Павлодарлық Галина Беликтің қиын жағдайға түсіп қалғанын волонтерлер әлеуметтік желіден көріп қалған. Сөйтіп, олар әжейге көмекке келіп, үйінің ауласын қардан тазалап берді.
– Бұл жағдайды кеше әлеуметтік желіден оқыдық. Содан жиналған қарды тазалап бермек болдық. Негізі бұған дейін де талай қарттарға, зейнеткерлерге көмектесіп жүрміз. Арасында ондай жаңалықтардан қалыс қалып жатамыз. Бірақ бәріне көмектесуге тырысамыз, – дейді волонтер Алексей Лодочников.
Жергілікті әкімдіктің көмегі келгенше еріктілер зейнеткердің ауласын қардан тазалап берді. Ал әжей болса, енді үйін су алмайтынына мәз.
– Балалардың көмекке келгені жақсы болды. Айналам тазаланып қалды. Енді үйімді, қорамды су алмайды, – дейді Галина Белик.