Кәсіподақтардағы әйелдер үлесі – қоғамда, соның ішінде еңбек нарығындағы нәзік жанды азаматшалардың ел дамуына елеулі үлес қосып отырғанының көрінісі. Дәл осы кәсіподақ саласындағы әйелдердің еңбек құқықтары мен бостандықтарын, тең мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында Алматы облысының кәсіподақтар орталығы жанында еңбек етуші әйелдер мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылып, қызмет етеді. YNTYMAQ салалық кәсіподағы Алматы облыстық филиалының төрайымы Самал Бакирова басқаратын осы комиссия өзінің алғашқы отырысын өткізіп, онда маңызды бірнеше мәселе көтерді.
Комиссия жұмысына «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ә.Қыдырманов, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Г.Тойлыбаева, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Алматы облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ж.Оразғалиева, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының төрайымы, комиссия мүшесі С.Ахмадиева, Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Г.Битебекова, «Алматы облысы пошта байланысы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» төрайымы Г.Нақыспекова, «Облыстық көпсалалы клиника» МҚК жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы, комиссия мүшесі Ә.Оразбаева, «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» ҚБ-нің бас маманы Л. Сағынғалиқызы қатысты. Отырыста Қазақстан Президентінің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру, кәсіподақ қызметінде ұжымдық шарт, ұжымдық келісімдер мен келіссөздер арқылы әйелдер мен ерлердің тепе-теңдігіне қол жеткізу, «Nur Otan» партиясының «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» кеңесі қызметімен тығыз байланысты жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды. «Коронавирус пандемиясы салдарын елімізде тек бизнес қауымдастығы, білім және медицина саласы емес, жалпы отбасы, әйелдер мен балалар да сезінді. Кейінгі уақытта белең алып бара жатқан «отбасылық зорлық-зомбылық» көрсеткіштері, жұмыссыздық, қысқарту азаматтардың еңбекке араласуына, қоғамда белсенді қызмет атқаруына кері әсерін тигізді. Бүгінгі күні біз кәсіподақтар тарапынан жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді жұмыстан шығару; әйелдер мен бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды еңбек уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері, түнгі кезде жазбаша келісімінсіз жұмысқа тарту; жұмысқа қабылдау, еңбек шарттарын бұзу, жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар адамдарға қызметтік іссапарларға жіберу кезінде кепілдік беру тәртібін бұзу сынды заңсыздықтармен күрес шараларын белсенді түрде қолға алдық. Бұл жұмыста біз «Nur Otan» партиясының «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» кеңесімен, Алматы облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз. Әр отырыста маңызды сауалдарды ортаға салып, гендерлік саясаттың іс жүзінде дұрыс ұйымдастырылып, әйелдердің қоғамдағы рөлін, «ана» мен «отбасы» институтын қалыптастыру, отбасылық тәрбие, «зорлық-зомбылықты болдырмау», әйелдердің еңбекке еркін араласуына қатысты мәселелерді қарастыратын боламыз», – дейді Самал Бағдатқызы. Жалпы, кәсіподақтардағы әйелдердің үлесі – 54,9%, олардың басым көпшілігі (67%) бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқарады. Қазір еліміздегі еңбекке қабілетті әйелдердің 30%-ы зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейді. Осыған байланысты кәсіподақтар келісімдерде, ұжымдық шарттарда отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуді одан әрі жалғастыруға ниетті. Аталмыш комиссия қызметінің басты бағыты да осы мақсатпен үндес.Болат АБАҒАН, Алматы облысы