Қазақстанның төрт облысында қардың тез еруіне байланысты ескерту жарияланды. Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының жазық аймақтарында қардың жылдам еруі қиындықтар туғызуы мүмкін.
«28-29 наурыз аралығында температура жылы болады және жауын-шашын түседі деп болжанды. Соған байланысты Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының жазық өңірлерінде қардың тез еруі мүмкін және еріген қар суының жайылуы ықтимал», - делінген мекеме сайтында.
Бұған дейін Қазгидрометтің 28 наурызға жасаған ауа райы болжамында бірнеше облыста найзағайлы жауын-шашын мен тұман күтілетіні жазылды.