Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы 11 елдімекенде су көше бойын алып кеткен. Құтқарушылар қазіргі уақытта апаттан құтқару үшін еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Күрт еріген қардан облыс аумағындағы су басу қаупі төнген аймақтарда қауырт тірлік жүріп жатыр. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті барлық күш-құрылымдарының құтқару жұмысына жұмылдырылғанын баяндады.«Қоянды ауылындағы жылдам ерігер қардың суынан суға кеткен үш үй мен олардың ауласынан суды сору жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Арайлы, Қаражар, Қызылжар, Ақмол, Қосшы, Қабанбай батыр, Қызылсуат және Жарлыкөл ауылдарында суды сорып жатыр. Бүгін таңертең 10:35-те Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының МИ-869 тікұшағы су тасқынының жағдайына мониторинг жүргізу үшін Вячеслав су қоймасы-Қоянды-Илинка» бағыты бойынша ұшып шықты. Тікұшақ бортында Төтенше жағдайлар департаментінің, Ақмола облысы әкімдігінің, экология, Геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінің және «Қазгидромет» РМК өкілдері бар», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.Қазіргі таңда Ақмола облысында елдімекендерді су басуына жол бермеу мақсатында қар шығарылып жатыр. Жалпы облыс аумағынан 447 813 текше метр қар шығарылса, сондай-ақ 177921,8 текше куб су сорылған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы