға жоғарылап, 55 елдің қатарына кірді. Ал институционалдық реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде біздің ел Дү­ние­жүзілік банктің іс жүргізу рейтингінде 190 елдің арасында 25-орынға ие болды. Соңғы 12 жылда Қазақстан бұл рейтингте 39-орынға көтерілді, – дейді басқарушы директор. Оның айтуынша, мұндай рей­тинг еліміздің инвестициялық тартым­ды­лығын арттыра түседі.

Осы тұста айта кетер тағы бір дерек, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында 320 млрд доллар шетел инвестициясын тарт­ты. Сол инвестицияның 80 пайызы соңғы он жылдың еншісіне тиесілі. Ал осы жыл­дың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвес­ти­ция көлемі 12,1 млрд долларды құрады. Былтыр да шетелдік инвесторлар тобын, әдеттегідей, Нидерланд бастады. Бұл ел жыл басынан бері 7,4 млрд доллар инвес­ти­ция құйды, екінші орында 5,3 млрд дол­лар құйған АҚШ тұр. Үштікті Швей­ца­рия (2,5 млрд доллар) тамамдайды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көшбас­шы ел, себебі аймаққа тартылған инвес­тиция­ның 70 пайызы біздің елге келіп жатыр, – деген Арман Данаев инвестор­дың инвес­тиция құю туралы шешім қа­былдауына ықпал ететін факторды атап берді. – Бі­рін­ші кезекте, инвестициялық климат ма­ңызды рөл атқарады. Ол – ин­вести­циялық тәуекелдің төменгі деңгейі, тұрақты құ­қықтық жағдай, аумақтың та­­биғи ресурс­тарға бай болуы, жұмыс күші, елдің негізгі қорлары, инфрақұ­ры­лымы мен ха­лықтың тұтынушылық сұранысы. Жағым­ды инвестклиматты қалыптастыруда заң­на­малық базалардың жетілдірілуі де маңыз­ға ие. Мысалы, соң­ғы жылдары елімізде «Астана» халықа­ра­лық қаржы орталығы туралы конститу­ция­лық заң, Кәсіпкерлік кодекс, Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану, Мемле­кеттік және жекеменшік әріптестік туралы заңдар қабылданды. Атал­ған заңнамалық база тікелей инвес­тицияға мемлекеттік қолдаудың барына, инвес­торлар үшін жеңілдіктер қарастырыл­ға­нына кепілдік береді. Сондай-ақ Қазақ­стан­ның шетелдермен қорғау туралы келі­сімі де маңызды рөл атқарады», – дейді ол.

2016 жылдан бері Қазақстанда инвес­тициялық даулар бойынша жеке сот өнді­рісі жұмыс істейді. Сонымен қатар «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығындағы Халықаралық арбитраж орталығы жұмы­сын бастады. Арбитражды орталығы шетелдік инвесторларға анағұрлым жақсы таныс ағылшын құқығының ереже­лері мен принциптерін қолданады, бұл сот жүйесіне деген сенімді арттырады және инвесторлар үшін тартымды жағдай жасауға көмектеседі. Инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал ететін, әрине адам ресурсы. Қазіргі таңда Қазақ­стан адам капиталын дамыту бойынша 31-орында тұр. Соның ішінде оқыту бойынша 157 елдің арасында 10-орында. Жоғары білікті адам капиталы елді әлемдік бизнесте тартымды етеді. Сосын біздің елде өндірілген өнімге сұраныстың болуы. Бұл орайда, Қазақстан өнімдеріне Қытай мен Ресей, Орталық Азия елде­рінен сұраныстың жоғары екенін айтуға болады. Мұның барлығы Қаза­қстан­ның бұдан кейін де инвестициялық тартым­дылығының жоғары болуына ықпал ететін фактор екені даусыз.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ