Солтүстік Қазақстан облысында ауылдардың учаскелік полиция қызметкерлеріне тұрғын үйі бар полиция пункттері салынады. Бұл жайында СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің онлайн-отырысында СҚО полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев өңірдегі ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының 2019-2021 жылдарға арналған іс-шараларын іске асыру туралы ойымен бөлісті.
Оның айтуынша, қызметкерлердің жұмысын оңтайландыру мақсатында оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы сөз қозғады. "Мысалы, Петропавлда 41 қызметкер мен олардың отбасы мүшелері тұрып жатқан ведомстволық жатақхана бар. Биыл жергілікті атқарушы органдардың және шаруашылықтардың көмегімен Мамлют ауданының Новомихайловка ауылында ауылдық учаскелік полиция инспекторы үшін тұрғын үймен қосылған полиция пунктінің құрылысы жүргізілмек. Бұл бастаманы облыстың өзге де аудан әкімдері де алдағы уақытта қолдамақ",– деді Марат Төлебаев.
– Сервистік моделге көшудің негізгі принциптерінің бірі – халыққа жақын болу. СҚО полициясының барлық аумақтық бөліністерінде келушілерге ыңғайлы болу үшін азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі ашылған. Сондай-ақ облыс орталығында заманауи модульдік бекеттер жұмыс істейді. Биылғы жылы Жас Өркен, Береке, Былғары зауыты, вокзал маңы ықшам аудандарында заманауи модульдің тағы төртеуі ашылмақ. Бұл полицейлердің үнемі учаскелерінде болуына мүмкіндік береді,– дейді ол.