Атырау облысында 662 бала коронавирус жұқтырған
Атырау облысында 662 бала коронавирус жұқтырған
132
оқылды

Атырау облысында 14 жасқа дейінгі 662 бала коронавирус жұқтырған. Облыстық бас санитария дәрігері Мәдениет Танауов осылай мәлім етті.

«Былтырғы 28 наурыздан биылғы 11 наурызды қоса алғанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 17 582 дерек тіркелді. Оның ішінде қауіпті вирусқа шалдыққан 14 жасқа дейінгі 662 бала бар. Сондай-ақ 18 жасқа толмаған 300 жасөспірімде де коронавирус анықталды»,– деді Мәдениет Танауов.

Бас санитар дәрігер өңір тұрғындарын эпидемиологиялық ахуал тұрақтағанға дейін адамдар көп шоғырланатын жерге бармауға шақырды. Әлі де әлеуметтік қашықтықты, медициналық маска кию режимін сақтау қажет екенін жеткізді. «Еліміздің батыс аймағында, 14 наурызда жасы үлкен адамдарға барып көрісу дәстүрі бар. Ал қариялар вирус жұқтыру қаупі мол топқа жатады. Көпшілігінің созылмалы сырқаты болуы мүмкін. Сол себептен, Көрісу мен Наурыз мерекесінде үлкендерді телефонмен, видеоқоңырау арқылы құттықтаған жөн. Бұл қауіпті вирустың таралмауына септігін тигізеді»,– деді бас санитар дәрігер.