Ажар Нұртайқызы: «Еліме деген махаббатым шексіз»
Ажар Нұртайқызы: «Еліме деген махаббатым шексіз»
336
оқылды

Соңғы кездері қазақ жастарының көбісі шетелге кетуге құмар. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елден 21 069 адам кеткен. Арманның жетегінде кеткен жастардың қазір басым көпшілігі өздерінің біліктілігін көрсетіп, кәсібін ашып алғаны қаншама?! Соның бірі журналист Ажар Молдашовамен әңгімелесудің орайы келді.

Еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс ітеп, дәріс бердіңіз. Телеөнім әзірлеуде де тәжірибеңіз мол. Бірақ елден кетуіңізге не себеп болды? – Елден кетемін деген ой болмады. Жалпы, өзімді елден кеттім деп ойламаймын. Өйткені еліме, туып-өскен жерім деген махаббатым шексіз... Бойымды сағыныш кернегенде Димашты, «Музарт» тобын, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдаймын.

Шетелге бару, тәжірибе жинақтау бұйырып тұрған-ау. Алғаш АҚШ-қа 1 курс бітіргенімде, студенттік CCUSA бағдарламасы арқылы Мичиган штатының Травэрс Сити қаласындағы қыздарға арналған лагердің біріне ағылшын тілін дамытуға барғанмын. Қазақстанға қайтарда Нью-Йорк арқылы ұштым. Сонда біраз бос уақытымды пайдаланып, таңның атысымен әуежайда танысқан қытай қызбен қаланы араламақ болдық. Қаланы білмейміз. Адасып кетіп, ұшаққа кешігіп қаламын-ау деген қорқыныш та болды. Бірақ қызығушылығым жеңіп, Колумбия университетіне барып, профессорлармен танысып, суретке түсіп, корпустарын аралап көрдім. Сол кезде өзіме «амалын тауып осы жерге келемін» деп сөз бергенмін.

Арада біраз жыл өтті. Бірде Колумбия универститетінің Гарриман институтына ғылыми стажировкаға қатысу мүмкіндігі туды. Басында жұмысымның қауырттығынан бас тарттым. Сол кезде «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «АБС+» бағдарламасының түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатқан. Аяқасты өзіме берген уәдем есіме түсіп кетті. Сонда келіп тұрған мүмкіндікті пайдалану керек деп, бағдарламаның аяқталысымен жолға шығып кеттім. Үш айға созылған стажировкадан үйренгенім көп болды. Ақырында сол жақта оқуға қалуға бел будым. Міне, сөйтіп қалып қалдым. – Өзге ел өзіңізді несімен баурап алды? – 4 жылдан бері Нью-Йоркта тұрып жатырмын. Біраз нәрсені біліп қалдық. Кез келген ел секілді АҚШ-тың да өз ішкі мәселелері бар. Алайда салыстырмалы түрде алсақ, орташа деңгейлі азаматтардың өмір сүруге барлық жағдайы жасалған. Еңбектің еленетіні, әсіресе, ой еңбегінің жалақысы да жақсы. Бұл жерде әркім құрметке лайық деген ұғым қалыптасқан. Байсың ба, кедейсің бе, ақсың ба, қарасың ба, көше сыпырасың ба, 22 қабатта бастықсың ба – бастысы, сен құрметке лайықсың. Егер біреу бұл ұғымға қарсылық көрсетіп, басқаны мұқатып-кекетсе, халық тыныш қалмайды. Әркімнің дауысы бар. Ал сені ести ме, естіми ме, ол басқа сұрақ. Әркім өз ойын ашық айтуға құқылы. ел – Біздің олардан үйренеріміз көп пе? – Өкінішке қарай, олардан көп нәрсені үйренуіміз керек. Мәселен, біздің елде медицина саласы, білім беру жүйесі, әсіресе балабақша мәселесі ақсап тұр. Еліміздің бақытты келешегі үшін осы өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің жағдайын жасауымыз қажет. Мысалы, бір ғана балабақша мәселесі шешетін болса, халықтың көңіл күйі де жақсы жаққа өзгерер. Оның үстіне, біз – кедей ел емеспіз. Аллаға шүкір! Қолда бар байлығымызды ұқсата білсек болғаны. Егер елінің жұрты бақытты ғұмыр кешсе, ол кез келген мемлекеттің шынымен мақтан тұтарлық жетістігі емес пе?! Алла, соған нәсіп етсін! Екіншіден, адамдар арасында бір-біріне деген құрметті жоғалтқан. Ал бұл көп нәрсеге әсер ететін фактор. – Қазақ жастарының шетелге көп кетуі – елді алаңдатарлық жағдай ма?

– Шетелге кетіп жатқан жастар бар. Басым көпшілігі – өздерін өсіп-жетілдіру мақсатында. Себебі АҚШ-та мүмкіндік көп. Оның үстіне, біздің жастар еңбекқор. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, аш қалмайды. Жалақысы жақсы төленеді. Енді бірі табыс тауып, отбасын асыру үшін кетіп жатыр. Не десек те, аАдам өмірін қалай және қай жерде өткізгісі келеді, өз еркі ғой. бастысы өзінің қалауы, таңдаы болы керек.

Өзіңіздің қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма? – Ең алдымен мен өз елімнің азаматымын. Сондықтан елге оралатыным белгілі. Бірақ дәл қазір, өмірімнің осы кезеңінде Америкада өз-өзімді жүзеге асырғым келеді. – Алдыда қандай жоспарыңыз бар, бөлісе отырсаңыз...

– Дәл қазір «QalAman NYC» медиа компаниясын ашу жұмыстары жүріп жатыр. Нью-Йорктік әріптестермен бірнеше жоба жоспарладық, қазір дйындық үстіндеміз. Алла жазса, қазақстандық бірнеше продюсерлік центрлермен де ортақ жұмыс жүргізу ойда бар. Бәрі уақыт еншісінде.

– Сұхбатыңызға рақмет!