Соттар халық пен бизнесті сергелдеңге салуын жалғастырып жатыр. Бұл жүйені кемеліне келтіру үшін кезекті рет заңнаманы жетілдіру жұмыстары қолға алынды. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында соттар жұмысындағы олқылықты жоюға бағытталған бірқатар жаңа заң жобалары мақұлданды.
Палата Төрағасы Н.Нығматулин сот жүйесін жаңғырту үшін елде қабылданып жатқан шараларға назар аудартты. Соның бірі сот жүйесі туралы заңнамалық базаны жетілдіруді көздейді. Мәжіліс кезекті құжаттар топтамасын – «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға түзетулерді, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда құптады. Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді, ол сот жүйесінің жұмысын түзетуді талап етеді. Сондықтан қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қажет болған. Депутаттар әкімшілік әділет-юстицияның енгізілуіне байланысты судьялар корпусының жаңа форматта жұмыс істеуге қаншалықты дайын екеніне қатысты мәселе көтерді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықтың және бизнесмендердің әкімшілік соттарға өтініштерінің саны артуы мүмкін екеніне екпін түсіре кетті. – Сол себепті бұл жерде судьяларды даярлау маңызды. Әкімшілік сот ісін табысты ендіру де соған тәуелді болады, – деді спикер. Оның айтуынша, мақұлданған заң жобалары елдегі сот жүйесін модернизациялаудың жалғасы саналады. Н.Нығматулиннің мәліметінше, депутаттық корпус ары қарай да сот жүйесін жаңғырту ісін заңнамалық қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізуге дайын. Жаңа түзетулер Жоғарғы Сотта Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құруды және қолданыстағы мамандандырылған сот алқасын жоюды көздейді. Бұл әкімшілік әділетті енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені біркелкі таратуға жол ашатын көрінеді. Заң жобасы Жоғарғы Сот төрағасы не судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізеді, оларды Мемлекет басшысы ұсынатыны мәлім. ЖС судьясы лауазымына сайлау үшін Президент ұсынған адамдардың негізінен жеткілікті тәжірибесі бар, тәжірибелі мамандар екенін ескере отырып, депутаттар заң жобасында олардың біліктілік емтиханынан өтуі туралы қолданыстағы ережені алып тастады. Сондай-ақ олардан енді заң мамандығы бойынша кемінде 20 жыл жұмыс өтілі талап етілмейді.Айхан ШӘРІП