Елордада өткен түнде карантин талаптарын бұзған 10-ға жуық мекемеге айыппұл салынды.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше, елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болуына байланысты қала ішінде шектеу шаралары күшейтілген. Соған орай кәсіпкерлік субъектілерінің карантинді бұзуына жол бермеу жөніндегі мобильді топтар жұмыс істеуде. Осыған қарамастан кейбір мекемелер бас санитар дәрігердің қаулысында жазылған талаптарды елемей отыр.
Өткен түнде, яғни 27 наурызға қараған түні мобильді топтар қаланың төрт ауданында карантин режимін бұзған 10-ға жуық мекемені анықтады. Мәселен, Сарыарқа ауданындағы "Нирвана" түнгі клубы сағат 23.00-ден кейін де жұмыс істеген. Ал бас санитар дәрігердің қаулысында 22.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілген.
Осыған ұқсас заңбұзушылық "Asiatiq" мейрамханасында анықталды. Ал "Adagio" караоке-бары жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан келушілерге қызмет көрсеткен. Екі мекеме де Есіл ауданында орналасқан.
Алматы ауданында орналасқан төрт бірдей қоғамдық тамақтану нысаны белгіленген жұмыс режимін бұзды. Олардың арасында "Панаехали", "До утра" барлары, "Зина" мейрамханасы, "Шах" кафесі бар. Байқоңыр ауданында орналасқан "Шашлыкофф" гриль бары мен "Рыба моей мечты" караоке залы да карантин режимін бұзды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдау және оларды жауапкершілікке тарту үшін материалдар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді.