Әз-Наурыз – жаңа ғасыр жаршысы
Әз-Наурыз – жаңа ғасыр жаршысы
664
оқылды

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.

Әз-Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып қазан-қазан көже ішіп,  көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл күндері ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі айтылады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» – деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Біздің жаңа жылымыз – Наурыз, айдың басында болсын, ортасында болсын, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Жалпы, күн мен түннің теңелу сәтін ғарыштық өзара мезет, жыларалық меже ретінде таңдауы да бекер емес, оны ежелгі түркілер Уақыт ағынының  үзігі ретінде таныған. Наурыздың Жыл мен Көктемнің басы болуы сол себепті.  Аталмыш өзара апта наурыз айының кәзіргіше 14-22 (ескіше 1-9) аралығын қамтып, тоғыз күнге созылса керек. Сонда Наурыздың шарықтау шегі күн мен түннің теңелетін 21-22-сі болып шығады. Қазақтардың ұғымы бойынша ескі жыл 14-20 наурыз аралығында кетіп, жаңа жыл келмек, яғни, әрбір ескі жыл қысты өткеріп барып, жаңа жылдың көктемін бастап кетпек. 14 наурыз - Көктемнің де, Жаңа жылдың да алғашқы күні. Бұл күні қыстың тоңы жібіп, қар еріп, сай-саланы қызыл су қаптайтын күн. Наурызды осы күні бастап мейрамдау кеңестік дәуірде де тоқтаған емес, ал кәзір елдің батыс аймағы сол күйінше ұстанып келеді. Мемлекеттік мерекеге айналған Наурызды ресми мейрамдау жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі – «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда әрі жұпыны» дегендей уәж. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық жаңғыру – Ұлыстың ұлы күнінен басталуы тиіс» екенін айтқан еді. Қазақтың ұлттық мейрамына халықтың ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстан халқы түгел тойлайтындай мазмұн беру керек. Ол үшін бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б. керектігін алға тартып отыр. Расында, Ұлыстың ұлы күнін Григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл мейрамы сияқты жаңа үлгіде неге атап өтпеске?! Бұған дейін Түркістан облысы Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткені ел есінде. Әр күнге атау беріліп, ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шаралар мерекенің мәнін аша түсті. Тіпті, Парламент Сенатының депутаттары Түркістан облысының бұл бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бұл жайында этнограф-ғалымдардың пікірі қандай? Уақап Қыдырханұлы, этнограф-жазушы: «Əр халық өзінің аңызы бойынша, Наурызды өздеріне қарай икемдеп, бейімдеп əкетті. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 22 наурыздағы санында Əлихан Бөкейхановтың «Əлем күнтізбесінің тарихы мен мазмұны» атты мақаласында наурызды алғаш тойлаған Бабыл (Вавилон) мемлекеті дейді. Алаш қайраткері бұл мақаласында күн мен түннің теңелуі, жылдың басы наурыздан басталған дейді. Ал тағы бір мəлімет көздерінде, ертеде парсы патшалары тағына бір күн өзінің жақсы көретін құлдарын, кедейлерді отырғызған. Бұл тұрғыда Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы да ерекше рөл атқарады. Мәшһүр Жүсіп өзінің көзі тірісінде бала күнінен бастап көз жұмғанға дейін көрген-білгеніне сүйеніп, Наурыздың қалай өтетінін жазып кеткен. Ол кезде ескі Юлиан күнтізбесі ғой. Біз Григориан күнтізбесін 1918 жылдан бастап қолданысқа енгіздік. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы наурыздың тоғызында жаңа күн, жаңа жыл басталатындығын айтады. «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде жыл сайын наурыздың тоғызы күні халықты жаңа жылымен құттықтау лебізі берілген. Наурыз – айдың аты емес, жылдың басындағы күннің аты. Оны айдың атына қазақ халқы айналдырды. Неге айдың атына айналдырдық? «Наурыз» негізінен парсы сөзі. «Наурызнама» деген де парсы сөзі. Сол парсы сөзін қабылдап, байырғы түркілер өзімізге енгізді. Наурыз – жылдың басындағы күннің аты. Қазақшаға аударғанда «ұлы күн», «жаңа күн» деген мағына береді. Ал енді «ұлыс» деген сөз парсы тілінен «жыл» деп аударылады. Демек, «Ұлыстың ұлы күні» «жылдың басындағы бірінші күн» деген мағынаны береді. Қазақтар Наурызды, яғни жаңа жылды бірнеше күн тойлаған. Сол бірнеше күн тойлауын біз бір ай деп айтамыз. Бұл – қазақтың әсірелеп, теңеп айтуынан туындаған». Ахмет Тоқтабай, этнограф «Наурызға қатысты ең басты қолжазба, ол – Омар Хайямның қолжазбасы. Себебі Омар Хайям наурызды күн мен түннің теңелетін уақытына теңестірген, күнтізбені қалыптастырған, ХІ ғасырда сол күнтізбені жасауға қатысқан тұлға. Ол 1079 жылы күн мен түннің теңелетін уақыты деп Наурызға тоқтаған. Оған дейін парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен Наурызды, жаңа жылды тойлау жылдың әр уақытына ауысып отырған. Көктемге, жазға, тіпті күздің қыркүйегіне де сәйкес келген кезі болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Сол кезде ол күн мен түннің теңелген күні 21-22 наурыз күні тойлайық деген еді. Ал Омар Хайямға дейін бұл мейрамды парсының ескі күнтізбесінде 14 наурыздан атап өтеді екен. Сол үрдіс еліміздің батыс өңірінде сақталып қалды. Каспийдің арғы жағы мен бергі жағындағы Кіші жүз қазақтарына парсының ықпалы өте күшті болды. Өзім мерекені 14 наурыздан бастап атап өтуге қарсымын. Меніңше, нақты 21-22 наурыз күні ғана тойлау керек. Қазақ жерінің климаты әртүрлі. Оңтүстікте жер ерте көгеріп, дән себу де ерте басталады. Сондықтан олар наурызбек торғайының ұшып келген кезінен тойлаған. Ал Алтай, Сібір қазақтары сәуір айына дейін атап өтеді. Осылайша, қазақтың Наурыз тойы бір айға созылған. Қазір той тойлап жүретін заман емес. Сондықтан мәдениетті, өркениетті елдердегідей өткізу қажет. Мемлекет Наурыз мейрамына 5 күн демалыс беріп отыр. Осының өзі жеткілікті». Қасымхан Бегманов, этнограф: «Наурызды 7 күн тойласақ артық емес: Міржақып Дулатовтың 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жазғаны бар. «Қазақтың жалғыз мерекесі бар. Ол – Наурыз» делінген сол мақалада. Бұл мәселе туралы Ахмет Байтұрсынов та, Әлихан Бөкейханов та жазды. Осының бәрін сұрыптай келе, қалған мерекеміз қайда кетті дегенді ойлана бастадым. Қазақ даласының оңтүстігін де, солтүстігін де, шығысын да араладым. Бірақ мен жоғымды батыстың Отпантауынан таптым. Біз көп нәрсені жоғалттық. Мәдениет және спорт министрлігінің екі жұмысын жоғары бағаладым. Біріншісі, «кешегі көрісу күнін қалпына келтірейік, бүкілхалықтық дәрежеге көтерейік» деген бастамасы. Одан кейін министрліктің «Наурыз мерекесін қалай өткіземіз?» деген бастама көтеруі де игі іс болды. Қазақ халқында жеті саны – қасиетті сан. Сондықтан Наурызды 7 күн тойласақ деген ұсыныс айтқым келеді. Наурызды 7 күн тойлап, жетінің бәрін байланыстыра келе, ғылыми жүйеге түсірсек деймін. Менің ұсынысым – наурызды 7 күн тойлау, наурыз көже әзірлеуді бір ізге түсіру және мейрамды халыққа жақындату, әсіресе, балаларға жақындату. Мерекеде ең алдымен, бала қуануы керек. Қазір бала қуанатын мереке қалған жоқ». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне орай, «Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайынбыз. Өкінішке қарай, биыл Наурыз мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде. Осыған орай, менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды». Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Наурыз мейрамын тойлауға қатысты түсініктеме берді: "Наурыз - біздің ең үлкен мейрамымыз ғой. Бірақ өмірдің қауіпсіздігі – басты мәселе. Сондықтан қазір азаматтардың барлығына бас қоспаңдар деп айту қиын. Себебі қазақ бұрыннан бері бір-біріне барып, амандасып, қал-жағдайды сұрастырған ғой. Ал Наурызға байланысты үлкен тойлардың бәрі, көп адамдар жиналатын жерлерге тыйым салынады. Бірақ адамдардың бір-біріне барып, көрісуіне, бір-бірін құттықтауына ешқандай шектеу қойылмайды", - деді Тоғжанов арнайы баспасөз мәслихатында. Әрине, әрбір адам өзін ғана ойламауы керек. Әрбір азамат өз жанұясын ойлауы керек, айналасындағы ағайындарын ойлауы керек. Сондықтан ағайындар бір-біріне барып, құттықтап жатса, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймыз. Ал бұрынғыдай мың адам жиналатын үлкен шараларға тыйым салынады", - деп атап көрсетті Тоғжанов. Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас басылымда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтты. Президент мақаласында бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі екенін атап өтті. «Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көп этностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды», - деді президент. Мемлекет басшысы «Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек», - дей келе, бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол екенін айтты. «Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек», - деді ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында әрқашан қасиетті, киелі саналған Ұлыс күні «Наурыз» көп жылдардан бері тойланып келеді. Консерватория ауласында киіз үй тігіліп, төрт факультеттен тұратын консерватория ұжымы ұлттық киімдерін киіп, бір-бірімен қол алысып, амандасып, төс қағыстырады. Мерекеге арнап жеті түрлі дәннен наурыз көже дайындалып, әр кафедра өзінің әзірлеген дастарханынан дәм таттырады. Ақсақалдар жақсы тілектер айтып, дәстүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, соңы ән-күймен жалғасын тауып өткізілетін. «Наурыз» заманауи музыка фестивалі Алматыда 2004 жылдан бері өткізіліп келеді және биыл консерватория қабырғасында өтетін «Наурыз-21» атты фестивалі Алматыдағы VII фестивальдың «Ғарыштық», еуропалық мәртебесі Сальваторе Шаррино және Тосио Хосокавадан бастап, Ақтоты Райымқұлова және Санжар Бәйтерековпен жалғасын тапқан, келетін қонақтардың дәрежесімен ең прогрессивті музыканың орындалуымен айқындалады. Наурызды қадірлеу, оны дәстүрімізге берік енгізу, өмір салтымызға айналдырып қандай да болсын форматта (онлайн) атап өту – әр қазақстандық азаматтың борышы. Ұлттың көзін ашып, санасын сергіткен ұлыстың ұлы күні – Наурыздың тарих бедеріндегі өз орнын табуына, тілегі бір туыс халықтардың ортақ мерекесіне айналуына тілектеспіз!

Қуаныш Жұмағали Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторисының доценті, ҚР мәдениет саласының үздігі