Қазақстандағы бесінші олигарх: Алиджан Ибрагимов кім еді?
Қазақстандағы бесінші олигарх: Алиджан Ибрагимов кім еді?
421
оқылды
Ол 1953 жылы 5 маусымда Өзбек КСР-де дүниеге келген. Қырғызстанға көшкеннен кейін ол Чуй райзаготконторының жұмысшысы болды. Оның алты ұлы бар. Кейін Қазақстан азаматтығын алған. Алиджан Ибрагимов 1974 жылы Мәскеу ветеринарлық академиясын «Өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен саудасын ұйымдастыру экономикасы» мамандығы бойынша тәмамдады. Бірқатар жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының экономисі және басшысы болып жұмыс істеді. «Невада-Семей» АҚ бас директоры, басқарма төрағасы, кейін президенті болды. 1995-2000 жылдар аралығында Еуразиялық банк директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2001-2007 жылдары Қазақстанның тау-кен металлургия саласының флагмандарын біріктірген Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық президиумының мүшесі болды, ал 2002-2007 жылдар аралығында «Қазхром «ТҰК» АҚ-ны басқарды. «Қазақстан алюминийі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Ол мото және автомобиль жарыстарына қызыққан

Бизнесмен жас кезінде мото және автомобиль жарыстарын жақсы көрген. Өзінің БАҚ-қа берген сұхбаттарында бірнеше рет ауыр жарақат алғанын айтқан. Алиджан Ибрагимов Алматы облысында Sokol автодромының құрылысын қаржыландырды. Forbes-тің мәліметінше, спорттық-жаттығу кешенінің құрылысына кемінде 40 млн. доллар жұмсалған, кешен 205 гектар аумақты алып жатыр және онда 100 мыңнан астам адам сыйып кетеді. Sokol кешенінің базасында балалар мен жасөспірімдер спорт клубтарының тұтас желісін, картинг және автомотоспорттың басқа да түрлері бойынша секциялар, жүргізуші шеберлігі мектебі ашылған. Мұнда авто және мотоцикл жарыстары, дрейф, багги және тағы басқа түрлі жарыстар өткізіледі. Автодромды Алиджан Ибрагимовтың ұлдары басқарады.

Байлығы бойынша Қазақстандағы бесінші, әлемдегі 1008-орындағы бизнесмен

Forbes журналының желтоқсанда шығарған «Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесмен - 2020» рейтингінде бесінші орынға тұрақтаған. Ал 2019 жылы Forbes миллиардерлерінің жаһандық тізіміне еніп, 1008 орыннан көрінді. Алиджан Ибрагимов бұл тізімге 2005 жылдан бастап кірген, ол кезде байлығы 1 млрд доллар болған. Миллиардердің ең көп капиталы 2011 жылы тіркелген – 3,7 млрд доллар. Журналдың мәліметінше, 2020 жылы бизнесменнің байлығы 2,3 миллиард доллар болған. Бизнесмен International Mineral Resources II B.V. (IMR) акцияларының 33,3%-на, «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ-ның (Еуразиялық банк, «Еуразия» СҚ) 33%-на, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ («Боралдай әуежайы» ЖШС, «Альтаир Эйр» ЖШС – ангарлар мен жерді жалға алу, «Жайлау» гольф-клубы») және сумен жабдықтау, электр энергиясын өндіру, сауда және кеңсе үй-жайларын жалға алу, авиациялық-техникалық кешен, көтерме сауда салаларында жұмыс істейтін кемінде 17 ұйымды бақылайтын «Еуразиялық өндірістік компаниясының» АҚ 33%-на иелік етті. Алиджан Ибрагимов 2015 жылдың маусымынан 2017 жылдың мамырына дейін Қырғыз Республикасындағы екінші ірі алтын кен орны – Джеруй жобасының 40%-ін басқарды.

«Еуразиялық үштік» қалай бірікті?

1971 жылы Алиджан Ибрагимов досының үйлену тойында бүгінге дейін бизнестегі серіктесі болған Александр Машкевичпен танысқан. Машкевичпен жаңа таныстығы бірлескен сауда бизнесін құруға дейін барады. Кейін оларға Патох Шодиев қосылды. 1989 жылы олар Қазақстанда бизнесін бастайды, ал 1994 жылы «Еуразиялық үштік» ағайынды Черныхтардың Transworld Group-пен серіктес болады. Серіктестер «Айведон» компаниясымен бірге Еуразиялық банкті құрды. Олар өздігінен жергілікті түсті металлургия, көмір, темір және полиметалл кен орындарын жинай бастайды. Үш жылдан кейін Transworld салық төлемегені үшін айыпталып, Қазақстаннан қуылды, ал оның серіктестері қазақстандық активтердің толық құқықты иеленушіге айналды.

Қазақстан үкіметімен бірге Eurasian Resources Group компаниясының үлескері болды

Алиджан Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 20,7%-ін басқарды. Компания акциясының 40%-іне Қазақстан үкіметі, 18,6%-ін Патох Шадиев ие. ERG 1990 жылдардың ортасынын бастап Қазақстандағы табиғи ресурстарға инвестиция сала бастады. ERG – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдегі жетекші әрі әртараптанған (энергетика, транспорт, маркетинг) компаниялардың бірі.  Компания әлемнің 15 елінде жұмыс істейді және осы саладағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. 2019 жылы Eurasian Resources Group Қазақстандағы бизнесінің 25 жылдығын атап өтті. Сонымен бірге ол – хром мөлшері бойынша жоғары көміртекті феррохром өндірісінде әлем көшбасшысы, Қазақстандағы жоғары маркалы алюминийдің жалғыз өндірушісі, Еуразиядағы темір кені мен алюминий, мыс пен кобальттың негізгі жеткізушілерінің бірі. ERG компаниясының Конго Демократиялық Республикасында кобальт кен орындары бар. Компанияның Оңтүстік Африка Республикасында, Зимбабведе, Малиде және Мозамбикте көмір, марганец, боксит, платина және флюорит кен орындарын игеру бойынша бірқатар жобасы бар. 2017 жылы маусымда және 2018 жылы наурызда ERG-дің негізгі кредиторларының бірі Сбербанкпен және ВТБ Банкімен 2020 жылға дейінгі кредит келісімін кезекті рет ұзартты. 2018 жылы ERG өкілдері компания өзінің борыштық портфелін Сбербанк пен ВТБ-да сақтап, экспорт алдындағы соңғы қаржыландырумен белсенді түрде ынтымақтасады деп мәлімдеді. Сонымен бірге ERG компаниясы «Аналар үйі» жобасының қатысушысы.

«Еуразиялық банкі» АҚ 33,3% акциясын басқарды

Forbes жасаған «Қазақстан банктерінің рейтингі – 2020» рейтингінде «Еуразиялық банкі» АҚ 15-орында тұр. Банк акцияларының 100%-і «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ-ға тиесілі. Ал ол компанияның негізгі бенефициарлары – Алиджан Ибрагимов (33,3%), Александр Машкевич (33,3%) және Патох Шодиев (33,3%). 2019 жылдың қорытындысы бойынша Еуразиялық банктің активтері 1,06 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ке аз. 2019 жылы банктің таза пайдасы 6,2 млрд теңге болса, 2018 жылы 11,45 млрд теңге болған.

Алиджан Ибрагимов – меценат

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. III дәрежелі «Парасат» және «Барыс» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ бизнесті дамытуға және меценаттыққа қосқан елеулі үлесі үшін басқа елдердің қоғамдық ұйымдарының үкіметтік наградалары мен ордендерін алған. 2020 жылдың маусымында Алиджан Ибрагимов COVID-19-бен күреске қосқан үлесі үшін марапатталды. Ол «Жаңа Павлодар» қоғамдық қорына 100 миллион теңге көлемінде қайырымдылық жасаған ірі бизнестің алғашқы өкілі болды. Директорлар кеңесінің мүшесі бұл соманы Алматы қорына жіберді. 2010 жылы қазақстандық актриса Венера Нығматулинамен бірге «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміне продюсерлік етті. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының көбі олигархты Бельгияда коронавирустан қайтыс болды деп хабарлады. Кей деректер миллиардердің жүрек дертінен көз жұмғанын жазған.