«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» болып тұрған заман. Бұл экономикамызды жетілдіре түсетін әр салаға байланысты айтылса керек. Бірақ барымызды бағаламай, шетелге жалтаңдауымыз қынжылтады. Тұқымы құрып кете жаздаған ақбас сиыр бір жылдары даламызда өріп жүретін, қазір оны «ана шаруашылықта сонша, мына шаруашылықта мұнша» деп санап кеттік. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мыңғырған қойымен мақтанған қазақ Моңғолияға көз салды, тұқымын берші деп сөз салды...
Ақбас сиыр мөңірей ме, қораңда?
Қазақстанда бұл асылтұқымды ақбас сиырдың пайда болғанына да 90 жылдың мұғдары болыпты. Өткен ғасырдың 32-50-жылдары Қазақстан мен Ресей бірігіп, қазақ және қалмақ даласында жайылып жүрген сиырмен герефорд бұқасын будандастырып, асылтұқымды осы қара малды «жасап» шығарды. Жылдар өте бұл тұқымның жаз аптабы мен қыс қаһарына да төзімді әрі етті екеніне куә болды халық. «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен танылған бұл асылтұқымды сиырлар белгілі бір ауылдарда өсірілді. Шет ауданына қарасты «Просторненское» асылтұқымды мал зауыты осы ауылдың бірі еді. 1980 жылдары осы зауыт туралы газеттен оқығанбыз. Онда бұл тұқым туралы, яғни ақбас малдың бір жасар бұқасы 1 000 келі тартып, Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде бас жүлдені алғаны жазылған. Иә, кейін Кеңес Одағы ыдырап, совхоз тарап, шаруашылықтағы мал таран-таражға салынды. Дегенмен ауылдарда жеке қожалық ашқандар жетерлік. Қорасында осы асылтұқымды ақбас сиырлар әлі де бар. Бірақ біз оны місе тұтпай, Канададан сиыр әкелуге миллиардтар жұмсадық. Олардың біразы жерсінбей, климат ауыстыруға төзбей, саны азайды. Сонда да қоймаймыз. Сыртқа жәутендейміз...Қораға сыймаған қой қайда?
Бұрын ауылда табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой болатын. Ал бұдан отыз-ақ жыл бұрын ауылдарда қой, сиыр, жылқы фермасы болып бөлінгенін қалай айтасың ұрпаққа? Тұқым сұраймыз деп отырған моңғол елінде 1990 жылдары ірілі-ұсақты малдың саны 25 миллион, ал Қазақстанда тек қойдың басы 35 миллион болған екен. Мына қызықты қараңыз. Қазір 3,2 миллион халқы бар Моңғолияда тек қой – 57 миллион, ал біздегі қой саны 18 миллион екен. Біз сонда бұрын мал бағуды басқаға үйретуші едік, қазір үйренушіге айналдық. Шетелде «қойдың етінен гөрі шикізатынан көп пайда табамыз» дейді екен.Айтарым бар, тыңдайсыз ба?
Ауылда тұратын бауырларымыз жетерлік. Мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Кейбірі «Сыбағамен» несие алып, сиыр сатып алған. Бірақ бірлі-жарымы ғана оны тұрақты ұстап қалды. Енді бірі малды қайта сатып, алған несиесін жабуда. Қарағанды облысы Абай ауылында тұратын Аян есімді жігіт бұдан үш жыл бұрын дәл осы бағдарламамен он бас сиыр сатып алыпты. «Әу баста қызықтым. Үйдегілермен ақылдасып, он бас мал алдым. Кейін басталды. Жайылымға жер жоқ. Қысқы шөпті жинауға да қаржы қажет. Қиналып қалдым. Сүтті өткізу де басты мәселеге айналды. Ақыры сатып тындым, түскен қаржымен несиемді жаптым. Негізінде, мен сиыр сатып аларда ұрынып қалдым. Мамандар маған қандай мал сатып алу керек екенін айтпады. Оларда түсіндіру жұмысы ақсап тұр. Мысалы, маған қайдан жас мал сатып алуыма болатыны туралы айтса, кәрі сиырларды сатып алмас едім. Жаспын, бұрын мал шаруашылығындағы тәжірибем аз болды, сол менің ұтылғаным» дейді. Бұл бір Аянның ғана басындағы жағдай емес.Тобықтай түйін
Ауылды көркейту, мал шаруашылығын жетілдіру бір ғана бағдарламамен шектеліп қалмайды. Мысалы, ауылдарда өз шаруашылығын дөңгелетіп отырған жеке фермерлер бар. Алды – 500, кемі 100 ақбас сиырды бағып отыр. Солармен келісіп, мал ұстаймын деп талпынған жастарға жерсінген асылтұқымды малды неге сатпасқа? Кейбір ауылда 4-5 түтін ғана бар. Сол ауылдардың жері бос жатыр. Міне, осы төрт-бес үйге мемлекеттің есебінен шопан немесе сиыр бақташыларының қосынын неге ұйымдастырмасқа? Қайтарымы да болар еді. Өйткені олар жерді еміп, малға байланғандар. Жөн біледі. Сонда ғана ауылымыз жанға, қорамыз малға толады!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы