Ұшқыштар Fokker 100-ді «жапыраққа» теңейді екен: себебі қанатын кере, жерден көтерілгенде жел ұшырған жапырақтай қалтырайды, ал ұшқыштарға ә дегеннен турбуленттілікпен күресуге тура келеді. Бұл жайында атағы енді бүкіл әлемге жайылған отандық атышулы әуетасымалдаушысының баспасөз конференциясында айтылды.
Алматы маңындағы ұшақ апатынан кейін Bek Air мәселесі «Үкімет үйінде» де сөз болды. Вице-премьер Роман Склярдің байламынша, әуекомпаниясы биліктің және бизнес қауымдастықтардың түрлі деңгейіндегі тегеурінді лоббистерін тарта отырып, IOSA сертификатының абыройын төгуге тырысыпты. Өйткені осы халықаралық құжат жалғыз сонда ғана болмаған, демек, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес онсыз ұшуға құқы жоқ. Бұл ретте тиісті сынақтан өтіп, осы рұқсат түріне ие болу орнына Bek Air оның Қазақстанға еш қажеті жоқтығын дәлелдеуге күш салыпты.
– Халықаралық тасымалдаумен айналысатын барлық авиакомпанияларымыз IOSA сертификатын алған. Бұл талап ішкі бағдарлар үшін де қажет еді. Алайда 2016 жылы БАҚ-та оған қарсы қуатты науқан басталды. Бұларды бірқатар депутаттар қолдады. Олар ішкі рейстерді орындайтын әуетасымалдаушыларына халықаралық қосымша талаптардың қажет емесін дәлелдеді. Азаматтық авиация комитеті IOSA талабын сыртқы емес, сондай-ақ ішкі тасымалдауға да тарату үшін тиісті қаулыны енгізгенде, мұны қосымша сақтандыру шарасы ретінде қарастырды. Жалпы, авиацияда қауіпсіздік тұрғысынан ештеңе де артық болмайды. Соған қарамастан Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бұл кәсіпкерлердің құқын бұзады деген ұйғарым жасады. Нәтижесінде, министрлік ішкі бағдарлар үшін халықаралық сертификат талабынан бас тартуға мәжбүр болды, – дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Авиакомпания мұнымен тоқтамапты: «Bek Air осы жылдар бойы әртүрлі деңгейдегі лоббистерін қатыстыра отырып, халықаралық тасымалды да жүзеге асыра алуы үшін IOSA сертификаты туралы талапты түбегейлі жойғызуға әлденеше рет талаптанды. Бірақ министрлік бұған көнбеді. Барлық қысымға шыдады», – деді Р.Скляр.
Оның мәліметінше, Bek Air келесі жылдың қаңтарына дейін 19 мыңға жуық билет сатып үлгеріпті. Алматы жақтағы ұшақ апатынан кейін аталған әуетасымалдаушының қызметі уақытша тоқтатылды. Клиенттері шамамен 9 мыңдай билетін кері өткізген немесе басқа авиакомпания рейстеріне ауыстырды.
Айтпақшы, қарсы тараптың ұстанымы сол бойы өзгермепті. «Біз Батыстың айтқанына көніп, айдауына жүргіміз келмейді», «Біле білсеңіз, IATA (Халықаралық әуекөлігі қауымдастығы) о баста билет сату үшін құрылған», «Неге бір сұрақты қайта-қайта қоя бересіздер, саналарыңыз жетпесе, интернеттен қарап, сауат ашып алыңыздар» деп баспасөз мәслихаты кезінде Bek Air басшылығы сыпайылық пен сабырды ысырып тастап, қызбалыққа берілді.
– Біз сертификатқа қатысты билікпен 2016 жылы әңгімелескенбіз. Халықаралық сертификаттауға ешкім де қарсы емес. Бірақ басты сертификат мемлекеттен болуы тиіс. Ал кейбір лауазымды тұлғалар IATA секілді үкіметтік емес ұйымның талабын мемлекеттік құжатқа енгізіп, ел ішіне таратуға талаптанды. IATA – әуетасымалдаушының халықаралық ұйымы. Егер мемлекет оның стандартын қабылдағысы келсе, заңнамаға жазсын. Бірақ ҮЕҰ стандартын тікелей тараптпақ болды. Олай болмайды. «Біз әлемдегі миллиондаған үкіметтік емес ұйымның талабына бағына берсек, тәуелсіздігіміз қайда?» – деді Bek Air компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов.
Бұған қарсылық білдірген ақпарат құралдарының өкілдері Халықаралық әуекөлігі қауымдастығының талаптарын барлық дамыған елдер мойындайтынын алға тартты.
– Біз халықаралық сертификаттаудан өткен жоқпыз. Тек биыл мемлекеттік ішкі сертификаттаудан өттік. Оған Азаматтық авиация комитеті басшысының сол кездегі орынбасары Тоты Әмірова қол қойды. Ол өз ісінің майталманы. Әрине, IATA – халықаралық ұйым, ол бүкіл әлем бойынша жұмыс істейді. «Қазақстан авиация әкімшілігінің» басшысы Питер Гриффитстің өзі IAIA билет сату үшін құрылғанын айтты. Ол шын айтады. Біз батыстық ұйымның айтқанына көнгіміз келмейді. Тек өз мемлекетіміздің талаптарына ғана бағынуға бармыз. Bek Air-де бар Азаматтық әуекемелерiн пайдаланушының сертификаты оған кез келген жерде ұшуына мүмкіндік береді, – деп бой бермеді компания басшысы.
Bek Air жетекшілері қайғылы оқиғаға жолдан кесе-көлденең тұрған баспана иесін айыптайтыны аңғарылып қалды. Осы орайда, тілшілер ұшақ құлатқан екі қабатты тұрғын үй қожайынына әуекомпаниясы өтемақы төлейтін-төлемейтінін сұрасты. Себебі ол адамның әзірге жаңа тұрғызған баспанасына құжаттары жоқ.
– Біз коттедж иесіне міндетті түрде өтемақы төлейміз. Алайда ол үйінің құжаттарын ұсынуы шарт. Жалпы, әуежай қоршауының артында, 10-12 метр ғана қашықта үй салуға кім рұқсат еткен?! Түсініңіздер, ұшақ үймен соғылу үшін жобаланбайды. Егер қабырғаға соғылса да шыдасын деп жобаланатын болса, ол ұшақ емес, танк болар еді. Ұшақ шассисіз де, жұмыс істейтін қозғалтқышымен де қона алады. Ал кірпіштен өрілген ірі ғимаратқа соғылғанда сау қала алмайды. Ол жерде ондай нысан орналаспауы керек еді. Ұшақ коттеджге жолықпағанда, фюзеляжі бүтін, адамдар аман болатын еді. Бейнежазбаны көрдім, ұшақ үйге соғылғанша бүтін болған, – деген ойда Нұрлан Жұмасұлтанов.
Өз кезегінде Әділет министрлігі Bek Air құрылтайшылары мен басшылары бірнеше рет ауысқанын мәлім етті.
«Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне сәйкес, Bek Air 2011 жылғы 12 мамырда тіркелген. Құрылтайшысы Сәкен Жарқымбаев болды. 2017 жылғы 18 сәуірде құрылтайшысы өзгеріп, Дамир Шүленбаевтың қолына көшуіне байланысты қайта тіркеуден өтті. Ал басшылығы үш рет ауыстырылған: 2013 жылы – А.Жұмасұлтанова, 2016 жылы – Д.Жұмасұлтанова, 2019 жылы Р.Бияхметов болды», – деп хабарлады әділет ведомствосы. Bek Air басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов бұдан бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Авиациялық оқиғалар мен оқыс жағдайларды тергеу басқармасын басқарған.
Елдос СЕНБАЙ