Күдікке ілінген судьялар
Күдікке ілінген судьялар
326
оқылды
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің де­ре­гінше, былтыр қазақстан­дық судья­ларға қатысты 11 қыл­мыстық іс қозғалған, ал­тауы сот­қа жолданған. Күдік­ке ілін­­ген су­дья­лар Қос­та­най, Түр­кістан, Маң­ғыс­тау об­лы­сы мен Ал­маты, Шым­кент қалала­рын­да жұмыс істе­­ген. Кей­бі­рінің аты-жөні көр­­сетілген, кей­бі­рін тергеу орын­­дары жасы­рып қалған. Бірақ мә­селе онда емес.   Биліктің бір тармағы сана­латын сот жүйесі – адам құқығы мен бостандығының, тұрақтылық пен дамудың бірден-бір кепілі. Ата заңымызда осылай жазылған. Шарасы таусылып, шарқ ұрған қарапайым азамат әділдікті қайдан іздейді? Әрине, соттан іздейді. Алайда қазір бай мен кедей сотта беттессе, көбінесе ке­дейдің ұтылатыны белгілі. Баяғыда бірен-саран судья пара алыпты дегенді естісек, төбе ша­шымыз тік тұрушы еді. Кейінгі кезде көзіміз де, құлағымыз да үйренгендей. Әрине, сыбайлас жем­қорлық пен тамыр-таныстық тек сот жүйесіне ғана тән деуден аулақпыз. Ол – бүкіл қоғамның өзегіне түскен жегі құрт. Әйтсе де, бармақ басты, көз қыстылықтың сот саласындағы зардабы ауыр. Өйткені мұнда адамның тағдыр-талайы шешіледі. Судьялардың IV съезінде сөй­­леген сөзінде Елбасымыз: «Қоғамда Фемидаға деген жұрт­шылықтың сенімі әлі де төмен. Сот саласындағы келеңсіздік, былық-шылық тыйылмай отыр. Судьяның жұмысының сапасына, оның моральдық бет-бейнесіне деген көңіл тол­маушылық жетіп артылады» деп еді. Әлі де алға озға­­нымыз шамалы. Ел арасында кейбір судьялар белгілі бір мөлшерде ақша төлеп, дәлірек айтқанда, пара беріп қыз­метке орналасады деген гу-гу әңгіме айтылады. «Жел болмаса, шөптің ба­сы қимылдамайды» дегендей, егер рас болса, ондай судьяның қара қыл­ды қақ жаратынына сену қиындау. Парақор судьялар тиын-тебен үшін адам тағдырын тәлкекке салып, қан­шама заңсыз үкімдер шығарады. Ұсталғаны ұсталып, ұсталмағаны кәсібін жалғастыра береді. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Әлем­нің өркениетті елдері құқық қор­ғау қызметкерлерінің материал­дық жағдайына ерекше көңіл бөледі. Саяси тұрақтылығымен, ғаламат эко­номикалық табыстарымен дүние­жү­зін тамсандырған, «Азияның жолба­рыстары» атанған Сингапур, Малай­зия, Тайван, Гонконг пен Оңтүстік Кореяда судьялардың мәртебесі ай­қындалып, жоғары деңгейге қойыл­ған. Мысалы, Сингапур билігі судья­лардың жылдық еңбекақысын 1 млн долларға дейін өсірген. Сондықтан шығар оларда судьяның парақорлығы деген түсінік атымен жоқ. Жаңағыдай жалақы алып, барлық жағдайы жа­салған қызметкер мұндай артықшы­лықтардан айырылып, абыройы айрандай төгілмес үшін барын салып, адал жұмыс істеуге ұмтылады. «Арзан сот қымбатқа түседі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кезінде судьялардың материалдық мәселесін меңзеген секілді.  width= Әлбетте, судьялардың әл-ауқатын арттырған соң заң алдындағы, халық алдындағы жауапкершілігін де кү­шейту керек. Заңсыздыққа жол бер­ген, парақорлыққа салынған, ауыр қылмыс жасаған судьялар өзгелерден гөрі қатаң жазалануға тиіс. Кейінгі жылдары судьялардың жұмысы екі есе көбейген деседі. Яғни, сотқа шағымданатын азамат­тардың қарасы молайған. Бүгінде бір судья күніне орташа есеппен 10 шешім шығарады екен. Сонда дейміз-ау, былтыр парамен ұсталған 11 судьяның бұған дейін шығарған үкімдері қаншалықты әділ? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, егер сотталған судья­лар­дың бұра тартқаны анықталса, кейбір істерді қайта қарауға болады екен. Ендеше жедел анықтау керек. Пара­қорлық кесірінен қандықол қылмыс­кердің көшеде тайраңдап жүрмесіне кім кепіл? Немесе, керісінше жа­зықсыз біреу қапаста қамалып отыруы да мүмкін ғой. Судьялар жаппай тұтқындалғанда желідегі желауыздар Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа шабуыл басталды деп сан-саққа жүгіртті. Бі­рақ сот жүйесіндегі былық-шылық Аса­новтан әлдеқайда бұрын бастал­ғанын ескерсек, бас жаққа барысып, бал ашып, бас қатырудың қажеті шамалы. Иә, халықтың судьяларға деген сеніміне селкеу түскелі қай заман. Нәтижесі көз алдымызда: біреулер өз-өзін өртеп жатыр, біреулер шетелге қашып жатыр, біреулер пара беріп, тамыр-таныс іздеп, өзі сол жемқор жүйенің тұтқынына айналып жатыр. Түйткілдің түйіні қалай тарқайды? Әйтеуір, болашақтан күдер үзбейміз. Жаңадан қызметке орналасқан жас судьялар өзіне дейінгілердің қателігін қайталамаса дейміз. Әлеуметтанушылар мен саясат­тану­шылар қауымдастығының атқа­рушы директоры Бақытжамал Бек­тұрғанованың астыртын статистика­сына сүйенсек, қай судьяның қанша параға көнетіні де мәлім екен. Мы­салы, облыстық судьялар орташа есеппен 15 мың доллар алса, аудандық судьялар одан екі есе аз параны місе тұтатын көрінеді. Бірінші орында – Жоғарғы сот судьялары. Олардың «ставкасы» – орташа есепен 34 338 доллар. Зерттеушілер мұны арнайы сауалнама арқылы анықтаған. Сауал­намаға республика бойынша мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде бір кезде сотқа ісі түскендер, заңгер­лер, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері болған. Рес­понденттердің 77 пайыздан астамы сот жүйесіндегі жемқорлық әрекеттер жөнінде білетінін айтыпты. Бұл – 2011 жылғы зерттеудің нәтижесі. Бірақ одан бері ештеңе өзгерген жоқ. Өзгергені – ақшаның құны ғана. Transparency International ұйы­мының 2020 жылы жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 113-орында тұр. Заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті ту ететін турашыл, тәуелсіз судьялар көбейсе, бұл рейтингтегі ахуалымыз да түзелер еді. Қай мемлекетте заң жұмыс істесе, сол мемлекетте сотқа деген сенім бар. Сотқа сенімсіздік тұтас мемлекетке деген сенімсіздікке әкеп соғуы ықтимал. Кезінде Елбасы «Адамды әкім, министр, тіпті президент емес, сот қорғайды» деп еді. Ал жемқор, парақор судьядан бізді кім қорғайды?   Ерсайын БАҒДАТ