Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «KADEX-2016» халықаралық әскери техникалар көрмесін аралап жүргенде «еліміздегі қорғаныс-өнеркәсіп мақсатындағы тапсырыстың 80 пайызы отандық кәсіпорындарға берілсін, тек қалған 20 пайызы шетелдік заманауи техниканы сатып алуға бөлінуі тиіс» деп айтқан болатын. Бірақ содан бері бес жыл өтсе де, жағдай оңалып кете қойған жоқ.
Қауымдастық неге наразы?
Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қауымдастығы Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты (МҚТ) қалыптастыру, орналастыру және орындау ережелеріне және әскери мақсаттағы тауарларға баға белгілеу қағидаларына аса наразы. Қауымдастықтың төрағасы Айбек Барысовтың айтуынша, бұл талаптар отандық өндірушілердің дамуына кесірін тигізуде, сондай-ақ қорғаныс саласының импорттық өнімдерге тәуелді болуына көпе-көрнеу басымдық беріп қойған. – Мәселен, «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау кезеңі» ережесі отандық кәсіпорындардың ұзақмерзімді технологиялық циклде жасалатын өнімдер бойынша келісімшартқа отыруына мүмкіндік бермейді. Яғни, мемлекет жаңа технологиялық шешімдерді, күрделі өнімдерді игеруге және өндіріске енгізуге қолдау көрсетуге құлықсыз. Сөйте тұра, қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында шешімін 5-10 жыл күтуге тура келетін технологиялық мысалдар жеткілікті,– дейді Айбек Барысов. Бұдан бөлек, отандық жабдықтаушылардың МҚТ орындаушы тізіліміне енуі үшін Индустриялық сертификат керек. Ал сертификат бұрыннан шығарылып келе жатқан сериялық өнімдерге ғана беріледі. Мұндай талап техникалардың жетілдірілген түрлерін шығарғысы келетін кәсіпорындардың қолын байлап отыр. Өйткені тек сертификат алу үшін ғана құны қымбат әскери техниканың жаңа үлгісін жасауға кәсіпорындардың шамасы жете бермейді. Сонымен қатар тізілімге жылына көп дегенде екі рет қана толықтыру енгізіледі. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы аталған ережеде, сондай-ақ болжанбаған мән-жай, экономикалық немесе саяси тұрақсыздық (санкция, эмбарго және т.б.) кездерінде келісімшарт мерзімін өзгерту процедурасы ескерілмегенін айтады. Мысалы, Үкіметтің МҚТ бекіту туралы кезектен тыс қаулысы шыға қалса, әйтпесе құзырлы орган тапсырысты орындаушыны таңдауды ұзаққа созып жіберсе, келісімшарттарға қол қою мерзімі автоматты түрде кейінге шегеріледі. Бірақ тіпті мұндай жағдайдың өзінде келісімшарт міндеттемелерінің орындалу мерзімін кейінге ауыстыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондай-ақ қорғаныс өнімдеріне баға белгілеу ережесі бойынша тауардың өзіндік құнына МҚТ кезеңіне дейінгі шығындар қосылмайды. «Кәсіпорындардың жалғыз табыс көзі мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарынан жасақталатындықтан, өндіріске қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алуға, өндірістік қуаттарды жөндеу және оларды күтімде ұстауға, кадрларды оқыту мен қайта даярлауға, тіпті жалақы қоры аясында жұмысшыларға еңбек демалысы төлемін төлеуге қажетті қаржыны қайдан алуы тиіс? Ал бұл шығындар аталған ережеде қарастырылмаған», – деп қынжылыс білдірді ол.Құзырлы орган қандай уәж айтады?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев ҚР Үкіметінің 2019 жылғы қаулысымен бекітілген аталған ереже мен оған енгізілген өзгерістер жобасы қазір арнайы жұмыс тобының қарауына жіберілгенін жеткізді. Сондай-ақ «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 22-бабына сәйкес МҚТ орындауға арналған шарт үш жылға дейінгі мерзімге жасалатынын (қауымдастық өкілі айтқандай 7 ай мерзімге емес. – авт.) және әскери мақсаттағы тауарларды, қосарланған өнімдерді өндірудің, жұмыстарды атқарудың және қызметтерді көрсетудің бүкіл жиынтығының жекелеген түрлеріне де жасалатынын ескертті. – Ал жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеумен, ұзақ инвестициялық циклы бар күрделі өнімді игерумен байланысты 5,10 жыл қажет болатын технологиялық міндеттерге келер болсақ, мұндай міндеттер ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы шешіледі. Сондықтан ол шығыстарды сериялық өндірілетін әскери өнімнің құнына қайта қосудың қажеттілігі жоқ, – деді ол. Қайырбек Өскенбаев индустриялық сертификат жайында да түсінік берді. Ол кәсіпорындарды МҚТ орындаушылары тізіліміне енгізу үшін индустриялық сертификаттың болуы заңмен міндеттелгенін атап көрсетті. «Тізілім қызмет бағыттары (ұшақтарды, тікұшақтарды, оқдәрілерді әзірлеу, өндіру, жеткізу және т. б.) бойынша қалыптастырылады, тиісінше өндірістің белгілі бір түріне берілген индустриялық сертификат кәсіпорындарды одан әрі дамытуды, мамандандырылған салалардың өндіріс көлемін кеңейтуін шектемейді», – деді ол. Күтпеген мән-жайлар жағдайында шарттардың мерзімінің өзгеруі Қазақстанның қолданыстағы жалпыға бірдей заңымен реттеледі. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша пандемияға байланысты туындаған форс-мажорлық жағдайларға байланысты жалпы сомасы 7 млрд теңгеден асатын 10 шарт бойынша МҚТ орындау мерзімі ұзартылған. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығын күпті қылған тағы бір жайт – құзырлы органдардың кәсіпорындардың кіріс бөлігіне қол сұғуы. Қорғаныс министрлігі МҚТ орындаушылардың нақты шығындарын тексерген кезде 2019 жылдың қорытындысы бойынша ғана өнім құнының 2,5 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз көтерілгенін анықтаған. Енді отандық кәсіпорындар осы «артық ақшаны» қайтаруы тиіс. Ал бірақ мұндай талап қорғаныс өнімдерімен жабдықтайтын шетелдік компаниялардың ешбіріне қойылмайды. Біздің шенеуніктер олардың бухгалтериясын бақылай алмайды, олардың тауарларының өзіндік құны мен табысын тексермейді.Дәулет АСАУ