АҚШ-та бір тәулікте 2,9 миллион вакцина салынды
АҚШ-та бір тәулікте 2,9 миллион вакцина салынды
5,116
оқылды

Соңғы тәулікте АҚШ-та COVID-19 вирусына қарсы 2,9 миллион вакцина салынды. Бұл туралы ел президентінің аға кеңесшісі Энди Слевит мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл – вакцинация басталғалы бергі ең көп мөлшер. 328 миллион тұрғыны бар мемлекет коронавирусты жұқтырғандар (29 миллионға жуық) мен өлім жағдайлары (524 мыңнан астам) бойынша әлемде көш бастап тұр. Сондай-ақ Польшада соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 23%-ға өсті. Ел билігі індеттің үшінші толқынының басталғаны туралы айтуда. Сенбі күні Польшаның Денсаулық сақтау министрлігі бір тәулікте 14 800 COVID-19 оқиғасы және 245 өлім жағдайы тіркелгенін хабарлады. Сонымен қатар, елде коронавирустың салдарынан ауруханаға түскендердің саны соңғы жеті күнде 16%-ға артты.
«Чехиядағы коронавирусқа қатысты жағдай күрделі күйінде қалуда. Бұл ел COVID-19 жұқтырғандар көрсеткіші бойынша Еуроодақта көш бастап тұр (1 миллион тұрғынға шаққанда 115,7 мың адам). Карловы Вары әкімдігінің өкілі Ян Копаланың айтуынша, аймақта коронавирустың «британдық» штамы басым – бұл инфекцияның жаңа жағдайларының 80%-ында анықталған», – делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінде.
Ал Израильде локдаунды алып тастаудың үшінші кезеңі басталады. Вакцинаның екі дозасымен егілгенін және соңғы инъекциядан кейін кем дегенде бір апта өткенін растайтын «жасыл паспорттардың» иелері үшін көптеген шектеулер жеңілдетілді. Вакцинацияланған израильдіктер кафелер мен мейрамханалардың ішінде де, верандада да отыра алады. Сондай-ақ, қонақ үйлер COVID-19-ға қарсы вакцинация алғандарға барлық қызмет түрлерін ұсына алады. Германияда Солтүстік Рейн – Вестфалия федералды жері Словакиядан COVID-19 бар он науқасты қабылдайды. Халықтың жалпы санына шаққанда, Словакияда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, Парагвай билігі елде COVID-19 науқастарын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жетіспейтінін және мемлекеттік ауруханалардағы реанимация бөлімшелеріндегі барлық төсек-орындар бос емес екенін мәлімдеді. 7 миллион тұрғыны бар Парагвайда 166 мыңға жуық адам індетті жұқтырған, 3 300-ге жуық науқас қайтыс болған.