Қазақстанда сот реформасы қолға алынып жатыр. Оның жаңалығы жетерлік. Биліктің сот тармағында жүйелі жаңару жүргізу қажетін сарапшылар біраздан айтып келеді. Оның үстіне, биылғы ақпан айында Жоғарғы Сот судьясының аса ірі көлемде – 8 мың доллар пара алғаны үшін ұсталуы халықтың сотқа деген сеніміне селкеу түсіргендей. Демек, реформаға балама жоқ, шегіне беруіне жол қалмады.
Теріс баға алса да, тайраңдап жүр...
Ресми мәлімет бойынша, кейінгі үш жылда 30-ға жуық судья қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл оның алдындағы 3 жылдағыдан шамамен 8 есе көп. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия және сот әділқазысы тек 2019 жылы 25 судьяны қызметінен қууға кеңес беріпті. Тағы 24-ін төменгі соттарға ауыстыруға ұсыным жасаған. Кейінгі екі жылға жуық уақыт ішінде 49 судья кәсіби жарамсыз деп танылып отыр. Бұл 10 жыл бұрынғы көрсеткішке бара-бар. Бірақ алда бұл сан одан да артуы мүмкін. Өйткені көптеген судья істі қарау уақытының өтіп кетуіне байланысты жазадан құтылып кететін көрінеді. Реформаның бір өзгерісі де осы бағытты қарастырады: «ескіру уақыты» ұлғайтылады. «Тәртіптік істерді қарау кезінде судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімдерін сақтаудың маңызы зор. Мынадай кесір тәжірибе таралған: облыстық соттар өз судьяларына қатысты материалдарды сот әділқазысына беру мәселесін уақытылы қарамайды. Салдарынан бұл судьяларға көзделген жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік берді. Сондықтан облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының жауапкершілігін енгізу ұсынылады. Яғни, енді сот төрағасы кез келген судьяға қатысты материалды сот әділқазысына беру туралы мәселені облыстық соттың жалпы отырысында талқылауға уақытылы шығаруға міндеттеледі», – деді ведомство. Заманауи «билер» жалақының аздығына, ал қарауындағы істердің тым көптігіне үнемі шағымданатын. Қазір осы екі мәселе шешімін тапты. Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов әртүрлі деңгейдегі соттар қанша жалақы алатынын хабарлады. «Бұл ешқандай құпия емес. Аудандық сот судьясының орташа жалақысы 400-500 мың теңгеден басталады. Облыстық судьялар 600-700 мың теңгеден жоғары алады. Жоғарғы Сотта жалақы 800-900 мың теңгеден басталады. Жалақы әрбір судьяның жұмыс өтіліне байланысты», – деді ол. Соттардың жұмысы да жеңілдеді. Айталық, 2010 жылы жеке және заңды тұлғалар оларға 500 мың талап арызбен жүгінген. Арада 7 жыл өткенде, 2017 жылы бұл сан екі еселеніп, 1 миллионнан асты. Содан 2019 жылы мемлекет ұлттық заңнамаға түзету енгізіп, бірқатар шектеулер қойған. Нәтижесінде, талап-арыздар саны 700 мыңға дейін құлдырады. Әйткенмен, азайған жүктемені де еңсере алмай, сапаны нашарлатқан судьялар бар көрінеді. Реформаның екінші өзгерісі де осы мәселеге бағытталмақ. Бұл ретте өзіне сеніп тапсырылған жұмысты лайықты деңгейде атқара алмаған судьяны басқа сотқа, басқа мамандандыруға (специализацияға) ауыстыру туралы шешімді оның кәсіби қызметін бағалау қорытындысы бойынша Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия қабылдайтыны мәлім. «Мұндай шешім ол судья атқаратын лауазымына толық сәйкес келмейтінін білдіреді. Демек, оның жұмыс сапасы төмендеді деген сөз. Бұған ол жұмыс істейтін соттағы жоғары жүктеме, күрделі санаттағы істердің көп болуы ықпал етеді. Осыған байланысты бағалаудың нәтижелерін және кейс-міндеттерді орындау қорытындыларын ескере отырып, судьяны жүктемесі төмен, ұжымы шағын, күрделі емес санаттағы істерді қарайтын басқа сотқа ауыстыру туралы шешім қабылданады. Шындап келгенде, бұл – судьяның теріс баға алғанын куәландырады, бірақ оған «түзелуге» және басқа сотта өзін жақсы қырынан көрсетуге мүмкіндік беріледі», – деді Жоғарғы Сот. Оның ақыры не болды? Теріс баға алған судьялар заңнамадағы олқылықты пайдаланып, «жер аударудан» да құтылып кететін болып шықты. «Ондай судьялар өзі жолданған сотта жұмысын жалғастырғысы келмей, бірінші мүмкіндік туа сала, бос судьялық лауазымға, соның ішінде, тіпті жоғары тұрған соттарға және басшы лауазымдарға арналған конкурсқа құжат тапсырады. Бұл Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның қызметін мәнсіздендіреді: енді комиссия конкурсқа қатысуы үшін аталған судьяға қысқа мерзім ішінде қайтадан баға беруге мәжбүр болады», – дейді меморган өкілдері. Әрине, комиссияның қайтадан теріс баға беруіне жол ашық. Алайда ондай ақыл-кеңесі аяқ астында қалып, ескерілмеуі мүмкін. Жоғарғы Соттың түсіндіруінше, бұл комиссияның шешімдері тек ұсынымдық сипатқа ғана ие. Сол себепті ол айыптаған судьялардың өзі теріс баға алғаннан кейін бір жыл ішінде жоғары лауазымға қол жеткізе береді екен. Реформа аясында бұған өзіндік тосқауыл қою көзделуде: кәсіби қызметті бағалау қорытындысы бойынша басқа сотқа ауыстырылған судья енді 2 жыл бойы міндетті түрде өзінің кәсіби жарамдылығын жаңа жерде дәлелдеуі шарт. Тек осы уақыт өткеннен кейін ғана конкурстарға қатыса алмақ. Әйтпесе, заңдағы олқылықты қара басының қамы үшін пайдаланатын, жүйені де, елді де алдап соғатын судьядан не қайыр күтуге болады?!Ақшасыз азаттық жоқ па?
Жалпы, Ата заң және құқықтық тәжірибе бойынша биліктің тармақтары, яғни Үкімет пен Жоғарғы Сот бір-бірінен тәуелсіз болуы тиіс. Дамыған елдердің басты бір айырмашылығы да осында. Мысалы, Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрған тұста, оның заңға қайшы шешімдерінің күшін Жоғарғы Сот жойып отырды. Ал Қазақстанда сот жүйесі бәрібір атқарушы билік органдарына тәуелді: бюджет бекіткен сайын судьялар Үкіметке «қол жаяды», өз шығынын шенеуніктер қысқартып тастамауы үшін төл бюджетінің әрбір бабын қорғап қалуға жан салады. Соның кесірінен «сен – маған, мен – саған» тірліктер орын алуы ықтимал. Жаңа өзгерістер аясында Қорғаныс министрлігіне ұқсас қағидатты Жоғарғы Сотқа да қолдану ұсынылып отыр: Қазақстан ЖІӨ-сінің кем дегенде 1%-ын қорғаныс саласына жұмсайтыны белгілі. Одан айырмашылығы сол сот саласының бюджеті ЖІӨ-ге емес, барлық мемлекеттік органның жалпы шығысына телінбек. Осылайша, республикалық бюджетте барлық меморгандардың №001 бюджеттік бағдарламаларында қарастырылған шығыстардың жалпы сомасының 6,5 пайызын сот жүйесінің еншісі ретінде бекіту ұсынылып отыр. Сол пайыз көлемінде қанша миллиард жұмсайтынын да, қандай шараларға қанша ақша бөлетінін де судьялық өзін-өзі басқару органдары (органы судейского самоуправления) Үкіметтің араласуынсыз, өздері шешпек. Тек соттардың бюджет қаражатын босқа талан-тараж етпей, қаншалықты ұтымды жұмсағанын бақылау Есеп комитетінің құзырында қалады. Сонда қанша нақты миллиард туралы сөз болып отыр? Сот жүйесін ұстап тұру елге қаншаға түсуде? Ресми мәліметке жүгінсек, №001 бағдарламалары аясында барлық мемлекеттік органдарды жалпы қаржыландыру үшін 2021 жылы 855 миллиард 779 миллион 326 мың теңге бөлінді. Соттар соның 6,5%-ын өздеріне бекітіп беруді сұрайды. Бұл идея өмірге жолдама алса, онда сот жүйесіне кем дегенде 55 миллиард 625 миллион теңге тимек. Алдағы жылдары шенеуніктердің шығыны неғұрлым артқан сайын судьялардың да бюджеті қомақтылана бермек. Айта кету керек, кейінгі жылдары олардың бюджеті азайып келеді. Мысалы, сот жүйесін республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы сомасы 2020 жылы 57 млрд 501,3 млн теңге болыпты. Ал 2021 жылы бюджеті қысқартуға ұшырап, 54 миллиард 100 млн теңге бөлінді. Реформа аясында іске асырылатын осы және басқа да жаңалықтар «Кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Конституциялық заң жобасында қарастырылған. Қазақстандық судьялар ресейлік әріптестерінің жағдайы әлдеқайда жақсы екенін айтып жүр. «Ресей Федерациясының сот жүйесі туралы» федералдық конституциялық заңына сәйкес, соттарды қаржыландыруға бөлінген бюджетті Үкімет өз бетінше қысқарта алмайды. Егер секвестр жүргізу өте қажет болса, онда Бүкілресейлік судьялар съезіне ұсыныспен шығады немесе Судьялар кеңесінің келісімін алуы тиіс. Өзге жағдайда соттарды қаржыландыру федералдық бюджеттен толық көлемде жүзеге асырылады.Елдос СЕНБАЙ