Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылында шашының ұзындығы 2 метр болатын 80 жастағы әжей бар. Жүзінің әрі кетпеген әжейді 80-ге қимайсыз. Ол шашы мен бет-жүзін ғана күтіп қоймайды, саламатты өмір салтын ұстанатын кейуана жаттығу жасап, арасында билеп те шынығады.
Шаштың киесі бар
Шашын қимайтын әулеттен тараған Рымкүл әжей шаштың да қадірі болатынын айтады. «Әжемнің қолында тәрбиелендім. Туғаннан шашымызды қимадық. Әжемнің аты Алма болатын. Бірақ ауылдың үлкені болғандықтан шығар, ел іші әжемді Яблоко деп атаған. Оған ауылдықтардың тілі келмей, «Жаблок әжей» деп кеткен. Сонымен бүкіл ауыл-аймаққа Жаблок әжей болып кетті. Арқалы, аузы дуалы болған. Мені жеңгелерім «жайдарман», «қалқажан», «еркежан» деп атады. Осылайша, әжемнің, жеңгелерімнің тәрбиесінде өсіп, еркелеп жүрдім. Тұрмысқа шығып бара жатқанымда әжем: «Шашыңды қиюшы болма. Түскен шашыңды жина, жерге тастама. Сенің шашың киелі» деп ескертті. Ескертуін қатаң сақтап жүрсем де, жаспыз ғой. Кекіл қойғым келіп, шашымның алдын кішкене қидырдым. Балам шетінеп кетті. Кейін тағы да үйелмелі-сүйелмелі балаларым бар, науқас енем мен күйеудің жағдайын жасау керек. Жерге сүйретіліп кететін 2,60 метр шашымды жуып, тарап алу үшін толық бір күнім кететіндіктен, 80 сантиметрдей қырыққанымда жолдасым о дүниелік болды. 28 жасымда жесір қалып, жаназада шашымды жайып отырдым. Ол кезде күйеуі жас қайтыс болса, шаш жаятын. Шашым әркімнің аяғының астында қалған соң үлкендер жинап қоюыма рұқсат берді. 5 жыл науқас енемді қарадым. Тағы да шашымды кішкене қиып едім, енемнен де айырылып қалдым. Үш рет қиып, 3 рет қаралы оқиғаға тап болыппын. Осының бәріне кезінде мән бермегенмін. 10 метр болып кетсе де, қырықпауым керек екен. Тағы да қияр ма едім, шешем түс көріпті. Түсіне әжем еніп, «ана Шұбардағы қыз шашын қиғалы жатыр екен. Оған ескерт, бұл жолы өзі кетеді» депті. Содан демалыс күні болатын. Шашымды жуып қиюға дайындап жатқанмын. Шешем келді алып-ұшып, әжемнің түсіне кіргенін ескертті. Сол кезде барып баяғы ескертуі есіме түсіп, шашыма тиген емеспін», – дейді кейуана өткенін еске алып. Рымкүл апаның бүгінге дейін жинаған шашы 2 қапқа толыпты. Салмағы 14 келі 300 грамм болған. Бір талына да тимей сақтап жүр. Бізге қолаң шашын қалай күткенін айтып берді. Төлеби ауданында таулы аумақта туып-өскен бұрымды қыздың шашын әжесі шаштың шайырын алады деп қымызбен жуады екен. «Айранмен жусақ, майланып кететін. Одан кейін арасында 5-6 жұмыртқаны шағып, табаққа шайқап-шайқап жіберсең, көпіріп, кәдімгі шампунь болады, сонымен жуатынмын. Соңғы жылдары жиі телеарнаға, газеттерге шығып кеткендіктен бе, шашым қатты түсті. Сосын журналдардан оқыған тәсілімді қолдандым. Күнде таңертең 7 жаңғақты шағып жесең, шаш түспейді және өсіреді деген соң осыны істедім. Сізге өтірік, маған шын, шашымның түсуі сап тыйылды. Әрине, бірден емес, бір айдан соң нәтижесін көрдім. Жас кезімде өріп қойған шашым сыймай, екі қалтама салып жүретінмін. Қазір төбеме түйіп қоямын. Жуып, тарау үшін бір күнім кетеді. Таңертең 2 стакан жылы суға бал қосып ішіп аламын. Артынан алма жеймін. Қазір 7 жаңғақты қосып жеп жүрмін. Содан түске дейін тамақтанбаймын. Түсте тыңқиып тойып алып, кешкі тамақты жемеймін. Күніне 2 литр су ішемін. Не нәрсе жесеңдер де, ыстықтай ішпеңдер. Өңештен бастап барлық жерді күйдіріп, организмді тез қартайтады», – дейді әжей.80-дегі әжей 11 түрлі жаттығу жасайды
Кейуана өзінің денсаулығына аса мән беріп жүрген жан. Таңертең жарты сағат 11 түрлі жаттығу гимнастикасын, одан соң кәрістердің тәсілімен бетке, денеге жасайтын массажын ұмыт қалдырған емес. Есесіне беті жылтырып, денесін шымыр, жеңіл сезінеді. Жылына екі мәрте санаторийге барып, ем алуды әдетке айналдырған. Екі ұл, бір қызынан шөберелер сүйіп отыр. Тоқыма жүйкені тыныштандырып, өзіңді жеңіл сезінуге үлкен септігін тигізеді деген тәмсілді берік ұстанған кейуана үйде тоқыма тоқуды қолға алған. Ауылда өтетін кез келген іс-шараның басында жүретін ол тұсау кесіп, бесікке салу сынды салттарды да жақсы меңгерген. Ауылға аяқ басқан үлкен кісілерге батасын беріп жүреді. 2019 жылы шашының ұзындығы бойынша Қазақстанның «КИНЭС» рекордтар кітабына енді. Ауылдағы орта мектепте тапжылмай 46 жыл орыс тілінен сабақ берген Рымкүл Бекенқызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері. Жастайынан өте белсенді болған ол аудандағы әжелер ансамблінің белді мүшесі. Би билеп, ән салады. Студент кезінде биші Шара Жиенқұловамен бірге билеп, талайларды таңдандырғаны бар. «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» атағын да алған. Үйі толған алғысхат пен грамота, медалдарға да бай.Ол мектеп оқулығында да жүр
Кішкене ғана Шұбар ауылынан талай әншілер түлеп шыққан. «Жігіттер» тобындағы Ердос Қанаев, Еркін Нұржанов және танымал Асқар Жүнісбеков те Рымкүл апаның шәкірттері. Ауылдағы саз мектебі талай таланттарды шыңдапты. Алайда бертінде жабылып қалған. Рымкүл Ертаева талай есікті тоздырып, саз мектебінің және 3 балабақшаның ашылуына тікелей мұрындық болған. Өзі өнерге жақын болғандықтан шығар, таланттардың ауылда тұншығып қалуын қаламайды. Айтқандай, әжейдің құпиясы мұнымен бітпейді. Ол шығармашылықпен де айналысады. 3 пьеса жазыпты. Оның екеуі үнемі ауылда, ауданда қойылып жүр. «Тастанды бала» деген атпен балалар үйінде өскен жігіттің өмірін баяндай келіп, онда қазақтың барлық салт-дәстүрін көрсетеді. Болған оқиға ізімен жазылған пьеса көрермендер тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағасын алып жүр. Алайда өмірі қызыққа толы сияқты болып көрінгенімен, әжей де талай қиындықпен бетпе-бет келгенін жасырмады. Бүгінде бәріне шүкіршілік етеді. Ал жастар шашын жайып жүрмесе деген тілегі бар. «Шаш жайған жақсы ырым емес. Ертеректе күйеуден жас қалса, шаш жаятын. Қазір жас өлім көбейді. Айналайын, шаштарыңды жинап жүріңдерші», – дейді кейуана. Айтқандай, Рымкүл апаның суреті 5-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығына да енген. 107-беттегі «Нағыз әжей қайда?» атты әңгімеге нағыз әжейдің бейнесін беріп тұр.Назгүл НАЗАРБЕК Шымкент қаласы