Түзеу мекемелеріне инвесторлар керек – Дәулет Айтжанов

Түзеу мекемелеріне инвесторлар керек – Дәулет Айтжанов

Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуда түйткіл көп. Бостандықтағы азаматтарға жұмыс тауып беру оңай шаруа емес, ал оның қасында темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамту одан да қиын болатыны белгілі. Әйтсе де, кезінде мұнда өндіріс гүрілдеп тұрғанын бүгінде екінің бірі біле бермес. Жазасын өтеушілер ауыл шаруашылығынан бастап, жеңіл өнеркәсіпке дейінгі қажетті тауарлар мен жабдықтардың бәрін шығаратын. Қазіргі «Еңбек» РМК деп аталатын мамандандырылған ұйым ол кезде монополист еді. Ал соңғы 10 жылда ереже өзгеріп, халықаралық тәжірибе бойынша азаматтық тұлғаларға түзеу мекемелеріне сырттан келіп кәсіп ашуға рұқсат берілді. Жазасын өтеушілерге де кәсіп ашуға мүмкіндік берді. Осы орайда, РМК директоры Дәулет Айтжановпен сұхбаттасып, бұрынғы монополист мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұраған едік.

– Дәулет Рымтайұлы, бүгінде еліміздегі түзеу мекемесіндегі еңбек нарығы қандай? – «Еңбек» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының негізі міндеті – Қылмыстық кодекске сәйкес бас бостандығынан айырылған және түзеу мекемелерінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тарту. Елімізде 24 941 адам жазасын өтеу­де. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, солардың ішінен 14 267-сі еңбекке жарамды болса, осы топтан 11 484 адам жұмыспен қам­тылған. Бұл көрсеткіш 80,5%-ды құрайды. «Еңбек» РМК-де 3 652 жазасын өтеуші жұмыс істейді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 215 адамға көп. Ал еңбекке жарамсыз 10 мың адам туралы айтсақ, олардың барлығы бірдей мүгедек немесе зей­нет­кер емес. Мәселен, түзеу мекемесіне жаңа түскендер бар. Олар белгілі бір мерзімде карантинде болады. Болмаса мекеме аумағындағы орта мектептерде, әлде политехникалық колледждерде түрлі мамандықта оқып жатқандары бар. Тәртіптік, медициналық жағдайына қарай медпунктте жатқандар, қаралып жүргендер, ДИЗО-да қамауда отырғандар да кездеседі. Оларды мерзімдері бітпей жұмысқа тартуға болмайды. Сонымен қатар туберкулезбен ауыратын сотталғандарға арналған мекемелер бар. Мәселен, онда жұмыс орындарын ашуға мүлдем тыйым салынады. Ал өндіріске келер болсақ, бү­гінде түзеу мекемелерінің өндіріс­тік аумағындағы 181 391 шар­шы метр алаңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – барлық аумақтың 3/2-сі. Ал әлі бос тұрған 77 595 шаршы метр өндірістік алаң бар. Олардың ішін­де бірқатар ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан қандай да бір өнім шығару мақсатымен өндіріс ашамын деген кәсіпкерлер болса, біз олар­­ды өзімізге шақырамыз. Біз­дің тарапымыздан тегін ғимараттар мен бос жерлер беріледі. Ны­сан­ның күзеті, арзан жұмыс күші, оларды оқыту, киіндіру, тамақ­тандыру – мемлекеттің мой­­нын­да. Сіздер өндірістік шы­ғын­дардан бөлек тек пайда­ланыл­ған коммуналдық ресурстарға ғана ақы төлейсіздер. – Сіздің сайттағы кәсіпорындар каталогінде олар өндіретін ме­талл өңдеу, ағаш өңдеу, ауылшаруашылық өнімдерін шығару, тігін бұйымдары және тағы басқалар көрсетілген. Кәсіпкерлер көп ретте қандай өндіріс түрін ашқанды дұрыс көреді? – 2020 жылы 236 кәсіпкерге түзеу мекемелеріндегі бос тұрған өндірістік алаңдар сенімгерлік басқаруға берілді. Соның арқасында қосымша 3 292 жазасын өтеушіні жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік туды. Кәсіпкерлер көбінесе халық тұтынатын тауарлар (ХТТ), темірден, ағаштан бұйымдар шығаратын өндіріс орнын ашқанды дұрыс көреді. Бүгінде біз инвестор тарту жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Солармен әріптестік аясында көптеген жаңа өндіріс түрлері ашылуда: мәселен, былтыр жиһаз түрлерінің кең ассортиментін шығаратын цех ашылды. Ұзақ уақыттан бері бос тұрған ғимараттар іске қосылды. Енді мемлекеттік мекемелердің де, коммерциялық ұйым­дардың да тапсырыстарын қабылдап жұмыс істеп отырмыз. Қазір онда 4 жазасын өтеуші жұмыс істесе, болашақта олардың санын 20 адамға жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ қабырғаларды жылыту үшін қаптайтын көпіршіктенетін полистирол плиткалардың («Пеноплекс» құрылыс материалы) өндірісі жолға қойылды. Бұл өндірісте жабдықтар жартылай автоматтандырылғандықтан, бастапқы жұ­мыс­­тарды 4 адам атқара алады. Крахмал шы­ғаратын және көкөніс кептіретін цех ашылды. Бұрын қаңырап тұрған ғимаратты кәсіпкердің өзі жөндеп, қалпына келтіріп алды. Ал мейрамхана бизнесіне арналған жабдықтарды (үстел, стеллаж, сөре, жуу астаушалары) жинақтайтын бизнес түрін ашқан кәсіпкер 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ қап шығаратын өндіріс орны ашылды. Былтыр ашылған кәсіп түрлерінен тағы ет өнімдерін қайта өңдеу, тігіншілік және темір-бетон бұйым­дарын шығаратын цехтарды айта кетуге болады. Бұл өндірістерде барлығы 25 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. – Сырттан кәсіпкерлер шақырумен қатар жазасын өтеушілердің өздеріне де бизнес ашуға мүмкіндік берілген. Ол қалай жүргізіліп жатыр? – Бұл бағытта қозғалыс баяу. 2020 жылы жеке кәсіпкерлік, ауызекі тілмен айтқанда, ЖК ашуға екі жазасын өтеуші тілек білдірді. Олар – Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты АК-159/7 мекемесінде металл өңдеу және ұстахана цехын ашқан ЖК «Новиченко» мен пластик терезе дайындайтын ЖК «Джабиев». Мұндағы көрсеткіштердің аз болуы Қыл­мыс­тық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп ережесімен байланысты. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы бұйрығымен бекітілген бұл ереже бойынша жазасын өтеу­шілерге еркін жалдамалы жұмысшыларды жұмысқа тартуға жол берілмейді. Сондықтан да жазасын өтеушілерді жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қиын. Жүргізілген талдау бойынша жазасын өтеуші кәсіпкерге сырттан шикізаттар, материалдар жеткізіп беретіндер, құрылтайшы болып ақша тауып беретіндер олардың туыстары, таныстары, достары екені анықталды. Бұл жағдай туыстардың жиі көрісуіне мүмкіндік береді. Ал бұл еліміздің Қылмыстық-атқару кодексіне қайшы. Қадағалаушы органдар тарапынан да мұндай кәсіпкерлік сынға ұшырап жүр. Жұмыспен қамту мәселесіндегі тағы бір түйткіл – 2019 жылы жазасын өтеушілер жасай алатын жұмыс түрлерінің өзгеріске ұшырағаны. Содан бері сотталғандар құрылыс-монтаж жұмыстарында, күрделі және ағымдағы жөндеу, жол жөндеу жұмыстарына қатыса алмайды. Ал қалған жұмыс түрлері бойынша жылдық ауқымы азайтылып тасталды. Бұл жұмыспен қамтуға теріс әсер етіп отыр. Тағы бір түйткіл – кадр тұрақсызды­ғымен байланысты. Көптеген жазасын өтеушілердің қара жұмыс істегеннен басқа қандай да бір бі­ліктілігі жоқ. Одан басқа біздің балансымыз­дағы құрал-жабдықтардың барлығы Кеңес кезінен қалған, әбден ескірген, тозған. Бұл да жұмыс өнімділігіне қатты әсер етеді. Жұмыс күшін тек күзетілетін аумақта ғана пайдалана алатынымыз, жұмысшылардың ғана емес, инженерлік-техникалық қызметкерлердің кадр тұрақсыздығы, бұлардың барлығы ҚАЖ мекемелеріндегі өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етіп, еңбек нары­ғында орнығуына мүмкіндік бермейді. – Жазасын өтеушілер айлығын қалай алады? Қолдарына беріле ме? Әлде есепшотына аударыла ма? – Мұндағы процестің барлығы Еңбек кодексіне сәйкес жүргізіледі. Еңбекақыларын әр түзеу мекемесінің депозиттік шотына, ал салықты бюджетке аударамыз. Айлық уақытымен және келісімді екі түрге бөлінеді. Орташа айлық еңбекақы біріншілері үшін 127 314 теңге болса, келісімді еңбекақы 98 033 теңгені құрайды. 2020 жылы жазасын өтеушілерге аударылған жалақы сомасы 703,5 млн теңгені құрады. Талап қарыздарды төлеуді түзеу мекемелері жүргізеді. Өйткені барлық атқару құжаттары сонда жатыр. – Осыдан екі жыл бұрын Бас прокуратура «Еңбек» РМК-да көптеген заңбұзушылық тіркеліп отырғанын, ұйым лауазымды тұлғалардың баю құралына айналып кеткенін хабарлаған еді. 2018 жылы жүйелі түрде лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдалану және бюджет қаржысын жымқыру деректері анықталып, келтірілген шығын 3 миллиард теңгеден астам соманы құраған. 32 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, соңғы 3 жылда коррупциялық қылмыстары үшін РМК-нің Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбедегі 5 филиал басшысы сот­талды. Биыл «Еңбек-Көкшетау» мен «Еңбек-Қос­танай» басшылары пара алғаны үшін қылмыстық жауап­кершілікке тартылуда. Бұған не айтасыз? – Бұл қызметке тағайындалғаныма бір жылдың жүзі болғандықтан, сұраққа жауап ретінде тек деректерді келтірумен шектелейін. 2019-2020 жылдары «Еңбек» РМК-ның лауазымды тұлғаларына қа­тыс­ты қылмыстық іс қозғалып, айыптау үкімі шықты. «Еңбек-Аршалы» филиалының бұрынғы директоры К.Агадилов Аршалы кен­тіндегі «ЕЦ-166/5» мекемесіндегі инженерлік-техникалық ғимараттарды күрделі жөндеу кезінде РМК мүліктерін иемденіп кету және талан-таражға салғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды. Келтірілген шығын – 146 727 736 теңге. «Еңбек-Ақтөбе» филиалының бұрынғы директоры О.Жанұзақов ақша жымқырғаны үшін 2 жыл 6 айға сотталды. Келтірілген шығын – 3 909 717 теңге. «Еңбек-Ақтөбе» филиалының бұрынғы директоры Б.Мурзакаев 700 000 теңге пара алып жатқан жерінен ұсталып, 4 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Әрине, бұл жақсы жағдай емес. Әйтсе де, бұл бағытта кең көлемде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ