Обырға шалдыққан әйел көп
Обырға шалдыққан әйел көп
489
оқылды

Статистикалық мәлімет бойынша, елімізде күніне 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Жыл са­йын 1 800 әйел аталған дертке шал­дығып, 600-і аурудан көз жұмады. Ал осын­дай көрсеткішті азайту үшін бір­қатар шара жолға қойылған. Мәсе­лен,  30 жастан 70 жасқа дейінгі әйел­дер жатыр мойны обырына қар­сы скринингтен тегін өтеді. Онко­логиялық орталықтарда ашық есік күндері ұйымдастырылады.  Деген­мен дәрігерлердің айтуынша, қыз-келіншектер денсаулығына әлі де салғырт қарайды. Осы орайда,  вак­цинаның мүмкіндігі қандай?

Алматыда жатыр мойны обыры жиі кездеседі

Иә, мұндай шараның бірі Алматы онко­логиялық орталығында өтті. Орта­лық­тың онкогинекология бөлімінің мең­герушісі Райхан Өлмесханқызының ай­туынша, кез келген әйел жатыр мойны обырына шалдығуы мүмкін. Мәселен, 2020 жылы 145 әйелден обыр анықталып, 50 адам қайтыс болған. Республиканың әр өңірін алып қарағанда, Алматыда атал­ған ауру жиі кездеседі. Биыл өткен ашық есік күнінде тек­серілуге 54 әйел келген. Оның біреуінен обыр белгілері байқалған. 44-інен басқа да аурулар анықталып, 25-і ультра­дыбыстық тек­серуден өткен. Жалпы, Алматыда жа­тыр мойны обыры бойынша 2 131 әйел есепте тұрады. Соның ішінде 1 258-і 5 жылдан бері дертпен күресіп ке­леді. Сонда бұл ауру қайта меңдеуі мүмкін бе? «Әйел бастапқы сатыда симптомдарды бай­қамауы мүмкін. Әдетте олар жыныс жол­дарынан қан кету, іштің төменгі бө­лігінде, белде ауырсыну болатынын айтып шағымданады. Бірақ бұл белгілер обыр то­лыққанды пайда болғанын біл­діреді. Сол үшін әйелдерге скринингтен өтуге кеңес беремін. Өйткені мұндай тексеру түрі обыр­дың пайда болу ке­зеңінен, дамуынан хабар береді. Тіпті, обырға әкелуі мүмкін дейтін белгілерді де анықтайды. Сол үшін жыл сайын гине­кологке барса, обырды ерте сатысынан анықтауға мүмкіндік туа­ды. Жатыр мойны обыры анықталған жағ­дайда ем-шара жүргіземіз. Есепке алып, тексереміз. Иә, ауру қайталануы мүмкін. Мұндайды болдырмас үшін 3-6 айда бір рет міндетті тексерілуге шақырамыз», – дейді онко­гинеколог Райхан Өлмесханқызы.

Кейінге қалдыруға болмайды

Дәрігерлер онкологиялық аурудың ал­дын алудың екі жолы барын айтады. Біріншісі – саламатты өмір салтын ұс­тану, екіншісі – скринингтен өту. Осы орайда, ашық есік күнін ұйымдастырған орта­­лықтан шалғай ауылдардан тек­серілуге келгендерді сұрадық. Олардың айтуынша, арнайы іздеп келетіндер бар. Біразы басқа облыстан ат арылтып келеді. Көпшілігі тұрғылықты орнында тек­серілуге, құрал­дардың сапасына сын көзбен қарай­ды. Ал кейбірі ауру сатысы жоғарылаған соң кешенді ем қабылдауды қалайды. Мысалы, Алматы облыстық ауру­ханасы онкология бөлімінің меңгерушісі Естөре Қарғабаев БАҚ-қа берген сұх­батында шалғай аудандарда скрининг жүргізуге бағытталған колоректальды обырды ерте анықтау үшін пайдаланатын видео­колоноскоп құрылғысы жоғын айтқан.  Одан кейінгі мәселе – адам­дардың сел­қостығы. Мәселен, аталған бөлімге Талғар мен Қарасай сияқты жа­қын аудандардан тексерілуге аз адам келеді. Облыстағы обыр­мен күресетін жалғыз аурухана бол­ғандықтан, кейбір аудан тұрғындары үшін алыс. Сондықтан  олар скрининг жасап, тексеру үшін аудан аралайды. Ал ауыл-аймаққа келсек, учаскелік дәрігерлер тексеруден өту керегін айту­дай-ақ айтады. Бірақ күйбең тіршілік оларға бір сәт бас көтеруге мүмкіндік бермей жатады. Дегенмен төтенше жағ­дай кезінде үйде отырған жұрт ден­саулығына көңіл бөлуді үйренген. Түрлі онлайн курс алып, қала­дағы дәрігердің қабылдауына қашықтан жазылған. Мысалы, гинеколог Сымбат Нұр­қожа­қызы онлайн қабылдауға жа­зылатын әйел­дердің көбейгенін айтады. Әсіресе, елді мекенде тұратын әйелдерге бақсы-бал­гердің емес, дәрігердің емі маңызды екенін түсіндіруге тырысады екен. Алайда дәрігер әйелдердің әлі де ден­саулығына салғырт қарайтынын, уақытын­да етек­кірдің келмеуін, арасында жыныс жол­дарынан қан кетуін қалыпты қабыл­дайты­нын атап өтті. Оның айтуынша, мұ­ның бәрі – дабыл. Денсаулыққа салым салу – ұтылмайтын бизнес. Байқауымызша, өңір тұрғындарының тексерілуге бармауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аурудан келер қатерді толық білмейді. Яғни, ақпарат аз. Екін­шіден, «тегін өтеді» дейтін хабарламадан қашатындар бар. Олар күмәнмен қарап, бойын аулақ салуға тырысады. Үшін­ші­ден, бейқамдық. Мысалы, ауылға көшпелі тексеру машиналары келетіні мәлім. Сонда учаскелік дәрігерлер ауыл тұрғын­дарына хабарлайды. Адамдар бар­ғанымен, тексеруден өтуге түрлі кедер­гі кездесуі мүмкін. Мәселен, «іш құ­рылысыңызды тазалап келіңіз, ертең қа­был­даймыз» десе, ертесі тексерілуге бар­­май­ды. Ауылда тұратын мұғалімнің де, ша­руаның да әрекеті осы. Демек, ден­саулықтың өзі үшін маңызын, тексерудің құнын жете білмейді. Сайып келгенде, «жамандық көрсем – өзімнен, жақсылық көрсем – өзімненнің» кері.

Вакцина егу қашан басталады?

Жалпы, жатыр мойны обырын емдеу үшін хирургиялық ем, сәулемен емдеу, химиотерапия, қабаттастырылған ем мен құрама ем жүргізіледі. Мұндай ем алмай, аурудың алдын аламын десеңіз, вакцина мен скринингтің көмегіне жү­гінесіз. Айта кетерлігі, жатыр мойны обыры – вакциналау мен скринингтің кө­мегімен алдын алуға және бақылауға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі. Мысалы, Аустралия 2018 жылы вакцинаның кө­мегімен жатыр мойны обырын жеңгенін хабарлады. Ал мұндай вакцина түрі бізге қашан енгізіледі? 2020 жылы жатыр мойны обырына қарсы вакциналау Денсаулық сақтау кодексіне енгізілді. Вакцинаны ерікті түр­де немесе ата-ананың рұқсатымен егеді. Жоғарыдағы сұрағымызға онко­логиялық орталық қызметкерлері толық­тай жауап берді. Олардың айтуынша, қазір елімізде мұндай вакцина түрі жоқ. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚазҰҒЗИ вакцина шығаратын ком­паниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. «2022-2023 жылдары елі­мізде қыздарға тегін вакцина салу басталуы мүмкін»,– дейді мамандар. Ал аталған вакцинаның жас мөлшері қандай? Мәселен, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы мұндай вакцинаны 26 жасқа дейінгі әйелдерге салуға кеңес береді. Бір­қатар мамандар жасөспірім қыздарға салу керегін, бұл аурудың алдын алуға көмек­тесетінін айтады. Ерекшелігі, әйелдерге вакцина егудің алдында оларда  папиллома вирусының бар-жоғын анықтап алу қажет. Вирус түрі жоқ болса, егу жұмысын жал­ғастыруға болады. «Егер бұл вакцинаны егуді бастасақ, біраз адамды аман алып қалар едік. Вакциналау жайын 2010 жылы көтер­генімізбен, министрлік шетке ысырып жүрді. Сөйтіп жүргенде арада 10 жыл өтті. 10 жылдың ішінде қаншама әйел жатыр мойны обырынан көз жұмды?! Егер екпені егу кодекс бойынша бекітілсе, 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға екпе егуді жоспарлап отырмыз» деген еді медицина ғылымдарының профессоры Сәкен Әміреұлы.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ