Банкирлер актер секілді: қажет кезде өтірік жылай алады. Ұлттық банктің күрделі тілмен баяндалған байламын қарапайым адамдардың осы сөзімен түйіндеуге болады. Ел тарихында тұңғыш рет жүргізілген банктерді жаппай тексерудің алғашқы қорытындысы жарияланды. Ол банктер сұратқан жүздеген миллиард қаржы оларға қажет еместігін көрсеткен.
Қаржылық реттеуші Қазақстанның банк секторы активтерінің сапасын бағалаудың (Asset quality review, AQR) аяқталғанын мәлімдеді.
– Ел Президентінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, Ұлттық банк биылғы 8 ай бойы банк секторы активтерінің сапасын бағалауды ұйымдастырды. Бұл ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған бағдарлама. Ол банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы ақпараттың сапасын жақсартып, білімімізді тереңдетті. Бағалау банк активтерінің жалпы көлемінің 87%-ын және несие портфелінің 90%-ын иеленген ірі 14 банкке жүргізілді. Банк секторының жай-күйі Еуропа Орталық банкінің әдіснамасына сәйкес зерделенді, – деді Ерболат Досаевтың ұжымы.
AQR қорытындысы бойынша есеп дайындалды. Ол активтер сапасын жүйелі деңгейде бағалау нәтижелерінен ғана емес, сондай-ақ алда қолға алынатын іс-қимылдардың тізбесінен тұрады.
– AQR нәтижелері анықтағандай, 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша барлық қатысушы банктерде жалпы алғанда капитал тапшылығы байқалмайды. Соның ішінде k1 және k2 нормативтері жүйелі негізде әрі артығымен орындалуда. Қазіргі кезде активтер сапасын бағалаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелері, қаржылық және реттеушілік есептерді қалыптастыру қорытындысында әр банк Ұлттық банк берген ұсынымдарды негізге ала отырып, өзінің жеке, егжей-тегжейлі шаралары жоспарын әзірлейді, – деп хабарлады қаржылық реттеуші.
Ізінше банктердің әрқайсысы төл жоспарын реттеуші органның мақұлдауына жібереді. Айта кету керек, келесі жылдан бастап барлық банк Ұлттық банктің қанатының астынан кетеді. Енді оларды түңлігін жаңадан түрген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жатқызып-өргізетін болады. Жаңа меморганның тізгіні Мәдина Әбілқасымоваға берілген.
14 банктің активін жақсарту жоспарын мақұлдау процесі 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. Келісімнен өткен соң ол құжаттағы шаралардың орындалуын реттеуші «қатаң қадағалайтын болады».
AQR-дің екінші кезеңі аясында әр банкпен бірге жүргізілген жеке жұмыстың қорытындысын Ұлттық банк 2020 жылғы 28 ақпанда жария етпек. Нәтижесінде, «тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіруге және банктердегі бизнес процестерді жақсартуға бағытталған жүйелі шаралар қолға алынады». Осылайша, Үкімет дүркін-дүркін «дағдарыстан құтылуға» бюджет пен Ұлттық қордан қыруар қаржы алып, елге масыл бола беретін отандық банк секторын сауықтыруға шындап кіріскендей.
Ерік ЕРДЕНОВ