«Туристік қамқор» қоры мәлімдеуінше, Мысырда қалуға мәжбүр болған 17 жастағы отандасымыз елге оралды. Ата-анасы оны Мысырда шарасыздықтан қалдырып кеткен. Жасөспірімнің оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқыланған-ды.
Оқиға төмендегідей өрбіген. Төрт адамнан тұратын отбасы Мысырда демалған. Олар елге қайтатын кезде ПТР-тест тапсырған. Үлкен ұлының тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Осылайша, туроператор отбасын Мысырда ұлдарын қалдырып, өздерін Қазақстанға оралуға көндірген. Жасөспірімнің ата-анасы бұған дейін оның шетелге жалғыз ұшқанын ескеріп, ұсынысты құптаған. «Баланың ата-анасы оны Мысырда тастап кеткені дұрыс болған. Өйткені ол бортта екі жүзден астам адамға коронавирус жұқтыруы мүмкін еді. Бұл ретте туроператор барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Жасөспірім қонақ үйде қалды. Барлық шығынды қонақ үй басшылығы көтерді», – деп хабарлады «Туристік қамқор» қоры. Желіде жасөспірім емделу мен елге келу шығынын өз қалтасынан төледі деген ақпарат тарады. Алайда қор өкілдері бұл ақпардың жалған екенін атап өтті. Сақтандыру компаниясы да ережеге сай әрекет еткен. Жас жігітті қонақ үй бөлмесінде оқшаулап, тамақпен қамтамасыз еткен. Оның жағдайын бақылап, ПТР-тест ақшасын төлеген.А.ЖОЛДАС