Тілдің жайы сөз болды, Іске көшер кез келді
Тілдің жайы сөз болды, Іске көшер кез келді
257
оқылды

Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңе­сінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Қоғамдық кеңес жұмысына Мә­дениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі, Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің өкілдері, Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру әді­с­темелік орталығы, Ұлттық тес­тілеу орталығы өкілдері, КазТест жүйе­сінің дамыту басқармасы мен Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшылығы және т.б. қатысты.

Қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі негізгі 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының қызметі, мемлекеттік тілді бі­лік­тілік талаптарына сәйкес меңгеруі мін­детті кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін заңды түрде бекіту, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңындағы «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» деп аталатын 21-баптың орындалуы, мемлекеттік тіл­ді оқыту орталықтары жұмысының тиім­ділігі талқыға түсті. Отырыс барысында бейнебайланыс режимі арқылы облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ла­рындағы Miras аймақтық кеңесінің мүшелері, жергілікті тіл оқыту орталық­та­ры­ның партия аймақтық филиалдары­ның басшылықтарының есебі тыңдалды.

Кеңес отырысын кіріспе сөзімен ашқан Бекболат Тілеухан мемлекеттік тілді, мәдениет пен дәстүрді дамыту еліміздегі жетекші партияның стратегиялық басым­дықтарының бірі екенін атап өтті.

– Қазан айында Miras республикалық қоғамдық кеңесінің жаңа құрамымен алғашқы отырыс өтіп, кеңестің күн тәр­тібінде Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-19 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы мә­селе қаралды. Сол жиында Nur Otan пар­тиясы жанындағы Miras республикалық қоғам­дық кеңесінің мемлекеттік тіл мәсе­лесі бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының құ­рамына кіретін, олардың айналысатын мәселелерімен таныстыру. Алдағы уақытта біз мүмкіндігінше айына бір рет жиналып, жұмыс тобының қызметі аясында үш мәселені жеке қарастырамыз, – деді Бекболат Тілеухан.

Кеңестің күн тәртібіндегі мәселесі бойынша Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов баяндама жасады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сында Жаңа әліппені енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеріп, оны пы­сықтау керек екенін айта келе, қазақ тілін реформалаудың маңыздылығына тоқ­­талған болатын. Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі үш тіл саясатын үйлестіруші уәкілетті орган ретінде Мемлекеттік тілдің қолдану заңы аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра беретін болады. Министрлік 2019 жылғы 24 қазан күні Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында тіл саясатын жүзеге асыру жөнінде есеп беріп, 18 қараша күні мем­лекеттік тіл мәселесі бойынша жұ­мыс тобы мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда мемлекеттік тіл бағдар­ламадағы бірқатар индикаторлар мен көр­сеткіштердің орындалмау себептері тал­қыланып, жаңа мемлекеттік бағдарлама­ның мақсат-міндеттері, оның аясында жүзеге асырылуы көзделген іс-шаралар кешені жан-жақты қарастырылды, – деді Н.Мұратұлы.

Өз кезегінде қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл Заңның 23-бабында «мем­лекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандардың және лауа­зымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деп жазылғанын, осы бойынша арнайы тізім бекіту туралы ұсыныс жасалғанын айтты.

– Тілдер туралы заңға біз ұсынған өз­герістер мен толықтырулар енгізілсін деген жоба бойынша Үкіметтен қолдау тап­па­дық. Бұл мәселе кейінге қалып қойды. Алғашқы ұсыныс 1999 жылы жасалды. Бірақ орындалмады. Одан кейін 2001 және 2008 жылдары қайта көтерілді. Кейін «бұл мәселені жүзеге асыру әлі де ерте» деген жауап алдық. Ендігі кезекте Халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне осы тізім­ді жа­сату қажет және жұмыс тобының кеңе­сінде мұны қайта қарап шығуымыз керек, – деді Алдан Смайыл.

Жиында бейнебайланыс арқылы Батыс Қазақстан облыстық тілдерді да­мыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің қате жазылуы мен айтылуы жиі сынға ұшырап отырғандықтан БҚО Тілдер басқармасы жеке және ортақ кәсіп­керлермен бизнес субъектілермен бірге қызмет атқару жолын қарастырғанын ай­тып, жұмыс барысына қысқша тоқталды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасы бас­шысының орынбасары Сәкен Есіркеп тілді оқыту, ономастика, латын қарпіне көшу, деректемелерге, сыртқы жарнама мәселелеріне қатысты атқарылған іс-ша­раларды баяндады. Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Бақыт Шукеева лингвистикалық тіл оқыту орталығының жұмысы жайында айта келе, мемлекеттік тілді меңгертудің маңыз­дылығын сөз етті. Ол сонымен қатар Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесіне оқыту орталықтарының статусы мен беделін арттыру мәселесін басты назарға алу керегін жеткізді.

Бұл ретте Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова да жыл бойына ат­қарылған іс-шаралар жөнінде есеп берді. Атап айтқанда аталған оқыту ор­талығы жекешеленгенін, оқытушылар құрамының саны өскені де сөз болды. Әңгіме ара­сында ол қазақ тілін шетел­діктер мен қазақ­стан­дықтарға оқытудың жаңа тәсілін қол­дануды ұсынды. Сондай-ақ әр облысқа тіл сарайы салынса деген тілегін жеткізді.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің әр басқосуы сайын нақты істелген, жү­зеге асқан жұмыстарды көрсетейік деген ойын ортаға салды. Тілдің мәрте­бесін арттыру қажеттігін, жиындарда, оты­рыстарда қазақша сөйлеуді, қазақша баяндама жасауды талап ету қажет екенін, мемлекеттік тілге деген құрметті арттырудың маңызын әңгімеге арқау етті.

Miras қоғамдық кеңес мүшелері баян­дамадан соң ашық талқылауға, пікір алмасуға көшті. Басқосу соңында отырыс барысында талқыланған мәселелер мен жасалған ұсыныстардың барлығы да аяқсыз қалмай, партиямен бірлесе атқарылу арқылы жүзеге асатыны айтылды.