2021 жылы қанша адам әскерге шақырылады: Қорғаныс министрлігі жауап берді
2021 жылы қанша адам әскерге шақырылады: Қорғаныс министрлігі жауап берді
828
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару және азаматтарды 2021 жылдың наурыз–шілдесінде және қыркүйек–желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құрылымадырына мерзімді әскери қызметке қанша адам шақырылады? Былтыр шақырылғандардың жасы мен білімі қандай? Әскерге шақырылған азаматтар қалай іріктеледі? 40 күндік әскери даярлық пен бір жылдық әскердің қандай айырмашылығы бар? Aikyn.kz-тің сауалдарына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жауап берді. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құрылымадырына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылады. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған. Оларды іріктеу кезінде медициналық комиссиядан 194 мыңға жуық адам өткен. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың көбі – 19 жастағы азаматтар (10900 адам). Сонымен бірге 9800-і 18 жаста, 6800-і 20 жаста, 6500-і 21 жас және одан үлкен жастағы азаматтар шақырылған. әскер 2020 жылы әскерге шақырылғандардың көбінің орта (15200 адам) және орта-арнайы (16800 адам) білімі бар. Сонымен бірге 1300 адамның жоғары білімі болса, 700-ден астам азаматтың білімі толық болмаған. әскер білімі Әскерге шақырылған азаматтар қалай іріктеледі? Әскери оқу-жаттығу бөлімдеріне кандидаттарды іріктеу кезінде олардың әскерге шақырылғанға дейін оқыған мамандықтары ескеріледі. ҚР Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде азаматтардың мамандығы, денсаулық жағдайы ескеріліп, әскери салаларға мынадай тәртіппен іріктеледі: 1) Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылады; 2) десант-шабуылдау әскерлерін жасақтау үшін әскерге шақырылғандарды іріктеу жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар, дене бітімі жақсы дамыған, бірінші кезекте парашютші спортшылар қатарынан жүзеге асырылады; 3) зымыран, авиация, танк техникасын және радиотехника аппаратурасын шығарумен байланысты ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтар аталған әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі; 4) жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша жіберіледі; 5) математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар радиотехника, зенит-зымыраны бөлімдеріне, Қарулы Күштері барлық түрлерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының байланыс бөлімдеріне жіберіледі; 6) ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиация, зенит-зымыраны бөлімдеріне және азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне, Ұлттық ұланға жіберіледі; 7) медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген әскерге шақырылғандар ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына кіші медицина маманы лауазымдарына жіберіледі; 8) сарбаздар қатарынан сержанттарды, кіші мамандарды даярлауға арналған оқу-жаттығу бөлімдері мен мектептерге кемінде жалпы орта білімнен төмен емес білімі және жоғары мораль қасиеттері бар әскерге шақырылғандар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі. Әскерге барудан жалтарғандарға қандай шара қолданылады? ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаса, әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтарға мына жазалардың бірі қолданылады:
  • 1000 айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады;
  • түзеу жұмыстарына немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жіберіледі;
  • бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі немесе бас бостандығынан айырылады.
Қазақстан азаматы өзінің денсаулығына зиян келтіріп, «аурумын» деп өтірік айтса немесе жалған құжат жасап, өзге де алдау арқылы жасаған іс-әрекеті үшін:
  • 3000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады;
  • түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады;
  • 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады.
Тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақырылған адам әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Кімдер әскери борышынан босатылады?
  • Бейбіт кезеңде әскери қызметке денсаулық жағдайына байланысты өтпей қалғандар;
  • Әскери қызметті өтеу кезінде міндетін орындау барысында туыстарының бірі көз жұмса немесе мүгедек (бірінші және екінші топтағы) болса;
  • Әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер;
  • Ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
  • Діни бірлестіктердегі дін қызметкерлері;
  • Әскери жиындардан қорғанысты, қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз етумен байланысты лауазымдарда мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер;
  • Мемлекеттік, азаматтық және эксперимент авиациясының қызметкерлері;
  • Егін егу мен астық орағы науқанында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер;
Сонымен бірге, оқу жылы кезеңінде күндізгі оқыту режиміндегі білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері; күндізгі оқу тәртібінде білім алып жатқандар; әскери міндетті әйелдер; 18 жасқа дейін үш немесе одан көп балалары барлар; алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық ісі сотпен қаралып жатқан адамдар; ҚР Парламентінің немесе жергілікті өкілдік органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды. Осыдан бір жыл бұрын ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев азаматтардың әскерге алынуына жиі кедергі болатын ауру түрлерін атады. - Денсаулық жағдайы, әскери қызметке қатысы жоқ ауру түрлері бойынша мерзімді әскери қызметке жарамсыз деп танылатын адамдардың нозологиясы құрылымында психика мен мінез-құлық ауытқуы бірінші орында – 25,4%. Екінші орында қанайналым және жүйке жүйесі аурулары, әрқайсы 12,7%-тен, үшінші орында зәршығару, жыныс жүйелері мен асқорыту органдары ауруы, 10,4%-тен, – деді Қорғаныс вице-министрі. Оның айтуынша, психика мен мінез-құлық ауытқуының негізгі себебі – «бейімделудің бұзылуы» деген диагноз, оның симптомдары әдепкі жағдайдың күрт әрі күйзеліс туғыза өзгеруіне және қолайсыз оқиғаларға тұрақты жағымсыз реакция білдіру түрінде байқалады. 40 күндік әскери даярлықтан кімдер өте алады? 2013 жылдың наурызынан бері түрлі себеппен әскерге бара алмаған азаматтар әскери-техникалық мектепте оқып, 40 күннің ішінде әскери билет алуына мүмкіндігі бар. Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің 15 филиалында әскери резерв даярлау бағдарламасын ақылы негізде оқи алады. Ақылы негіздегі әскери қызметтен 24-27 жас аралығындағы, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамды немесе жарамдылығы шектеулі, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар өте алады. Egov.kz порталының ақпараты бойынша, 40 күндік әскери оқу құны - 263 318 теңге. Бұл қаржы сарбаздарды жазғы және қысқы әскери киімдермен, азық-түлікпен қам­туға және жексенбі күндері мон­шаға апа­ру сияқты қажет шараларға жұмсалады. Мерзімін кейінге қалдыру себептері: отбасы жағдайлары бойынша; білімін жалғастыру жағдайында; денсаулық жағдайы бойынша; басқа да себептер бойынша. Айта кетейік, бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, сонымен бірге оларға қатысты сотқа дейінгі өндірістер қозғалған шақырылушылар мен әскери міндеттілер оқуға жіберілмейді. Жоғары оқу орнында білім алып жатқанына байланысты әскерге бару уақытын кейінге шегерген Жанболат Кенжеғұл да 40 күндік әскерге барып келген. Оның айтуынша, бір жылдық әскер мен 40 күндік әскери оқудың айырмашылығы мерзімінде ғана. [caption id="attachment_109778" align="alignleft" width="282"]Жанболат Кенжеғұл Жанболат Кенжеғұл. Фото жеке архивінен[/caption] – Әлбетте, уақыт айырмашылығы сарбаздардың сапасына да ықпал етері анық. Дегенмен менімен бірге барған жігіттердің бәрі жұмысбасты, қызметтегі азаматтар еді. Көбінің жоғары білімі бар. Сондықтан олар үшін әскери саланың қыр-сырын игеру қиын болған жоқ. Екі жақта да оқытылатын пәндер мен оқу-жаттығу жиыны бірдей. Бастысы – әскери резервке арнайы білімі бар сарбаздарды дайындайтын оқытушылар құрамы мықты болса болғаны. Офицерлердің сөзіне сенсек, біз бір жыл бойы әскерде жүрген сарбаздарға қарағанда АК-74 қаруынан көбірек оқ аттық. Арнайы пәндер бойынша да қойылған талап қатаң болды. Оқу аяқталған соң «Атқыш» мамандығын игергеніміз туралы сертификатпен қатар, әскери билет алып шықтық, – дейді Жанболат Кенжеғұл. Қазақстанда әскерге шақыру науқаны пандемияға байланысты қалай өзгерді? Медицина комиссиясының құрамына инфекционист дәрігер қосылады. Инфекционист дәрігер әскерге шақырылған азаматтарда коронавирустың қандай да бір белгілері бар-жоғын және ауырған адаммен байланыста болғанын, не болмағанын анықтайды. Дәрігер вирустың белгісін байқаған жағдайда медицина комиссиясынан өткізбейді. Бәрінің дене қызуы өлшеніп, қашықтық пен бетперде тағу режимі сақталады. Жас сарбаздар әскерге аттанар алдында коронавирусты анықтайтын тест жасатады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сарбаздарды шығарып салуға байланысты салтанатты іс-шаралар да уақытша тоқтатылды. Ата-аналардың баласымен кездесуіне қысқа уақыт беріледі.