Биыл COVID-19 дертіне қарсы вакциналардың жаһандық нарығы 80 миллиард долларға жетуі мүмкін. Ресей әлемдік нарықтың төрттен бірін бір өзі иеленуге ниетті. Солтүстік көршіде осы аптада үшінші төл вакцинасын – Чумаков атындағы ғылыми орталық әзірлеген КовиВакты азаматтық айналымға жеткізу басталады: бірінші партиялары өңірлерге жіберілді. Әзірге Қазақстан бұл жарыстан тыс қалып тұр: отандық вакцинамыз тек сәуірдің соңына қарай ел игілігіне айналады деп жоспарланды.
Жаһанда қанша ковид-вакцина бар?
Әлемде КВИ-ге қарсы ең құрығанда бір доза вакцина салғызған адамдардың саны 400 миллионға жуықтады. Салыстырсақ: Worldometer жаһандық есептегішінің дерегінше, 2021 жылғы наурыз соңында Жер тұрғындарының жалпы саны 7 миллиард 855,2 миллион адамнан асты. Яғни, әлем халқының небары 5,09%-ы егілді. Індеттің бетін қайтару, пандемияны жою үшін кем дегенде 70 пайызы вакцинациялануы қажет. Бүгінде әлемде бірнеше вакцина осы мақсатқа бөлінген миллиардтар тасқынын игеріп үлгеру үшін бір-бірімен қатаң бәсекеге түсуде. Оның қатарында Ухань және Бейжің биопрепараттар институттары бірлесіп жасап шыққан қытайдың Sinopharm вакцинасы бар: ол инактивті вакцина саналады, яғни SARS-CoV-2 микробтық бөлшектері алдымен қолдан өсіріледі, содан кейін өлтіріледі. Айтқандай, QazCovid-in қазақстандық вакцинасы осы тәсілге негізделуде. Ал Ресейдің Спутник V вакцинасында 1970 жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан ескі технология қолданылған: нақтылай кетсек, ол адамның 5-ші және 26-шы типтегі аденовирусының репликацияланбайтын вирусты векторына негізделген. Қарапайым тілмен айтсақ, вакцинамен бірге адам денесіне тірі COVID-19 вирусы енгізіледі, бірақ ол вирус көбею генінен айырылған. Сондықтан ресейлік ғалымдардың сендіруінше, ағза үшін қауіп тудырмайды. Ағылшын-швед фармкомпаниясы жасап шыққан Оксфорд университетінің инновациясы – AstraZeneca «шимпанзе аденовирусының модификацияланған векторына» негізделген. Америкалық Moderna вакцинасының да, сондай-ақ германиялық BioNTech пен америкалық Pfizer ойлап тапқан осы аттас вакцинаның да тип-өзегі – геномодификацияланған РНК-ға құрылып отыр. Айтқандай, америкалық Johnson&Johnson вакцинасы да адамның 26-шы типтегі аденовирусы векторына сүйенген. Дүниежүзінде бұдан басқа ұқсас өнімдер жетерлік, оның көбі жылдың екінші жартысына қарай толық қуатта өндіріле бастамақ. 2021 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 82 кандидат-вакцина клиникалық сынақтар сатысына шықты. Олардың көбі арасында ресейлік және қытайлық вакциналар осы сатыда сатылымға шығарылды. Бұдан бөлек, тағы 182 жаңа вакцина клиникалыққа дейінгі зерттеу сатысында тұр. 2 кандидат-вакцина аса уытты әрі қауіпті болып шығып, оларға қатысты барлық жұмыс тоқтатылды.Табысы оның көл-көсір
Тағы бір қызықты дерекке мән берсек: егілген вакцина дозаларының саны бойынша АҚШ бірінші орынға шықты (125 миллион дозаға жуық). Екінші орында – Қытай (75 млн). Үштікті Үндістан түйіндейді (45,07 млн). Әрине, егілген препарат дозасын мемлекет халқының санына шақса, көшбасшылар өзгереді. Мысалы, Израильде 9,4 млн, БАӘ-де 10,2 млн тұрғын бар. Яғни, мұндай рейтингте дәл осы елдер лидерге айналады. Вакцинациялану қарқыны артқан сайын оны өндіретін компаниялар шаш-етектен пайдаға батуда. Мысалы, таяуда Pfizer фармкорпорациясы немістің BioNTech-імен бірлесіп әзірлеген COVID-19 вакцинасын сатудан биыл шамамен 15 миллиард доллар табыс табатынын мәлімдеді (биылғы І тоқсан қорытындысында соның $4,4 миллиардын қалтаға басқан). Нәтижесінде, Pfizer 2021 жылы жалпы кірісін $59,4–61,4 млрд-қа жеткізбек. Бұл былтырғыдан 40%-ға көп. Pfizer вакцинасы АҚШ пен Еуроодақ секілді ірі нарықтарда бірінші болып лицензия ала алды. Табыстылық жөнінен екінші орынға тағы бір америкалық компания – Moderna шықты. Оның І тоқсанда вакцина сатудан тапқан пайдасы – 1,6 млрд доллар. Осы жылы ол 600 миллион доза өнім сатып, $10 миллиард табыс таппақ ниетте (1 дозасы шамамен 16 доллар). Үштікке америкалық Novavax ($10 млрд, 1 млрд доза, әр дозасы 10 доллар) шығады деп күтілуде. Ресейлік вакциналардың табысы белгісіз. Сарапшылардың байламынша, Ресей кем дегенде 2 миллиард доза өнім өткізуге дайын. Егер оның бәрін сата алса, қыруар кіріске кенелмек. Бірақ ол әзірше тек кедейлеу дамушы елдерді жағалап жүр, дамыған елдерден сертификат ала алмады. Мысалы, Қазақстан Спутник V-ның 1 дозасын 11 мың теңгеден (25 доллардан) сатып алуда екен. Яғни, одақтастың «көмегі» батыстық баламаларына қарағанда қымбатқа түсуде.Вакцина мен саясат
Ковид-вакцина үлкен саясаттың құралына айналды. Мысалы, Қытай төл вакциналарын жеткізу арқылы Үндістанның ықпал ету аймағына кіретін Сейшел аралдарын өзіне қаратуға, оның аумағында радарлық стансалар желісін салып, оны Үнді мұхитындағы төл плацдармына айналдыруға күш салуда. Бұдан бөлек, Business Insider секілді батыс басылымдары коронавирусқа қарсы вакцинасын алу үшін Түркия Қытайдың дегеніне көніп, қудалаудан қашып келген мыңдаған ұйғыр мен қазақты ұстап береді деген қауіп білдіруде. Әрине, түріктер бұл айыптауларды жоққа шығарған. Бұл болжамға не себеп? Биылғы 14 ақпанда Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Қытайдың Sinovac вакцинасын салғызды. Ал осының алдында, 27 желтоқсанда Қытай екі ел арасындағы қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісімді ратификациялағанын мәлімдеді. Құжатқа сәйкес, Бейжің қылмыс жасады деп айыптаған барлық қылмыскерді Анкара ҚХР-ға қайтарып беруі керек. Түркия әзірге келісімді ратификациялаған жоқ, жақында талқыламақ. Бүгінде Еуропаның өзіне екпе жетпей отыр. Өткен аптада Еуропалық комиссияның өкілі Эрик Мамер ЕО-ның өзіне мүше емес Ұлыбританияға вакцина жеткізуді уақытша тоқтата тұратынын хабарлады. Бұл британ патшалығының мазасын қашырды: Лондон ЕО-дан импорттамақ болып келіскен 42 млн дозаның 10 миллионын ғана алған. Ұлыбритания премьері Борис Джонсон әріптестерімен келіссөз жүргізе келе, Еуропалық одақ Ұлыбританиямен арада «вакциналар соғысына» жол бермейтінін хабарлады. Жалпы, коронавирус кімнің дос, кімнің қас екенін ашып беретінге ұқсайды. Вакцинамен бөлісу – одақтастық қатынастарды нығайтпақ. Ал оны қымбатқа сату немесе қызғанып, мүлдем бермеу серіктестердің арасын ашуы мүмкін. Содан болса керек, Қазақстан Үкіметі өнеркәсіптік кең өндіріске шыққан соң төл вакцинамыз Орталық Азия елдеріндегі бауырлас халықтарға да экспортталатынын мәлімдеп үлгерді.Айхан ШӘРІП