Алматы облысы әкімдігінде кезекті іскерлік кездесу болды. Өңір басшысы мен ресейлік «Технониколь» корпорациясының өкілдері арасындағы жүздесу барысында өзара ынтымақтастық жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылды. Осы меморандумға сай, халықаралық корпорация жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын екі бірдей заманауи зауыт тұрғызады. Кәсіпорындарға салынатын инвестиция көлемі 44 млрд теңге шамасында деп болжанған.
Ресми қонақтарды қарсы алған Амандық Ғаббасұлы аймақта жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру Мемлекет басшысының аса маңызды тапсырмаларының бірі әрі бірегейі екенін айта келе әлемге танымал компаниямен ынтымақтастық орнатудың жоғарыда аталған бағыттарда жүзеге асырылуға тиісті жұмыстарға оң ықпал ететініне тоқталды. Облыста тұрғын үй құрылысының алға жылжыған жылдармен бірге қарқын алып отырғанына, соған сай озық технологияларды пайдаланатын заманауи өндіріс орындарының аса қажеттігіне тоқталды. Инвесторларға мүмкін болған қолдаулардың барлығы жасалатынын жеткізді. «Минеральная изоляция» стратегиялық бизнес-бірлігінің жетекшісі Василий Ткачев Алматы облысында инвесторлармен жұмыстың ашықтығы мен қолдаулардың деңгейі жоғары екенін айрықша атап өтіп, корпорацияның тарихы мен қазіргі өндірісіндегі ерекшеліктерді баяндады. Оның айтуынша, келер жылы «Технониколь» компаниясының құрылғанына 30 жыл толады. Компания құрамына Ресей, Беларусь, Литва, Италия, Германия, Ұлыбритания және Польша сынды әлемдегі жеті елде орналасқан 56 өндірістік алаң енеді. Сонымен бірге тағы 18 елде 22 өкілдігі, 19 оқу және 6 ғылыми орталығы бар. Кәсіпорындарында қызмет ететін 6 мыңнан астам адам 117 мемлекетке жөнелтілетін өнімдердің 3 мыңға жуық түрін өндіреді. Негізінен, жылу және гидрооқшаулағыш материалдар шығарылады. Осыдан біраз бұрын Польшада жаңа зауыт іске қосылыпты. Енді Алматы облысында екі заманауи зауыт салмақ. Екі кәсіпорын да Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалдық аймағына орналастырылады деп жоспарланған. «Бірінші зауыт энергоүнемдейтін жылуоқшаулағыш материалдар, нақтырақ айтқанда, тасмақтадан минералды оқшаулағыш өндіреді. Бұл экспортқа бейімделген өндіріс болады және «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы қамтамасыз ететін мүмкіндіктің арқасында өнімдерінің 20 пайызы Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Тәжікстанға экспортқа жөнелтіледі. Жылына 1,5 млн текшеметр дайын өнім шығаратын жаңа зауытта 180 жұмыс орны құрылады. Кәсіпорын жоғарыда жазғанымыздай, құрылыстың қабырғаларына, төбелеріне, қасбеттеріне, едендеріне, ішкі қабырғаларына арналған жылу және дыбысоқшаулағыштар, сэндвич-панелдер, теникалық оқшаулағыш, оттан қорғау және ауыл шаруашылығы үшін субстраттар шығарады. Зауытты 2023 жылдың күзінде іске қосу жоспарланған. Ал екінші кәсіпорын туралы баяндаған «Полимерная изоляция» стратегиялық бизнес-бірлігінің жетекшісі Алексей Касимовтың айтуынша, бұл зауыт жылына 400 мың текшеметр экологиялық жылуоқшаулағыш материал – экструзиленген пенополистирол шығаратын өндіріс орны болады. Экструзиленген пенополистирол құрылыстың іргетасын, төбесін жылылауға, түрлі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылады. Мұнда да 40 жұмыс орны ашылады. «Технониколь» компаниясының зауыттары барлық экологиялық норма мен талаптардың сақталуына баса назар аударатынымен, автоматтандырудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен бірге компания шығаратын сапалы өнімдер құрылыс технологиясын барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді. Зауыттағы өндіріс, құрылыста заманауи материалдарды пайдалану базасында ашылған оқу орталықтарында кәсіпорындар қызметшілерімен бірге осы салада еңбек ететін мердігерлер мен тағы басқа да мүдделі ұйымдардың жұмысшылары біліктілігін жетілдіріп, білімін көтере алады. Сондықтан Жетісу жерінде ашылатын қос кәсіпорынға да үлкен үміт артылып отыр. Барлық ойға алғандар орындалса, 250 жұмыс орны ашылатын өндіріс орындарына дайын өнімдер алу үшін жылына 20 мың жүк көлігі келмек. Бұл да өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етері сөзсіз. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі жаңа кәсіпорындар өңір экономикасына тың серпін беретінін айтып, өзінің бизнес және инвестиция саласына жетекшілік жасайтын орынбасарына жобаның орындалуы барысын тұрақты назарда ұстап отыратын жол картасын жасауды тапсырды. Мемлекеттің қолдауы арқасында және жергілікті жерлерде қолға алынған шаралар нәтижесінде облысымызда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Аса маңызды әрі қажетті жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сіздерде «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы аумағында логистикалық орталық құру мүмкіндігі бар. Сонымен бірге Алматы қаласында ашпақ болып отырған оқу орталығын осы қалада орналасқан облыстық колледждердің бірінде құруды ұсынамын, – деген Амандық Ғаббасұлы қажет қолдаулардың барлығы жасалатынын тағы да қайталай кетті. Үшжақты меморандумға қол қою арқылы жүздесу кезінде айтылған келісімдер бекітілді. Алматы облысы әкімдігі, Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілдігі және құрылыс материалдары мен жүйелерін өндіруші «Технониколь» халықаралық компаниясы арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келісім жасалды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы