Ақмола облысында коронавируспен ауырған мейірбике ведомстводан 2 млн теңге өндіріп алды
Ақмола облысында коронавируспен ауырған мейірбике ведомстводан 2 млн теңге өндіріп алды
181
оқылды
Ақмола облысының Ақкөл ауданында коронавируспен ауырған мейірбике облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа беріп, 2 миллион теңге сомада қаражат өндіріп алды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Індетке шалдыққан Ақкөл аудандық ауруханасының мейірбикесі Көкшетау қалалық сотына талапарыз беріпті. Мейірбике өткен жылдың 22 шілдесінен 21 тамызына дейін аудандағы провизорлық бөлімде жұмыс істейді. Індет көбейіп, науқастардың саны шектен тыс артқан кезде қанша сақтық шараларын қолданғанымен мейірбике дертке шалдығыпты.
«24 наурыз күні өз-өзімді әлсіз сезініп, өзім білетін коронавирус белгілері байқала бастады. Тынысым тарылып, дем алуым қиындай түсті. 28 тамыз күні аурухана жанындағы сүзгіге барып, температураның көтерілуі, әлсіздік болып, Степногорск қаласындағы провизорлық бөлімге «Коронавирус? Ауруханадан тыс төменгі бөліктің полисегментті пневмониясы» деген диагнозбен жіберді. Ал 28 тамызда коронавирус диагнозы нақты қойылды. 22 тамыздан бастап, еңбек демалысына шықтым», - дейді Ақкөл аудандық ауруханасының мейірбикесі.
Аталған жағдай бойынша дереу ауру ошағына эпидемиологиялық тексеріс жасалып, инфекция көздері анықталған. Әрине, бұл дерт емделушілерден жұққан. Арнайы комиссия мәселе қарастырып, мейірбикенің кәсіби қызметіне байланысты ауру жұқтырғаны белгілі болады. Ал 16 қыркүйекте Ақкөл аудандық ауруханасы мейірбикенің құжаттарын Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына жолдайды. Дегенмен, арада екі айдан астам уақыт өткенде, яғни 10 желтоқсан күні басқарма Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес коронавирусқа қарсы эпидемиялық ісшараларға қатысып, дертке шалдыққан немесе қайтыс болған денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлеріне бір ретік әлеуметтік төлем жүргізудің күші жойылғаны айтып жауап берілген. Сөйтіп коронавируспен ауырған мейірбикеге тиын да төленбеген. Бұл жауапқа қанағаттанбаған мейірбике істі құр қалдырмай соңына дейін күресуге бел буады. «Сотқа талапарыз беріп, берілуі тиіс 2 миллион теңге әлеуметтік төлемнің төленуін талап еттім. Бұл менің заңды құқығым емес пе?», - дейді ақкөлдік мейірбике. Сот барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі төлем рәсімінің аяқталып, комиссия әкімдіктің қаулысымен таратылғаны айтады. Ал, Ақкөл аудандық ауруханасының өкілдері сотта талапкердің арызы кәсіби қызметімен байланысты болғанын жеткізіп, бекітілген мерзімде мейірбикенің ауырғаны туралы мәлімет басқармаға жолданғанын мәлімдейді. Бұл орайда Ақкөл ауданында кәсіби қызметіне байланысты ауру жұқтырғандардың ешқайсысына бірреттік әлеуметтік төлем төленбеген болып шыққан. Сот барлық құжаттарды қарастыра келе азаматық іс жүргузі кодексінің 223-226 баптарын басшылыққа ала отырып, мейірбикенің облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бір реттік төлемді өндіріп алу талапарызын толықтай қанағаттандырды. Енді ведомство мейірбикеге 2 миллион теңге қаражат төлеуі тиіс.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы