Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының шешімімен Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асырудың басым бағыттары бойынша 14 партиялық кеңес құрылды.
Партиялық кураторлар институтының орнына құрылған қоғамдық кеңестің жұмысына қатысты Мәжіліс депутаттары пікірін білдіріп, өздеріне жүктелген міндетті лайықты деңгейде атқаруға уәде етті. Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы болған Аманжан Жамалов партиялық кеңес жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын айтты.
– Қоғамдық кеңестің құрамына Парламент депутаттарынан басқа белгілі сарапшылар, әлеуметтік белсенділер мен кәсіпкерлер де енеді. Юлия Якупбаева, Гүлнәр Құрбанбаева, Ләззат Ибрагимова, Гүлнар Қуанғанова, Руслан Сұлтанов, Берік Бекенов, Азиза Шужеева, Эльдар Мамедов, Гүлмира Уахитова, Аман Аюпов, Айнұр Бақтығалиева және басқалар кеңеске қатысуға келісім білдіріп үлгерді.
Біз сайлауалды бағдарламаның «Қолайлы экономикалық орта» (34 балл) және «Мықты кәсіпкерлер» (28 балл) бағыттарын бақылап отырамыз. Олар бюджеттік саясат, салықтар, несиелеу, инфляция, инвестицияларды тарту, ШОБ дамыту мәселелеріне қатысты. Бағдарламаның барлық тармағын іске асыру Қоғамдық кеңестің бақылауында болады деп сендіргім келеді. Қоғамдық кеңестің жұмысы барынша ашық болады. Біз оның жұмысына сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін шақырамыз, – деді халық қалаулысы.