Мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттарға ерекше назар аударамыз
Мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттарға ерекше назар аударамыз
362
оқылды

«Nur Otan» сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылған болатын. Біз осы ретте «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің төрағасы Қуандық Мәдірмен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Таяуда ғана республика бойынша барлық өңірлерде аймақтық кеңестер құрылды. Сол кеңестердің қатарында Miras қоғамдық кеңесі де бар. Төраға ретінде бұл жаңашылдықты қалай бағалайсыз?    – «Nur Otan» партиясы жанынан Miras қоғамдық кеңесі осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын құрылды. Бұл қоғамдық кеңесті еліміздегі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері бойынша маңызы бар келелі ой, кесек пікірді ортаға салатын алаң деп айтуға болады. Кеңес партия доктринасында жазылғандай, қашан да «мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуге» мүдделі. Miras қоғамдық кеңесінің негізгі міндеттеріне мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттарды анықтап, оларды жүзеге асыруға қажетті шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу, қоғам үшін маңызы бар басқа да мәселелерді талқылау жұмыстары кіреді. – Осы орайда, Miras қоғамдық кеңесінің негізгі бағыт-бағдарларымен таныстырып өтсеңіз. 2021 жылға арналған жоспарда қандай шаралар бар? – Еліміздің сан ғасырдан бергі жолын, мол мұрасын, оның ішінде  сәулет, бейнелеу, мүсін өнері сияқты мұраларын, айтыс және дәстүрлі ән өнерін Батыс Қазақстан облысында дамыту жолдарын қарастырамыз. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусин мен композитор, ҚазССР-нің еңбегі сіңірген өнер қайраткері, профессор Нағым Меңдіғалиевтің 100 жылдығына арналған шараларды ұйымдастыруға мұрындық болу, сондай-ақ Орал қаласы көшелерінің біріне Н.Меңдіғалиевтің есімін беру туралы ономастикалық комиссияға ұсыныс жасап отырмыз. Қасиетті және маңызды орындар бойынша облыстың киелі жерлерін абаттандыру жұмыстарын жүргізу: Ғұмар Қараш, Жұмағазы хазірет, Тақсай ханшайымының, күйші Дәулеткерей кесенесі, ортағасырлық Жайық қалашығы (Мұрат Қалменовтың рұқсатымен археологиялық лицензиясының негізінде қалашықты зерттеу жұмыстарын жүргізу тетіктерін қарастыру), Бөкей Орда тарихи-мұражай кешені мен Алашорда мұражайына назар аудару мәселелерін осы жылдың басындағы отырыстарымызда талқыладық. – Енді кеңестің оң шешілген мәселелеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз. Кеңес жұмысын одан әрі дамыту үшін не істеу керек?  – Жыл басында Miras қоғамдық кеңесі өткен жылы атқарылған маңызды жұмыстарды қорытындылады. Кеңесте қарастырылған мәселелердің көпшілігі шешімін тапты деуге толық негіз бар. Біздің берген ұсыныстарымыз тиісті басқармаларға жолданды және олар өздерінің жоспарларына енгізді. Алдағы уақытта оның орындалу бағытын баса назарға алып, қадағалап отырмыз. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақты өзге ұлттан даралайтын оның тілі мен мәдениеті, руханияты» деген болатын. Партияның сенімді құралы ретінде Елбасы айтқан құндылықтарды халыққа насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде Miras қоғамдық кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қоғамдық кеңес осы жауапкершілікті абыроймен арқалап келеді. Құрылғаннан бергі уақытта мәдениет пен өнер саласына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп келе жатқан Miras кеңесі алдағы уақытта да осы саладағы басым бағыттардың орындалуын назардан тыс қалдырмай, әрмен қарай ұйымдасқан түрде жұмыстана беретін болады.

Сұхбаттасқан Әбілмансұр ЖАСАН.