Кәсіпті қолдау нәсіпті молайтады
Кәсіпті қолдау нәсіпті молайтады
430
оқылды
Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рей­тингінде 25-орынға тұрақтады. Бұл рейтингте әлемнің 190 елінің бизнесті дамыту үшін жасап отырған жұмысы сараланады. Себебі кәсіпкерлікті қолдау ел экономи­ка­сының өсуі мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді. Осыған орай, Үкімет рейтинг нәтижесін әлі де жақсарта түсу үшін заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі. Бүгінгі таңда «Кейбір заң­на­малық актілерге бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заңның жобасы 30-дан астам нормативтік-құқықтық ак­тіге шамамен 200 түзету енгізуді көздейді. Біздің елдегі бизнеске қолдау туралы сөз болса, «Биз­нес­тің жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасын айналып өту мүмкін емес. Былтыр тиімділігі дәлел­ден­ген соң бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қа­былданды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдағы 4 жылға бюджеттен 421 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қар­жы бюджетке еселеп қайтады деген есеп бар. Сонымен бірге бағдарламаны іске асыру жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға, ал жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесін 13,4 пайызға жеткізуі тиіс. Биылдан бастап шағын кә­сіп­керлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін де үш жыл тексеруге, профилак­тикалық бақылау мен қадағалау жасауға жарияланған мораторий күшіне енді. Бірақ мораторий мә­селесінде мына жайтты назарда ұс­тау қажет: мораторий күші тұр­ғындардың өмірі мен денсаулы­ғына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін әрекеттердің алдын алуға немесе оларды жоюға бағытталған тек­серулерге қатысты болмайды! Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметінше, конститу­ция­лық құрылым мен ұлттық қауіп­сіздікке тікелей немесе жанама қауіп төндірген жағдайда бақылау және қадағалау органының бірінші басшысының шешімімен кәсіп­керлік субъектісіне тексеру жүр­гізіледі. Сонымен қатар егер кә­сіпкер өз қызметін тексеруге қа­тысты бастамашы болса, сондай-ақ Қылмыстық-процесуалдық кодексте қарастырылған негіздер бойынша тексеру жүргізіле береді. Мораторий прокурорлық, ке­дендік, салалық тексерістердің кей­бір түріне, сондай-ақ жер қой­науын пайдаланушыларды тек­серуге, өнімге санитарлық-эпи­де­миологиялық сараптама жүргізу мен профилактикалық қадаға­лау­ға, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу субъектілерін профи­лактикалық бақылау мен тексеруге қатысты болмайтынын да айта кеткен жөн. Мораторий еркінсу дегенді білдірмейді. Кәсіпкерлік субъек­тілері мораторий кезеңінде ел заңдарын, жеке және заңды тұлға­лардың құқы мен заңды мүддесін сақтап, тауар, жұмыс және қыз­мет­тің қауіпсіздігі мен сапасын қам­тамасыз етуі тиіс. Бұл тексерулерге қатысты.    width=   Ал Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолда­уында арнайы салық режимін қолданатын және микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектісі ре­тінде танылған салық төлеушілерді 3 жылға табыс салығынан босату қарастырылған. Ал бұл қандай салық? Табыс салығы – корпора­тивті табыс салығы, жеке табыс салығы, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар үшін бірыңғай жер салығы, сондай-ақ жеңілдетілген декларация бойын­ша жұмыс істейтін салық төлеу­шілер үшін әлеуметтік салық. Басқа салықтар мен төлемдер мін­деттемелер туындаған жағдайда төленеді. Биыл табыс салығын тө­леуден 1,2 млн-ға жуық салық тө­леуші босатылады. Олар үш жыл мерзімге белгіленген салық жеңіл­дігінен 380 млрд теңгеден астам қаржы үнемдейді екен. Осы тұста микробизнес субъек­тісі мен шағын бизнестің айыр­ма­шылығын жаза кетсек, егер жұ­мыс­кер саны 15 адамнан асса, жыл­дық табысы 30 мың ең төмен­гі есептік көрсеткішті құрайтын (79 530 теңге) жеке кәсіпкер микробизнес субъектісіне жатады. Ал жұмыскер саны 100 адамға дейін болатын, жылдық табысы 300 мың АЕК-ті құрайтын (795 300  теңге) жеке кәсіпкер­лер және заңды тұлғалар шағын бизнес субъектісі саналады. Жалпы, соңғы жылдары жеке кәсібін ашушылар қатары көбейді. Солардың бірі – тарихшы, этнолог Тұрар Саттарқызы. Ол отбасылық тәрбие орталығын ашуды қолға алмақ. – Бұрын-соңды бизнес ашу туралы ойлаған емеспін. Жиырма жылдан астам уақыт бойы мәдениет саласында еңбек еттім. Өзімнің авторлық жобам бар еді, оны жүзеге асыру үшін бизнес ашуым керек екен. Биыл шағын кәсіпкерлерге жасалатын салық жеңілдігі туралы естідім. Бұл жеңілдіктің кәсібімді жолға қойып алғанша пайдасы болатынын сеземін, – дейді ол. Республика көлемінде өткен жылдың 9 айында ШОК-тың ЖІӨ-дегі үлесі 29,5 пайызды құ­рады, бұл 2018 жылмен салыстыр­ғанда 0,6 пайызға көп. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі алдыңғы жыл­ға қарағанда, 10 пайызға өс­кен. Биыл күшіне енген жеңіл­дік­тер бұл көрсеткіштердің әлі де жақ­саруына ықпал етеді деп сен­гіміз келеді.    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ