Павлодар қаласының полициясына Құдайбердиев көшесінде жігіт үйдің төбесінен секірмек болғаны туралы хабарлама түскен.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, оқиға орнына дереу автопатрульдер мен жедел тергеу тобы барды.
- Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Мұстафин мен Әсет Тамешев жас жігіттің карниздің шетінде тұрғанын байқаған. Бірақ, азамат тәртіп сақшыларының сөзіне құлақ аспаған, - деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шарипов.
Бірақ, ұзақ келіссөздерден кейін полицейлер павлодарлықты құтқарып қалды. Инспекторлармен әңгімелесу барысында ол өзінің жеке өміріндегі проблемаларға байланысты осындай қадамға барғанын айтты.
- Біз онымен 20 минут сөйлестік. Ол отбасылық жанжалға бола өмірімен қош айтыспақ болған. Кейін телефон сұрап, ағасына қоңырау шалды. Содан кейін ойын өзгертті. Енді мәселесін отбасымен бірге шешеді деп үміттенемін, - деді Әсет Тамешев.
Полиция жігіттің ата-анасымен бірге үйіне кеткенін хабарлады.