Түркістандағы Мақтаарал ауданында халық лай су ішіп отыр
Түркістандағы Мақтаарал ауданында халық лай су ішіп отыр
354
оқылды

Мақтааралдық тұрғындар сапасыз су ішуге мәжбүр. Жамбыл ауылындағы ауызсу мұнарасы желтоқсан айында құлап, сүзгісі істен шыққан болатын. Оның үстіне ауыл тұрғындары әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамай, жарыла беретінін айтады. Содан бері жерасты суы тұтынушыларға тазартылмай беріліп келеді, деп хабарлайды «Хабар» арнасы.

Жамбыл ауылының тұрғыны Нүрипа Тұрдалиева краннан аққан суды тұндырмаса, ішуге жарамайтынын айтады. Түсі сарғыш тартып, шелектің түбіне қоқым толып қалады. Басқа су болмағандықтан, сүзгіден әбден өткізіп ішуге мәжбүр.
«Ішіп жатқан суымыздың бәрі сары су. Қалаған уақытында өшіріп қояды, қалаған уақытында қоса салады. Судың ағыны жоқ. Сенбесеңіздер, мына шыққан суды сүзіп құйып жатырмын, түбінен шыққан матадағы қоқысты көріңіздер», — деді Жамбыл ауылының тұрғыны Нүрипа Тұрдалиева.
800-ге тарта тұрғыны бар ауылды ауызсумен қамту үшін 2014 жылы елді мекеннен су мұнарасы салынған. Алайда, арада жеті жыл өтпей жатып, мұнара құлап қалды. Содан бері ауылдағы 140 үйдің күні сапасыз суға қарап қалған. Оның өзі аз ғана уақытқа беріледі. Тіршілік нәрі таза болмағандықтан, бүйрегі ауырып, өтін алдырғандар көбейген. Суға жауаптылардың айтуынша, мұнара болмаған соң, құбырлар қысымды көтере алмай әр жерден жарылған. Сондықтан суды жинақтап, тәуліктің жартысында ғана беретіндерін айтады.
«Халыққа шұғыл су беру керек болған соң, Жамбыл ауылына тікелей жалғап қойғанбыз. Ол тікелей жалғанғаннан кейін жердің астынан шыққан құмы бар, басқа нәрселері бар халыққа кетіп жатыр. Ол жерде су құбырының сүзгісі жоқ, салынбаған», — деді су жүйесінің меңгерушісі Әзімхан Уәлиев.
Жамбылдықтардың сүзгісіз су ішіп, тіршілік нәрінен тарығып отырғанын жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ осы уақытқа дейін мәселені шешуге тырыспаған. Сапасыз салынған мұнараға қанша қаржы жұмсалғанын да білмейді. Әбден сасқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлмінің сектор меңгерушісі:
«Құлаған мұнараның орнына жаңасын тұрғыза саламыз», — деп ақталды. «Қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Мамыр айының 15-іне дейін орнатып, толық сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз», — Мақтаарал аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Ғұламжан Егембердиев. «Судың құрамы 7 жыл бұрын да сапасыз болған», — дейді жергілікті халық.
Оны да аудан басшылығына айта-айта әбден шаршаған. Еске салсақ, Қазақстан мен Қырғызстан Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының жұмыс режимін келіскені туралы хабарлаған едік. Сонымен қатар, Комиссия «Шу және Талас өзендері бассейндері үшін іс-қимылдың Стратегиялық бағдарламасын» бекітті, оның шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен су ынтымақтастығын нығайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады. Тараптар ағымдағы жылдың 4 тоқсанында Бішкек қаласында комиссияның келесі отырысын өткізуге келісті.