Кәсіпқой бокс ақша табудың қайнар көзіне айналғалы қашан. Оны дәулетті спортшылардың қатарында боксшылардың алдыңғы лекте жүргенінен-ақ білуге болады. Сол боксшылар бір кеште үлкен табысқа кенеліп, ақшаның астында қалады. Бұл «атақты болсаң, ақша да саған үйір болады» деген сөзге саяды.
Жалпы, кәсіпқой бокс тарихында бір кездесуде ең көп табыс тапқан боксшылардың бірі – Оскар Де Ла Хойа (53 млн АҚШ доллары). Оскар алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 10 титулға ие болған. Cондықтан оны көпшілік «ақылды кәсіпкер» деп атап кеткен. Темір Тайсонмен өткен екінші жекпе-жегінде жеңіске жеткен Эвандер Холифилд те өз уақытында табысы көп боксшылардың бірі атанған. Гонорары жоғары боксшылардың арасында Флойд Мейвезер (кішісі) мен Владимир Кличконың да аты қатар аталады. Олар да бір кездесудің өзінде 32 млн АҚШ доллар көлемінде пайда тапқан. Елімізде боксшылардың бір жекпе-жектен алатын гонорары, жылдық табысы жайлы айтылғанда Головкинге қатысты ақпараттар жарияланып отырады. Өйткені кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басқан жылдардан бері Геннадийдің қол жеткізген табысы ауыз толтырып айтарлықтай. Қалған отандық боксшылардың табысын есептеу әзірге мүмкін болмай тұр. Осы ретте Геннадий Головкин осыдан екі жыл бұрын ESPN телеарнасының атақты 100 спортшысының тізіміне енгенін де айта кеткен жөн. Бұл рейтингті құруда спортшылардың жарнамалық табысы есепке алынған. Яғни, отандасымыз жекпе-жектен түсетін гонорарынан бөлек, жарнама арқылы да жақсы табыс тауып отыр. Атап айтқанда, GGG жарнамадан жылына шамамен 2 миллион доллар пайда табады. Ал оның бітіспес қарсыласы Альварес жарнамадан жылына 2,5 миллион доллар алады. Осыдан-ақ Генаның үздік боксшылардың алғы шебінде екенін аңғаруға болады. Біздің боксшылар мен Генаның табысы туралы спорт журналисі Бек Төлеу былайша пайым жасады. – Кәсіпқой бокс, аралас жекпе-жек секілді спорт түрлері бизнеске айналып кеткені әлдеқашан. Сондықтан спортшы жекпе-жекке шығар алдында тәуекелге бел буатын тұста алдымен гонорар мен чемпиондық белбеуге қарайды. Мысалы, Қанат Ислам Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырып жүр. Егер Қанат Исламмен кездесуден мексикалық боксшыға көп қаржы түсетін болса, Канело бас тартпас еді. Ал Головкинмен жекпе-жек екеуіне де қаржылық жағынан тиімді болды. Сондықтан олар бір емес, екі рет жұдырықтасты. Әрі қос боксшының бокс әлемінде біраз атақ-даңқы бар. Головкин өзінің спорттық карьерасындағы ең көп табысты осы Канеломен кездесуде алды. Бір қызығы, сол кезде Генада бірнеше титул болды, ал қарсыласында ештеңе болмады. Соған қарамастан жалпы бюджеттің 60 пайызы мексикалыққа тиесілі болды. Өйткені маркетинг жағынан Канелоның мысы басым. Тағы бір мысал келтіре кетейін, Дағыстанның атын шығарып жүрген Хабибтің жылдық табысы 16,5 млн долларды құрайды екен. Қазақстанда ондай табыс табатын бірде-бір спортшы жоқ. Жалғыз Головкин ғана. Қалғандары әзірге бір жекпе-жектерінен ары кетсе Нұр-Сұлтандағы бір бөлмелі пәтердің құнындай ғана табыс тауып жүр, – дейді Бек. Сондықтан да шығар, кейінгі 5-6 жылдың ішінде қазақстандық боксшылардың көпшілігі кәсіпқой боксқа ауысты. Бүгінде олардың бірқатары 10-15-тен аса кездесу өткізіп, әр жекпе-жек сайын жеңісті жолынан жаңылмай келеді. Алдағы екі-үш жылдықта бірқатар отандық былғары қолғап шеберлері чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізіп, үздіктердің қатарына қосылуға әрекет жасап жатыр. Қалай дегенмен де кәсіпқой бокстың бір атауы бизнес екенін әлем жұртшылығы әлдеқашан мойындап қойған. Бұл мәселе төңірегінде әйгілі боксшы Василий Жировтың: «Кәсіпқой бокста бірінші кезекте көрерменге, промоутерлерге, телевидениеге ұнайтын шоу жасау керек» деген сөзі еске түседі. – Жасы келсе де қомақты қаржы үшін жұдырықтасып жүрген боксшылар әлемде өте көп. Олардың барлығы кәсіпқой боксқа бизнес деп қарайды. Мысалы, таяуда ғана ел ағасының жасы 50-ден асқан Майк Тайсон мен Рой Джонс жұдырықтасып, әрқайсысы 1 млн доллардан табыс тапты. Мэни Пакьяо 40 жастан асқан шағында, 2019 жылы тағы бір рет әлем чемпионы атанды. Филиппиндік боксшы бүгінде әр жекпе-жегінен кем дегенде 10-15 млн доллар ақша табады. Осы секілді мысалдар өте көп. Жақында ауыр салмақ өкілі ресейлік Александр Поветкин 40 жасында қайта чемпион атанып, әлемді бір шулатты. Қазақ боксшыларының ішінен бәлкім Головкинді осы тізімнен көріп қалармыз. Әзірге Генаны егде боксшылардың қатарына жатқызуға келмес. Чемпиондарымыз көп болған сайын, атағы мен абыройы арта түссе, кейін жекпе-жектері бағалы бола түседі, – дейді PR-менеджер, спорт журналисі Серік Ноян. Жекпе-жектің ішінде, әсіресе чемпиондық кездесулерді ұйымдастыру қымбатқа түседі. Аталған айқастарды ұйымдастырудың қаншалықты қымбат болатыны кездесуде қанша белбеу сарапқа салынатынына да байланысты. Әрі әр ұйымның нақты белгілеп қойған бағасы бар. Одан бөлек, жекпе-жекті ұйымдастырудың құны боксшылардың сыйақыларына да тікелей қатысты. Оның да бірнеше категориясы бар: 100 мың доллардан басталып, 500 мың долларға дейін және 500 мың доллардан көп жарна төленеді. Головкиннің жекпе-жегін ұйымдастыру үшін де көлемді қаржы жұмсалады. Өйткені қазақстандық боксшының айқас үшін алатын сыйақысы жоғары. Себебі DAZN стримингілік сервисімен келісімшартқа қол қойғалы бері Гена жақсы табыс табуға мүмкіндік алды. Мысал үшін айта кетейік, GGG Альвареспен қарымта кездесуде төрешілердің шешімімен жеңіліп қалған болатын. Дегенмен ол сол жеңіліске ұшыраған кездесуінде 40 млн доллар алды. Ал мексикалық боксшы 50 млн доллар табыс тапты. Енді Головкин алдағы өткізетін жекпе-жекте бұл табысын арттыруға әрекет жасары анық. Әзірге оның басты мақсаты Кенеломен үшінші жекпе-жек өткізіп, жеңіске жету екені түсінікті. Егер отандасымыздың бұл жоспары жүзеге асар болса Генаның спорттық мансабындағы ең көп пайда тапқан жекпе-жегі әрі айтулы жеңістерінің бірі болары анық. Қалай дегенмен қос боксшы арасындағы трилогияны бокс жанкүйерлері асыға күтеді. Ал аталмыш кездесу DAZN стриминг сервисі үшін барлық жағынан тиімді болғалы тұр.Абылайхан ЖҰМАШ