Күні кеше Түркияның Анталия қаласында дзюдодан Grand Slam турнирі аяқталды. 91 мемлекеттен келген 432 спортшының басын қосқан бәсекеде қазақстандықтар жүлдесіз қалды. Турнирге қатысқан балуандарымыздың ешқайсысы да көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.
60 келіде сынға түскен Мағжан Шамшадин екінші айналымда италиялық Андреа Карлинодан жеңілді. 66 келіде белдескен Бауыржан Сағынғалиұлы үшінші кезеңде әлем чемпионы, жапониялық Абе Хифумиге есе жіберді. 73 келідегі Аңсарбек Ғайнуллин Люксембург және Румыния спортшыларын жеңгенімен шешуші сәтте бельгиялық балуанға жол берді. Осы салмақтағы Жанболат Бағытбергенов үшінші айналымда швециялық Томми Масиастан жеңілді. 81 келіде Амангелді Мәди мен Абылайхан Жұбаназар бірінші кезеңнен соң жарыс жолынан шығып қалды. 90 келідегі Ерсұлтан Мұзафаровтың шамасы жұбаныш белдесуіне дейін жетті. Ол алдымен Канада, Италия, Тунис спортшыларын жеңді. Ал ширек финалда түркиялық қарсыласы Михаэль Жганктың мерейі үстем болды. Жұбаныш белдесуінде чехиялық Давид Кламерттен айласын асыра алмады. Осы салмақта бақ сынаған тағы бір балуан Асылан Сағитбек үшінші кезеңде Израиль спортшысына есе жіберді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан командасы қатарынан екінші ірі жарыстан жүлдесіз қалып отыр. Бұған дейін отандық татами шеберлері Тбилисидегі Grand Slam бәсекесінен құр қол қайтқан болатын. Өз кезегінде Қазақстан Дзюдо федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Абумуталифұлы балуандарымыздың неліктен төмен нәтиже көрсеткенін түсіндіріп берді. – Қазір бізге «жаңғыру» жеткіліксіз болып тұр. Кінәні біреуден көру кемшілік. Қазір әлемдік пандемияға байланысты елдегі бүкіл сала тоқырауға ұшырады. Ел спорты да тұралап қалды. Тағы бір айта кетер жәйт, елімізде үлкен іс-шаралардан кейін есеп алу жұмыстары өтпейтін болды. Жүйелілік кеткен соң спортта да «барамыз, қатысамыз, қайтамыз» деген мақсат қана болды. Жігіттер күреспеді емес, күресті. Ұйымдастырушылардың қателігі де көп жағдайға әсер етті. Команданың жартысын қатыстырмай қойды. Карантинге жатқызды. Ертесіне біз қателестік деп кешірім сұрады. Бұл жерде эпидемиологиялық ахуал да спортшыларымызға кері әсерін тигізді. Алайда мен ешкімді ақтап жатқан жоқпын. Біз – осы салада жүрген сарбаздармыз. Ел сенім артқан соң күресуіміз керек. Елдің Туын көтеруіміз керек, медаль алуымыз керек. Мамырдың 25-інде рейтинг тоқтайды. Кім әлем бойынша 18 үздік спортшының қатарына кіреді, алдағы олимпиадаға сол қатысады. Рейтингте бір елден алдыңғы орында 3-4 спортшы қатар тұра береді. Бірақ әлем бойынша бір-бір спортшыдан есептегенде, 18 мықты іріктеледі, – деді Жандос Абумуталифұлы. Ал дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев бұл жарыста жастарға көп мүмкіндік бергенін, олардың осындай жарыстардан үлкен тәжірибе жинақтайтынын айтты. – Анталияда өткен Grand Slam әлемдік көрсеткішті анықтайтын жарыс. 100-ге тарта елден спортшылар қатысты. Әлемнің ең мықты балуандары жиналды. Біз ол жарысқа негізгі құрамды апармадық. Бұл турнирге жастар арасынан ересектерге енді ауысқан спортшыларды алып бардық. Сондықтан олардан бірден жоғары нәтиже күту ерте. Жас дзюдошылар осы сияқты үлкен жарыстарда бақ сынап, тәжірибе жинақтайды. Жарысқа барғандардың арасында еліміздегі екінші, үшінші нөмірлі дзюдошылар да күресті. Олар турнирге алдағы Азия ойындарына, 2024 жылы өтетін олимпиадаға дайындықтарын пысықтау мақсатында қатысты, – дейді бас жаттықтырушы. Ол сонымен қатар Анталиядағы турнирден 100-ден жоғары екі спортшының, 100 келідегі бір спортшы және 4 дзюдошы қыздың жарыстан не себепті шеттетілгенін түсіндіре келе, алдағы жарыстарға дайындық барысын сөз етті. – Ұшақта спортшы қыздармен болған бір дәрігерден коронавирус анықталды. Сондықтан төрт қызымызды жарысқа қатыстырмады. Бір-екі спортшымызды «сендер басқа бөлмеге жаттыңдар» деп күрестірмей қойды. Кейін басқа спортшымен шатастырғанын, қателескенін айтып, кешірім сұрады. Осындай келеңсіздіктерден кейін бірқатар спортшымыздың да еңсесі түсіп кетті. Көріп отырғандарыңыздай, пандемияның да спортшылардың еркін дайындалуына, жарысқа қатысуына көп кесірін тигізіп жатыр. Бір жыл бойы пандемия дедік. Әр қалада карантин болып, спорт залдары жабылды. Содан спортшыларымыз спорттық бабын жоғалтып алды. Енді-енді жарыстар қайта жанданып, спорт залдары ашылып, оқу-жаттығу жиындарына көңіл бөлініп, спортшылар қайта бабына келе бастады. Жалпы, жігіттер жаман күреспеді. Рейтингтегі алда тұрған дзюдошыларды да, әлем чемпиондарын да, үлкен турнирлерде жеңіске жеткен дзюдошыларды да жеңгендері болды, – деп жауап берді Ғалымжан Жылгелдиев. Енді алдағы 5-7 мамыр айында Қазанда Grand Slam турнирі өтеді. Бүгінде спортшылардың бәрі сол додаға дайындықты бастап кеткен. Одан кейін Әлем чемпионаты бар. Содан соң бүкіл рейтинг тоқталады. Сол кезде олимпиадаға қанша дзюдошының баратыны белгілі болмақ. Айтпақшы, әңгіме арасында бас жаттықтырушы төрт құрлықтың басты додасына 7 салмақ бойынша 7 спортшы апарғысы келетінін айтып қалды. Егер жоспар ойдағыдай орындалса, Токио Олимпиадасына толық құрамда қатысамыз.Абылайхан ЖҰМАШ