Павлодар қаласының мәслихаты 7 сәуір күні 23 көшенің атауын ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл жайт РФ мемлекеттік думасының депутаты – Либеральды-демократиялық партияның керіауыз көсемі Владимир Жириновскийді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғанға ұқсайды. Үстіне жабу тұрмайтын қисық түйедей қыңыр саясаткер тағы да қабарып сөйледі.
Керауыз саясаткерлерге тойтарыс беру қажет
«Павлодар қаласында 30 көшенің атауы өзгертілмекші: орыс атауларын қазақшаламақшы. Сендер өздерің қала салып алыңдар да, соған қазақша атау беріңдер, бөтен қалада нелерің бар? Петр I-дің кезінде мұнда тұз өндірушілерді қорғау үшін Коряков форпосты тұрған. Бұл жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, құладүз қу дала еді, көшпенділер әрлі-берлі көшіп жүрді. Қайдағы Қазақстан, ...сендер 300 жыл бұрын қайда болдыңдар? Бұл жерде жоңғар тайпалары өмір сүрді»,– деді Жириновский түтігіп. Қызылкөз әулекінің айтуынша, «адамзат баласы тарихты ұмытып, қазақтар мұның бәрі өзінде тегін қалады» деп ойлайды екен. «Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс кеңістігі өзінің шекараларын қайтадан қалпына келтіреді, сосын тәртіп орнатады», – деді ол бүлк етпестен. Бұл Жириновскийдің қазаққа көрсетіп отырған бірінші құқайы емес, мұндай тасыраңдықтың талайын естігенбіз. Былтыр желтоқсан айында мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің төрағасы В.Никонов Ресейдің федералды бірінші арнасынан «Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңес одағының берген үлкен сыйлығы» деп сандырақтаған еді. Осы мәлімдемеден кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейдің уақытша сенімді өкіліне нота табыстаған. Никоновты думаның тағы басқа депутаттары – Е.Федоров пен тағы осы Жириновский қоштаған. Одан кейін РФ президентінің көмекшісі В.Мединский де «қазақтың жері – Ресейдің меншігі» деген сипатта ұлттың намысына тиетін бірдеңелерді шатпақтады. Бірақ олардың бірде-біреуіне біздің құзырлы органдар тарапынан ресми жауап болған жоқ. Владимир Жириновский бұған дейін 2014 жылы 23 ақпан күні Мәскеудегі митингіде сөйлеген сөзінде Орталық Азиядағы мемлекеттерді тәуелсіздіктен айыру керегі туралы пікір білдірген. Саясаткердің бұл мәлімдемесін «Россия 24» арнасы тікелей эфирде көрсетті. «Орта Азияда ешқандай мемлекет жоқ. Ортаазиялық федералды округ, оның басты қаласы – Верный», – деген болатын. Бұл бейбастықтары үшін осы күнге дейін Қазақстанда оның үстінен қылмыстық іс қозғап, нон грат персоны деп жарияланбағаны түсініксіз.Көкейтесті мәселеге салғырт қарауға болмайды
Көтеріліп отырған мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың пікірін білген едік. «Біріншіден, тарихқа келетін болсақ, қазақтың өмір сүру ареалы Қазақстанның ресми аумағынан да ары жатыр: Саратов, Астрахан, Орынбор, Түмен, Омбы, Алтай өңірі. Сонымен бірге ол көрші Өзбекстанда да, басқа елдерде де бар. Бұл бізге басқа елдерге қырын көзбен қарау үшін ешқандай артықшылық бермейді. Бірақ қазақтың дәстүрлі өмір сүру ареалының негізгі тірегі Қазақстан екенін білеміз. Ал қазір Ресей саясатшыларының қазақтың жеріне көз тігуі екі мемлекет арасындағы Татулық және достық туралы келісімшартқа сәйкес келмейді. Ол құжаттың 2-бабында «Қазақстан мен Ресей бір-бірінің шекарасын мойындайды және құрметтейді» деп жазылған. Біз белгілі бір пікір айтқан кезде осы халықаралық құқық нормасы тұрғысынан айтуымыз керек. Бұл нормада Қазақстанның бүкіл аумағы шегенделіп, жақын көршілеріміз ғана емес, БҰҰ барша мемлекеттері тарапынан мойындалған. Сондықтан жоғарыдағы сөздер әділетсіз әрі халықаралық нормаға сәйкес келмейді және ең негізгісі ол – Ресейдің ішкі аудиториясына бағытталған популистік сөздер. Бүгінде қоғам, құзырлы органдар мұндай сөздерге нақты дәлелді, тарихи негізделген жауап беріп отыруы қажет. Дегенмен де сыртқы істерге қатысты мәселелерге Мемлекет басшысы, Сыртқы істер министрлігі және сол елдегі елшісі пікір айта алады», – дейді Ерлан Саиров. Сонымен қатар ол екі елдің арасындағы кикілжіңді жайттарға байланысты ғылыми, тарихи, басқа да форумдар жасау қажет екенін айтты. «Өйткені тарихты көп адамдар білмейді, осыны екіжақты түсінісуіміз қажет», – дейді Мәжіліс депутаты.Тарихи атауларды қалпына келтіру – уақыт талабы
Жалпы, елдің, жердің тарихи атауларын қалпына келтіру, оның ішінде қала атаулары мен көшелерін қазақыландыру мәселесі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап қолға алынды. Әлбетте, бірқатар аймақта бұл үрдіс қатты қарсылықтарға ұшырағанын жақсы білеміз. Бірақ ұлттық болмысымызға қайтып оралу, әділеттілікті орнату үшін бұл процестер үздіксіз жүргізіле беруі тиіс. 90-жылдары Гурьев – Атырау, Шевченко Ақтау болып өзгерді, ал Алма-Ата – Алматы, Чимкент – Шымкент, Кокчетав – Көкшетау, Боровое – Бурабай, Усть-Каменогорск – Өскемен, Семипалатинск Семей кейпіне еніп, қазақы «шекпен» киді. Алайда тәуелсіздігімізге 30 жылдан асса да, басқа ірілі-ұсақты елді мекендерді айтпағанда, солтүстік өңірлерде атауын өзгертуді қажет ететін жер-су мен қалалар бар. Қоғамның бір бөлігі қанша талап еткенімен, Павлодар мен Петропавловскінің атауын өзгерте алмай-ақ қойдық. 2008 жылы Петропавловскіні Кызылжар деп атауға қатысты қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырған бастама аяқсыз қалды. 2010 жылы Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жарасбай Сүлейменов ол туралы Премьер-Министрге жолдаған сауалы да билік тарапынан қолдау таппады. Әлдебіреулер «әулие Петр мен Павелдің» атынан айырылғысы келмейтіндей көрінеді. Әлде бұл істе сақтық қажет пе, кім білсін?! Дегенмен қазіргі саяси жағдай осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда көп өзгерді. Ресейдің көрші елдерге қарсы ұстанып отырған басқыншылық әрекеттерінен кейін, әсіресе дума депутаттарының соңғы кездері қазақтың жеріне көздерінің сұғын қадауын үдете түсуіне байланысты көпшілік «советтік мұралардан» неғұрлым ерте құтылу керек екенін жақсы түсіне бастады. Сол себепті алдағы күндердің еншісінде Рудный, Лисаковск, Сергеевка, Державинск, Щучинск, Степняк, Степногорск, Курчатов, Форт-Шевченко, Сарань, Приозерск, Шахтинск және басқа да қалалардың атауын ауыстыру мәселесі тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен жоғары» атты мақаласында тарихи атауларды қайтару көпшілік қазақстандықтардың тілеуі деп ресми түрде мәлімдеуінің өзі мемлекеттің осы саясатты ұстанып отырғанын нақты білдіреді. Сөйте тұра, Павлодардағы 23 көшенің атауын өзгертуіміздің өзі терістіктегі көршінің қитығына тигеніне қарап, бұл процестердің оңайлықпен жүзеге аспайтынын байқап отырмыз.Көше атауларын ауыстыруды көпшілік қолдады
Ал Павлодардағы 30 көшенің атауын ауыстыру тақырыбына қайтып оралсақ, ол 3 сәуірде бүкілқалалық тыңдауда өткен. 7 сәуірде қалалық мәслихат 23 көшенің атауын өзгерту туралы шешімді бірауыздан қабылдады, қалған 7 көшенің мәселесі кейінге қалдырды. Енді аталған құжат республикалық ономастикалық комиссияның құзырына жіберіледі. Егер Қазақстан Үкіметі бұл өзгертулерді мақұлдаса, ол облыстық мәслихаттың қарауына келіп түседі. Көшелердің көрсеткіш тақталары демеушілердің қаржысымен жаңартылатын болады. Осы жерде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Игорь Веретновтың сөзін келтіре кетуді жөн көрдік: «Облыс орталығының көше атауларын өзгерту ісі аяқ астынан туындап отырған жоқ. Қоғамдық ұйымдар, қалалықтар бұл мәселені көптен бері көтеріп келеді. Олардың ұсыныстарын қарауға бірталай уақыт кетті, оның үстіне мораторийдің жариялануы да қолбайлау болды. Біз өңірді дамытуға, қаламыздың ғылымы мен білімін, мәдениетін көтеруге үлес қосқан адамдарды ұмытпауымыз керек. Көпшілік бұл атаулардың кімдерге беріліп жатқанына көңіл аударуы тиіс. Мәселен, Мира көшесіне – Олжабай батырдың, Набережныйге – Шоң бидің, Циолковскийге – Бауыржан Момышұлының, Тепловаға – Бөгенбай батырдың, тағы басқа даңқты тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныстар түсті. Бір сөзбен айтқанда, көшелердің атауын өзгерту – ол заман талабы», – деді депутат. Оның айтуынша, қалалықтар бұған түсіністікпен қарауы тиіс. Өйткені бұл қазақстандықтардың рухани дамуы үшін өте қажет. Ал Павлодардың атауын өзгерту – халықтың ата-баба мұрасына деген адалдық пен ұлттың мәдени болмысын одан да биік деңгейлерге көтере түсері анық. Себебі бұл процестер тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын нығайтуға бағытталған шаралар.Дәулет АСАУ