ХХ ғасыр басында Спандияр Көбеев «Қалың мал», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі», Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек», Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал», Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күнін» жазды. Бәрінде кемдік көрген, теңдік аңсаған қазақ әйелінің мұң-зары. Зұлмат пен зобалаңға толы ХХ ғасырдың қазақ халқына бергені де бар, «алғаны» да бар. Халқымыздың тең жартысынан астамы қолдан ұйымдастырылған аштық пен қуғын-сүргін құрбаны болды. Бұл нәубет қазақ әйелдерін айналып кеткен жоқ. КарЛАГ пен АЛЖИР қасіреті соған куә. Әйтсе де, ХХ ғасырда «теңдік» ұранымен жаулығының ұшына арманы мен зарын түйген әйелдердің еңсесі көтерілгені рас. «Раушан – коммунист» секілді белсенген әйелдер де шықты. Ғылым мен білім саласына дендеп мойын бұрып, ағартушылық бағытта жемісті еңбек еткен жандар да аз емес. Тіпті, трактор руліне отырып, еркектерден кем түспегендері де бар...
Қазақ әйелі кемдік көрсе, заманнан көрді
Әрине, ол заман мен бұл заманды теңестіре алмаспыз. Қазақ әйелдерінің ер-азаматтардан қалыспай тірлік жасауына не түрткі болды? Әуелі осыған зер салып көрейікші. Атам заманнан отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпай, негізгі ісі – ұлт бесігін тербету болған әйелдердің еркектен бетер жаппай шаруашылық ісіне араласуына себеп болған нәрсе не еді? Аштық пен қуғын-сүргіннен, одан кейінгі соғыста қынадай қырылған қазақ отбасыларын асырайтын адам да қалмады емес пе? Баласын арқасына байлап, қолына кетпені мен күрегін ұстап, егін еккен, шөп шапқан, мал баққан да қазақ әйелі емес пе? Тылда жүріп, қолына «қара қағаз» алып, еңірегенде екі етегі жасқа малшынған бейбақ жандар жоқтау айтып отыра берсе, шиеттей бала-шағасын кім жеткізер еді?! Еркектің бар міндетін мойнына алған әйелдерді тек кемдік пен теңдік үшін арпалысты десек, қатты қателескен болар едік. Қазақ әйелі кемдік көрсе, заманнан көрді. Солақай саясаттың салқыны соған әкелді. Ал қазір ше? Бүгінгі тәуелсіз қоғамда олар неден таршылық көруде? Әйел теңдігі деген ұғым бүгін көтерілмеуі тиіс еді. Әлде, біз қателесеміз бе? Сыншы Ардақ Нұрғазының ойынша, бұл қалыпты құбылыс секілді. «Батыстық мәдениет сынамалап кіріп жатқаны жасырын емес. Бірақ біз ол мәдениеттің қай жағын қабылдаймыз? Қайсысын қабылдай алмаймыз. Мәселе – осында. Бірақ тарихқа қарасақ, әйел заты ер-азаматтардан төмен болды деп айта алмас едім. Кез келген лиро-эпостық жырларды, батырлар жырын алып қарайықшы. «Ер Тарғын», «Қобыланды» және тағы басқа жырлардағы әйел кейіпкерлердің бейнесі өте мықты болған. Мәселен, «Қобыланды» жырындағы Құртқа. Құртқа бейнесін ең дана әйел образында қабылдауға болады. Тайбурылдың мықтылығын ең бірінші аңғарған – Құртқа. Жұртқа көрсетпей, жасырын бағады. Тайбурылдың 43 күндік кемдігі барын да Қобыландыға айтатын дана әйел. Кейін Құртқа жау қолына түсіп, қазық қағып, қазық түбіне тамақ қалдырып, көміп кетеді. Еліне қайтып келе жатқанында Тайбурыл тайып жығылады. Оның тайып жығылған жері Құртқаның қағып кеткен қазығы екен. Көрдіңіз бе, Қобыландының батырлығы бір бөлек те, Құртқаның даналығы бір бөлек. Сол секілді кез келген батырлар жырын алсаңыз да, осындай дана әйелдердің образы бар. Жалпы, көшпенділерде бала тәрбиесінде ерекшелік бар. Олар ұл мен қызды тең тәрбиелеген. Өте еркін, ерке өсірген. Ол еркелік шектен шығу деген сөз емес», – дейді сыншы. Барлығы уақытқа қарай өзгеріп отырды. Мәселен, батырлар жырындағы әйел образдары басқа да, Кеңес дәуірі басталған кездегі көркем шығармалардағы әйел образы мүлдем бір бөлек. «Бейімбет Майлин «Раушан–коммунисті» тегін жазған жоқ. Бұл кезеңдегі көзқарас басқаша қалыптасты. Кеңес әйелінің образын жасау керек болды. Яғни, қоғамда саясат өзгерген сайын кейіпкердің де бейнесі өзгереді. ХХІ ғасырда Раушан коммунист сияқты кейіпкерлерді жаза алмаймыз ғой. Бұл заманның кейіпкері мүлдем басқа. Қазір Сирияға кетіп жатқан әйелдер де бар. Олардың бейнесін әдебиетте қалай жасаймыз? Теңсіздік көргеннен кейін Сирияға кетті деп айта аламыз ба?», – дейді Ардақ Нұрғазы.Қоғамды рухани есейтетін шығармалар қажет
Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Әлмира Қали тек әйелге қатысты емес, жалпы адамды білек күшімен, тепкімен бағындыру әрекеті күш көрсетушінің рухани әлсіздігін көрсететінін айтады. «Жұдырық жұмсаудың арғы жағында зорлықшыл адам өзінің тұлғалық қауқарсыздығын жасыруға тырысады. Сонда әлімжеттік жасаушы дегеніңіз, шын мәнінде жеке ойын жүйелі сөзбен жеткізе алмайтын, өзгенің пікірімен санасуға өресі жетпейтін бейшара болып шыға келеді. Салиқалы қарым-қатынас жасау тұрғысындағы олқылықтар қазақ қоғамында ғана емес, барлық елдерде бар. Тек адам құқығы жайлы түсінік пен таным әрқилы. Отбасындағы ата-ана мен бала, ер мен әйел қарым-қатынасында сөзді күшпен өткізу деген осы туыстық жақындық, бауырмалдық, мейірім атаулыны жоққа шығарып жіберуі мүмкін. Жақынның жатқа, тіпті дұшпанға айналуы тез-ақ», – дейді әдебиеттанушы. Рас, тарихта әйел теңдігі туралы жазылған шығарма өте көп екенін жоғарыда мысалға келтірдік. Бұл туралы әдебиеттанушы: «Ғасыр бұрын тасқа басылған Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» сынды шығармаларын жоққа шығара алмаймыз. Бұл туындылардағы ситуациялар әр алуан. Бірі – саяси тақырыпқа ойысса, екіншісінде діни-философиялық контекст басым. Енді бірінде қорғансыздық мәселесі жалпы әлеуметтік проблемалармен ұштасып зерделенеді. Қалай дегенмен, олардың ортақ тұсы – жапа шеккен әйел тағдырын арқау еткені. Өмірге әйел затының көзімен қарауға тырысу, қоғам қайшылықтарын әйел мүддесі тұрғысынан пайымдау ниеті айқын аңғарылады» деп қорытады. Жаңа заманауи әдебиет ше? Бүгінгі кейіпкерлер қандай? Әйел бейнесі заманауи әдебиетте қалай бейнеленіп жүр? Бұл сауалымызға Әлмира Қали: «Бүгінгі қоғамдағы әйел болмысындағы транформациялардың өзіндік себеп-салдары бар. Әйел әуел бастағы отбасы, ошақ қасындағы функцияларымен қоса, қоғамның, мемлекеттің тыныс-тіршілігіне араласып кетті. Шаңырақтағы, қызметтегі, қоғамдағы әйел орны мен рөлі өзгерді. Бәріне кеңестік дәуірді кінәлай берудің қажеті жоқ. Тоқырау жылдарындағы тұрмыс тауқыметі де нәзік жандылардың психологиясына айтарлықтай іс қалдырды. Әйел болмысындағы рухани құбылыстарды тілге тиек еткен заманауи шығармалар да баршылық. Осы орайда, Роза Мұқанова («Мәңгілік бала бейне», «Тұл»), Серік Асылбекұлы («Күзгі романс»), Айгүл Кемелбай («Мұнара»), Мәдина Омарова («Ана-ғұмыр») кейіпкерлері еске түседі. Әйел жан-дүниесінің көзден таса ішкі иірімдерін, әлемсезіну қасиетін өрнектеудегі суреткерлік таным айрықша. Бүгінгі әдебиет «әйел теңдігі» мәселесінің деңгейінен жоғары болуы керек деп ойлаймын. Қоғамды рухани есейтетін, тұлғаны өзіне сыни көзбен қарауға жетелейтін туындылар қажет» деген пікірді алға тартады.Гүлзина БЕКТАС