Кеше, 13 желтоқсанда Қазақстанның алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі, академик Сұлтан Сартаев өмірден өтті. Ол - 92 жаста еді.
Абыз ақсақалдың өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түскен емес. "Өмір деген алып күш, Тас бұғауды бұзатын" деген ғалым күресуден мойымаған емес. Алып тұлғаның дүниеден өтуі отбасы мен жақындарына ғана емес, бүкіл қазақ жұртына орны толмас қаза.«Сұлтан Сартайұлы отандық заң және құқықтану саласын дамытуға елеулі үлесін қосқан зерделі зерттеуші болатын. Ол мемлекет пен қоғам істеріне де белсене араласып, жауапты қызметтер атқарды. Үнемі азаматтық айқын ұстанымын танытып, қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысып, көптің сый-құрметіне бөленді», - деген көңіл айту жеделхатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Сұлтан Сартайұлының дүниеден өтуі туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. С.Сартаев Тәуелсіз Қазақстан Конституциясының негізін қалаушылардың бірі болды. Еліміз егемендік алған тұста отандық заңнаманың қалыптасуына, демократиялық құндылықтардың орнығуына мол еңбек сіңірді. Соңына жарқын із, өшпес мұра қалдырды», – деген жеделхатты Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдаған еді.
Ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Конституцияны, біздің 1990 жылдан бастап қабылдаған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен басталды. Жаңа Конституцияның жобасын жасамастан бұрын біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға байланысты еді. Қоғам көп ұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды" дейді Сұлтан Сартаев "Егемен Қазақстан" берген сұхбатында. Академиктің ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық және 30-ға жуық кандидаттық диссертация қорғалды.Ғалымның 490-нан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектері, соның ішінде 24 монография, 30 кітапша, ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары бар.
«Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен, өзге де наградалармен марапатталған.