2020-2021 оқу жылының басында М.Тынышбаев атындағы академия мен Халықтар достығы университетінің бас лицензиясынан айырылғаны туралы ақпарат тарады. Биыл Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің жабылатыны сөз болды. Бірақ Ә.Қуатбеков атындағы университеттің бас лицензиясын қайтарып алғанын көпшілік білмейді. Неліктен Білім және ғылым министрлігі тартып алғаны туралы ақпарат таратады да, қайтарып алғаны жайында ләм-мим демейді. Әлде Үкіметтің алдында қате жібермейтіндей көрінгісі келе ме?
Үздіксіз тексерудің мақсаты не?
Иә, ел ішінде жаман хабардың желдей есетіні бар. Шымкентегі Ә.Қуатбеков атындағы университет те «беделімізге нұқсан келтіргені үшін сотқа беруімізге болар еді. Бірақ ондай қадамға бармадық» деп отыр. Яғни, министрлік университеттердің бас лицензияны қайтарып алу туралы сотқа қайта шағымданатынын біле тұра ақпарат таратқан. Ал процесс қалалық, облыстық сотта қаралып, ол жақтың күші жетпесе іс Жоғарғы сотқа жіберіледі. Мәселен, министрлік 10 шақты университеттің бас лицензиясын тартып алдық деп ақпарат таратса, артынша соның бес-алтауы лицензияны қайтарып алады екен. Алайда қайтарғаны туралы, дәлірек айтсақ, министрлік өкілдерінің екінші кездесуде қарсы тарапқа жеңілгені жайында ақпарат шықпайды. Өйткені министрліктің әлеуметтік желілердегі парақшаларын жіті қадағалап отыратынымыз тағы бар. Мәселенің анық-қанығын білмекке М.Тынышбаев атындағы академияға қоңырау шалдық. Қазір академия соттасып жатқанға ұқсайды. Процестің аяқ алысын сұрағанымызда, нақты жауапты хат ретінде жолдайтындарын айтты. Ал Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті мән-жайды айтудан бас тартты. Бір қызығы, университеттің соттасып жатқаны не болмаса жабылатыны жайлы мәлімдеме жасамағаны таңдандырды. Тілшілерді былай қойғанда, оқу орны студенттердің сауалына жауап бермейді-мыс. Аталған университетте білім алатын Ә. есімді қызды әңгімеге тартқанымызда, не факультет деканының орынбасарынан, не проректордан жауап ала алмағанын атап өтті. Студентті ертеңгі тағдыры алаңдатады. Оқу жылы болса аяқталып жатыр. Ал студенттердің келесі жылы қай оқу орнында оқитыны белгісіз. Осылайша, өткен жылы бас лицензиясынан айырылды деген Ә.Қуатбеков атындағы университеттің ректорына қоңырау шалдық. Әңгіме барысында ректор Білім және ғылым министрлігіне өкпесі қара қазандай екенін жеткізді. Өйткені Халықтар достығы университеті министрлікке қарсы сотта жеңіске жеткеннен кейін де, комитет тексеруін қоймаған. Арада 4 ай өткесін тексеруді қайта бастапты. «Министрлік, еліміздегі жетекші басылымдар бас лицензиядан айырғаны туралы ақпарат таратты да, қайтарып алғанымызды жазған жоқ. Хош, министрлік Шымкент аймақтық инновациялық университетінің 6 мың студентін қабылдау туралы ұсыныс білдіргенде келістім. Олар өңірде шу шығып, студенттер мен ата-аналар наразылық білдірмеуін сұрады. Аталған студенттердің құжатын қабылдағаныма 1 ай болғанда бізге тексеру жіберді. Бұл қалай сонда? Өткен жылдың 19 қарашасында мамандандырылған әкімшілік сот арқылы бас лицензиямызды қайтарып алдық. Нұр-Сұлтан қаласында да сот өтті. Екі жақтың шешімімен жеңіске жеттік. Арада 4 ай өтер-өтпестен қайта тексеру жібермек. 29 наурызда тексеру келетіні жайлы ескерту жіберді. Бірақ университет карантинге жабылғандықтан, келе алмады. 8 сәуір жұмысты қайта бастаймыз. Мұны ести салысымен комитеттің келетіні сөзсіз. Пандемия өршіп тұрған шақта да, тексеру тоқтаған емес. «Бюрократия, қағазбастылыққа жол жоқ» дейді де, іс жүзінде басқаша сөйлейді. 27 наурыз күні министрге де, бас прокуратураға да хат жолдадым. Жауап жоқ. 2020 жылы 3 үлкен комиссия келді, тексеруінен өтіп, әкімшілік айыппұлды төлесек, неліктен 4 айдан соң қайта түрткілейді? Университеттің профессорлық құрамы тексерістен шаршады. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр», – дейді ректор Рабиға Қуатбекқызы.Бас лицензиядан айыру орынсыз
Жоғары білім жөніндегі сарапшы, академик Кәрімбек Арыстанбекұлы министрліктің 2-3 университетті жабамын деп соңы дау-дамайға ұласып жатқанына сын көзбен қарайды. Кезінде 35 жоғары оқу орны мен 82 филиалды ың-шыңсыз жапқан ол жауапты органның тетікті таппай жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, жоғары оқу орнын іріктерде аккредиттеуге, рейтинг пен жұмыс берушілердің талабына құлақ асқан дұрыс. «Жоғары оқу орнын бас лицензиясынан айыру орынсыз. Сай келмеген мамандықтар бойынша лицензияны алу керек. Қазір университеттер кемінде 20-30 мамандықтан дайындайды. Соның бес-алтауы талапқа сай емес деп, қалған 20 мамандықты «құрбандыққа шалуға» болмайды. Жоғары оқу орындағы бәсеке мамандық турасында болғаны жөн. Профильді университеттерді жасақтау керек. Мәселен, 90 жылдық тарихы бар теміржол академиясын жауып тастады. Бұдан не ұтты? Одан да академияда ғана оқытатын мамандықтарды жетілдіріп, теміржол мамандарын даярлайтын институт ретінде қайта құру қажет. Екіншіден, мамандандырылған университеттерді жинақтау керек. Бүгінде педагогика мамандығын оқытатын 87 оқу орны бар екен. Бұл не деген батпанқұйрық? Біз маман даярлауды ұмыттық. Қазір диплом алуға құштарлық басым. «Жоғары білім алсам, дипломым болса» дейтін ой бәріміздің түбімізге жетеді. Сол үшін белгілі бір мамандықты бітіргенде дипломмен қатар біліктілік сертификаты берілсе деймін. Мұндай тәжірибе бірқатар елде бар. Айта кетерлігі, әлем елдерінде университеттерді тексеру деген жоқ. Керісінше, аккредиттеу деген бар. Ал бізде барған жерін қырып-жою, әшкере етуге басымдық беріледі. Олқылықтың орнын толтыруға көмек беріп, мониторинг жүргізбейді. Университетті жапқаннан сапа көтерілмейді», – дейді жоғары білім сарапшысы Кәрімбек Арыстанбекұлы. Біз де министрліктен нақты қанша университеттің бас лицензиясын қайтарып алғаны туралы ақпарат сұрадық. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымымен сөйлескенімізде, «мақаланы бір күн шегере тұрсаңыз, ақпарат береміз» деп сендірді. Алайда арада күн өтсе де, жауап жоқ. Осыдан кейін жоғарыдағы сарапшының сөзімен келіспеске шарамыз қалмады. Расымен, жауапты орган ақпарат беруден жалтара ма? Әлде соттан жеңілгені туралы айту жанды жеріне тие ме? Сіз бен біздің елдегі қанша университеттің жабылғаны немесе қайта жұмысы жанданғаны туралы білуге құқымыз бар емес пе? Сайып келгенде, министрдің брифинг сайын «ашықтыққа жақынмын» дейтіні тағы бар.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ