Шымкент қаласы «сары аймақта».Осы салаға жауапты барлық мекемелер мен қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильді топ күшейтілген күн тәртібінде жұмысқа кірісті.
Биыл 659 млн теңге бөлінеді
Өткен жұмада эпидемиологиялық ахуал күшейген соң қаланың бас дәрігері қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екенін, инфекция жұқтырған науқастардың күн санап артып жатқанынескерткен бас дәрігер сақтық шараларды қатаң ұстануға шақырды. «Соңғы екі тәулікте шаһарда індет жұқтырған 147 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып отыр. Сондықтан Шымкент қаласы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймаққа» енді. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – коронавирусқа қарсы вакцина қабылдау. Сондықтан сала мамандары осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу і керек», – деді қала әкімі М.Әйтенов. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов бүгінде Шымкент қаласында жалпы коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компоненті 7 400 адамға, ал екінші компоненті 3 385 адамға егілгенін атап өтті. Инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары қаладағы 26 емдеу мекемесінде демалыс күндері де жүргізіліп жатыр. Бұған қоса қосымша 10 бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында екпе жасау үшін арнайы кабинеттер дайындалған. Кеңес отырысында қала басшысы өткен жылғы қателіктерді болдырмауды баса ескертті. «Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1 380 төсек-орын дайын. B және С сценарийі бойынша 5 мың төсек-орын дайындалады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 117 мобильді топ жұмыс істеуде. Дәрі-дәрмек қорына келер болсақ, өткен жылы коронавирусқа қарсы қолданылатын дәрілерге 180 млн теңге бөлінді. 15 мың адамға жеткілікті дәрі бар. Биыл тағы тұрақтандыру қорына 659 млн теңге көлеміндегі қаржы бөлінбек. Осы жұмыстар нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайыз төмендеді. 21 КТ, 32 рентгенаппарат, 615 ӨЖЖ аппараты бар. Демек, 615 реанимациялық орынға ИВЛ жеткілікті», – деді М.Әйтенов. Ал осы тұста қаланың бас дәрігері коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін қаладағы медициналық ұйымдарда қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын атап өтті. Ол медициналық ұйымдарда 900 млн теңгенің дәрі-дәрмек қоры бар екенін, бұл екі айға жететінін мәлім етті. Сонымен қатар қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс істеп тұр. Зертханаларда тәулігіне барлығы 6 270 тест жасау мүмкіндігі бар. Үшінші мегаполисте дәрігерлер тапшылығы байқалса, резервке дайындап қойған медициналық колледждерінің студенттерін іске қоспақ.Былтырғы қателіктер қайталанбасын
Шымкент қаласының әкімі өткен жылғыдай олқылықтарды болдырмау үшін биыл қызу жұмысқа кіріскен.Қала басшысы «сары аймаққа» кірген шаһардың эпидемиологиялық ахуалын бақылау үшін демалыс күндері де бірқатар ауруханалар мен дәрі-дәрмек сақтау қоймаларын аралап шықты. Асар шағынауданында орналасқан қалалық клиникалық балалар ауруханасы эпидемиологиялық жағдай ушықса 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға дайын. Бұл үшін ауруханада 60 төсек-орынға дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылған. Емдеу мекемесі заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған, медицина мамандары да жеткілікті. Мұнда инфекциялық ауруға шалдыққан балаларды ауруханада қабылдау үшін арнайы жоспар дайындалыпты. Науқас балалар бөлек бокстарда қабылданып, емдеу шаралары тиісті тәртіппен жүргізілмек. Айта кетейік, Асар шағынауданындағы балалар ауруханасында былтыр көпбейінді провизорлық орталық ашылған болатын. Мұнда инфекция жұқтырған 100-ден аса бала дертінен сауығып шыққан-ды. Шаһар басшысы балалар ауруханасынан соң Нұрсәттегі перинаталды орталыққа ат басын бұрды. Орталықта коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді қабылдайтын 30 орынға лайықталған провизорлық бөлімше ашылыпты. Орталықтағы провизорлық бөлімше оттегі нүктесі мен ИВЛ аппараттарымен толықтай жабдықталған. Жалпы, коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеу үшін орталықтағы 200-ден аса медицина маманы арнайы оқытудан өтіп, біліктілігін арттырыпты. Қабылдау бөлімінің мамандары эпидемияға байланысты науқастарды таза және лас аймақтар бойынша қабылдап, арнайы тәртіппен медициналық көмек көрсетеді.Дәрі-дәрмек қорлары бақылауға алынды
Қаладағы бірқатар көтерме сауда қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын «НПО ЗЕРДЕ» ЖШС, «АҚ НИЕТ» ЖШС, «Аптека №5», ATAMIRAS.S ЖШС көтерме қоймаларын аралап шыққан шаһар басшысы жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резерв қорының қамтылғанына көз жеткізді. Қоймалардағы ахуалды көрген соң Мұрат Әйтенов бетперде шығаратын Bіzhon жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мұнда күніне 20 мың данамен бірреттік үш қабатты бетперде шығады екен. Былтыр мұнда 78 400 000 теңгені құрайтын 2 240 000 медициналық бірреттік бетперде өндірілген.Ал «Экофарм» мекемесінде көпреттік бетперде мен бірреттік медициналық киім тігіледі. Өндіріс орны тәулігіне 2 000 медициналық қорғаныс киімін тігіп шығарады. Өткен жылы осынау мекемеде 4,5 млрд теңгеге 648 876 медициналық бұйым өндірген. Оның ішінде індетке қарсы киімдер, көп рет қолданылатын дәке таңғыш бар. Бүгінде Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында 900 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры, 46 941 ЖҚҚ жиынтықтары, 2 миллион медициналық бетперде, 1 014 600 медициналық қолғап дайындалған. Сала басшыларының айтуынша, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік зат бар. Оның ішінде ыстық түсіретін, антибиотиктер, глюконат сияқты вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Қала әкімі мекемелерді аралап болған соң «Айкөмек 109» орталығында қаладағы фарм компаниялардың және тиісті сала басшыларының қатысуымен онлайн көшпелі жиналыс өткізді. Онда фармацевтикалық мекеме өкілдерінің мәселесін тыңдап, ортақ шешім қабылданды. Тұрғындар егер де алыпсатарлықтың немесе дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырған жайттың куәгері болса дереу «109» байланыс нөміріне хабарласуы қажет. Айта кетейік, Шымкент қаласында 7 400 адамға вирусқа қарсы вакцина егілген. Оның 4 607-і– медицина қызметкері болса, мұғалімдер – 2 244, құқық қорғау органының қызметкері – 188, өзге топтағылар – 361.22 мобильді топ күн сайын тексеруге шығады
Үшінші мегаполистегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты карантин талабын сақтауды бақылайтын мобильді топ күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильді топ жұмыс атқаруда. Олар күн сайын карантин ережелерін бұзған нысандарды анықтап, әкімшілік хаттамалар толтырып жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 4 сәуір күні КВИ-дің 48 жағдайы тіркелген. Оның ішінде белгілері 25 науқас инфекциялық стационарға жатқызылып, 23 адам үй бақылауына алынған. Қазір қалада 1 380 төсек-орын бар, оның 1 067-і – бос. Жұқпалы және карантин ауруханаларында 313 науқас ем қабылдап жатыр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы