Аймақтарда Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүшелерінің сайлаушылармен кездесулері басталды. Сапар барысында Парламент мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың басымдықтары мен барысы туралы әңгімелеп, олардың заңнамалық жұмыстары туралы баяндайды. Депутаттар сондай-ақ жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдап, барлық сауалдарға жауап береді.
Халық қалаулылары әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне, атап айтқанда атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге баса назар аударады. Аймақтардағы жұмысы аясында Мәжіліс депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездеседі. Депутаттар тек облыс және аудан орталықтарына ғана емес, шалғайдағы елді мекендерге де баруды жоспарлап отыр.
Іс-шараның алғашқы күні Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина және Александр Суслов Тереңкөл ауданындағы Песчаное ауылының тұрғындарымен кездесті, ал Нұржан Әшімбетов пен Мейрам Пішембаев «Абай» ЖШС өндірістік цехының бір күндік жұмысымен танысып, қызметкерлермен жолықты.
Шара барысында депутаттар елордадағы бірқатар нысанды аралады. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова мен депутат Михаил Чирков Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрының ұжымымен кездесті. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсова мен Татьяна Яковлева «Эндохирургия клиникасы» елордалық бастауыш партия ұйымының өкілдерімен жүздесті. Ал халық қалаулылары Светлана Бычкова мен Қанат Мусин Оқушылар сарайына барып, ондағы қызметкерлермен кездесу өткізді.
Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Сапар Ахметов, Павел Казанцев және Жәмила Нұрманбетова сайлаушылармен кездесулер аясында «Астана-Теплотранзит» метрополитен кәсіпорнында болып, еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен танысты. Ұжыммен әңгіме кезінде мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін жүзеге асыруды талқылады, сондай-ақ олардың ағымдағы Парламент сессиясындағы заңнамалық қызметі туралы айтты.
Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов қылмыстық заңға, мас күйінде көлік жүргізу, зорлау және педофилия үшін жауапкершіліктің қатаңдағаны туралы хабарлады. Ал депутат Жәмила Нұрманбетова әлеуметтік саладағы жаңалықтарды сөз етті. Әсіресе, мұғалімнің мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше тоқталды. Содан соң кәсіпорынның жұмысымен және оның даму перспективаларымен танысып, тарифтер мен ескірген жылу жүйелерін құру мәселелерін талқылады.
«Астана-Теплотранзит» АҚ Басқарма төрағасы Василий Куриско елордадағы жылу тарифінің жайын баяндады.
– Жылумен жабдықтау желісінің тозуы бүгінде – 56 пайыз. Әзірге кешіктірілген жөндеу жұмыстары жоқ. Енді біз 2021-2025 жылдарға арналған тарифті қорғаймыз. Егер біз мәлімдеген тариф берілсе, онда желіні жөндеуде кідірістерге жол бермейміз. Егер олай етпесе, онда өздеріңіз білесіздер, қаржы құйылмаса қиындықтар туындауы мүмкін, – деп атап өтті Василий Курисько Мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында.
Кәсіпорын басшысы елордада соңғы 5 жыл ішінде жылу тарифтері қаншаға көтерілгеніне де қысқаша тоқталды. Ол сондай-ақ кәсіпорындағы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 200 мың теңге екенін айтты.
– Тариф динамикасына келер болсақ, өсім бар, соңғы бес жылда бізге бірінші жылы 7%, екінші жылы 6,6% және соңғы екі жылда 5,5 пайыздан өсіруге рұқсат етілді, – деді Василий Куриско.
Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары 14 қаңтарға дейін жалғасады.