Елімізде ең көп қаржы бөлінетін саланың бірі – жол құрылысы. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы бар деп танылған жолдардың өзіне шамамен 200 млрд теңге көлемінде қаражат қаралады. Одан өзге аудан мен елді мекендер ішіндегі жолдар бар. 2019 жылы 200-ді былай қойып, 500 млрд теңге жұмсадық. Жасыратыны жоқ, әсіресе аймақтардағы жолдардың көбінің сапасына көңіл толмайды. Бұған жол құрылысында жемқорлық жайлағаны кесірін тигізіп отырғаны сөзсіз.
Осыдан 3-4 жыл бұрынғы есепке жүгінсек, Қазақстанда екі жолақты асфальтталған жолдың бір шақырымын салу үшін шамамен 700-800 мың доллар қажет болған. Ал цемент-бетон жабыны мен бөліп тұратын қоршауы бар төрт жолақты жолдың бір шақырымына 3,7 миллион доллар шығын болады деп жоспарланыпты. Енді қараңыз, бұл баға жол төсеуге ұсынған әлемдегі ең қымбат бағалардан асып түскен. Соған қарамастан, жалпы еліміздегі жол сапасы өте төмен деңгейде. Сөзіміз жалған болмасын, жол сапасы жөніндегі халықаралық рейтингте 2017 жылы 114-орында тұрдық. 2018 жылы 106-орынға шықсақ, 2019 жылы 93-орынмен ғана шектелдік. Жолға көп қаржы бөлетін елдердің қатарында тұрып, мұндай көрсеткішпен мақтануға болмайтынын ескерген жөн. Жуырда ғана Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Матай Байысов атындағы ауылда былтыр тамызда ғана төселген жол шұрық-тесік болып жатқаны анықталды. Жалпы ұзындығы 2 шақырымдай осы жолға 50 миллионға теңгеге жуық ақша бөлініпті. Байқасақ, жол астына шебін төселмей, асфальтқа топырақ араластырып құя салған. Ал әкімдік болса, «мердігер компания өзі жөндейді» деп сылбыр жауап бере салыпты. Әзірге тұрғындар наразылығы болмаса, жол құрылысына қатысты еш тексеріс жүргізілмей тұрған тәрізді. Айтпақшы, сапасыз жол дегенде есімізге былтыр әлеуметтік желіде «әйгілі» болған Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы «кілем жол» аталған асфальт еріксіз еске түседі. Әуелде көптің назары ауған соң аудан әкімдігі түрлі жауап қатып, біраз жалтақтаған болатын. Ақыры сәуірдің басында аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы жол құрылысы кезінде пара алғанын мойындап тынды. Жолының 92 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде тұрған Маңғыстаудың өзінде жағдай – осындай. Мұндай оқиғаларды тізбектеп, тауыса алмаспыз. Осыған дейін «Қазавтожолдың» өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғаларының бірнешеуі сотталып кеткенде, шенділердің олардан қалыса қоймасы анық болған. Сонымен, жолға бөлінген қаржы жемқорлық жолына «төселеді» екен. Ал қылмыс схемасы қандай әдістермен жүзеге асады?Жемқорлық жолы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысы саласында жемқорлықтың көп екенін бұған дейін де растаған. Агенттік бұл тұста шенділер мен мердігер компаниялардың қандай әдістермен айлаға баратынын көрсеткен екен. Талдау бойынша, қызмет жеткізушісін анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жобаның құнын арттырып жазу, сапасыз құрылыс материалдарын алып, қаражат жымқыру көп кездеседі. Бір ескерері, мұндай амалдардың бәрінде шенділер өз «үлесін» алады. Сондай-ақ объектілерді пайдалануға қабылдауды, реконструкциялау және жөндеу кезінде тексеру рәсімдерін лауазымды тұлғалар жүзеге асыратынын ойласақ, жемқорлық құзырлы органдар арқылы «жайқалып» отыр. Ал техникалық қадағалауды осы салада қажетті білімі жоқ тұлғалар атқарады немесе кемшілікті көре тұра оң бағалай салады. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мұны шешудің жолын да ұсыныпты. Айтуынша, қоғамдық бақылауды күшейту тиіс. Яғни, жол құрылысын қабылдар алдында халық пікірі тыңдалу қажет. Мәселен, объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде арнайы комиссиялар құрылады. Олардың құрамына тапсырыс берушінің, бас мердігердің, жергілікті атқарушы органдардың, сәулет және қала құрылысының өкілдері ғана кіреді.2025 жылды күтеміз бе?
2019 жылы мамыр айында барлық аймақтық жол зертханалары «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» құрамына біріктірілді. Жол сапасын бақылауға қатысты ауқымды жұмыстар ілгері басты. Былтыр орталық мамандары 11,5 мыңнан астам асфальт сынамасын тексерген. Оның үштен бірі, яғни 4,5 мыңы стандартқа мүлде сай келмейтін болып шыққан. Қазақстандағы ең жақсы жолдар Маңғыстау, Павлодар және Алматы облысының тұрғындарына тиесілі. Ал ең нашар бағаланған жолдар Батыс Қазақстан, Атырау мен Солтүстік Қазақстан облысында екен. Тексеру нәтижесіне сенсек, әсіресе жергілікті жолдардың тозығы жеткен, республикалық бағыттармен салыстырғанда кем-кетігі өте көп. Біріншіден, қаржыландыру мардымсыз. Екіншіден, мердігер ұйымдар жергілікті жолдарға кепілдік мерзімін екі есе қысқа белгілейді. Үшіншіден, мемлекет жергілікті жолдарды көлденең көк атты компанияларға сеніп тапсырады. Мәселен, Талдықорған – Өскемен және Омбы – Майқапшағай магистральдарының кейбір учаскелерін жасауға қытайлық CITIC Construction Ltd, италиялық Todini Central Asia секілді ірі консорциумдар жұмылдырылған. Ал жергілікті жолдарды місе тұтатын кішігірім отандық компаниялар техникалық жабдықталуы жағынан шетелдіктердің шеніне келмейді. Олар құрылыс материалдарын тасуға да қиналып, өзге өңірлерден әкелсе, қалтасы қағылатынын біліп, таяу маңда жатқан қиыршық тастарды талғамай пайдаланады екен. Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмаққа мақсат қойды. Жойқын жоспарды орындауға республикалық бюджеттен аста-төк ақша бөлінеді. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жатыр. 2020 жылы ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифрлық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзілген болатын. 95 пайыз мінсіз жолымыз шындыққа айнала ма, әлде құр қиял ма, әзірге беймәлім. Кесіп-пішіп, нақты жауап беру қиын-ақ. Әйткенмен жемқорлық ауыздықталмайтын болса, осы тесік-шұқыр жолдардан арыла қоймасымыз анық.Мадияр ТӨЛЕУ