Алтын бесік – Аққайнар
Алтын бесік – Аққайнар
694
оқылды

Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің жобасы бойынша шығарылған, елдімекеннің өткені мен бүгіні, тұрғындарының тағдыр-талайы туралы мол мағлұмат беретін, ауылдың тірлігіне үлес қосқан атпал азаматтардың еңбегі көрсетілген.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Ұлы Отан және Ауған соғыстарына қатысқан ерлердің жауынгерлік жолдары баяндалады «Алтын бесік – Аққайнарым» кітабының тұсауы кесілді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтаевтың тұшымды пікірі де көптің көкейінен шықты.    width= «Бұл ауылдан небір дүлдүл азаматтар шыққанына тәнтімін! Бүгінгі тұсаукесердің жөні мүлде бөлек. Шағын ғана ауылдың тарихын үлкен кітапқа айналдыру дегеніңіз зор еңбек. Кітап энциклопедиялық форматпен шығарылған және ең ғажабы – мазмұны да соған сай. Кез келген журналист, жазушы біліктілік пен білімді қажет ететін мұндай дүниені жаза алмайды. Бұл – ақиқат. Кітапта энциклопедиялық мазмұн мен стиль сақталған. Сондықтан бұл шын мәнінде бір энциклопедия. Онда бұрынғы өткен ұлы тұлғалар қозғалып, олардың осы жерге сіңірген еңбегі жан-жақты баяндалады. Сонымен қатар осы күнге дейін Аққайнарда нақты қандай адамдар өтті, олардың кескін-келбеті, тағдыр-талайы қалай болды, соның бәрі толығымен көрініс тапқан. Елден шыққан батырлар да, ақындар да, әкімдер де, сол секілді қазақтың қарапайым адамы да түгел дерлік қамтылған. Сонысымен де құнды. Себебі бәріміз де ауылдан шықтық. Қалаға оқу іздеп, арман қуып кеткенімізбен, ауыл біздің мәңгілік сағынышымыз, оған қайтадан ораламыз. Ауылда ата, әке, аналарымыз қалды. Бабаларымыздың сүйегі жатқан қасиетті мекен болғандықтан, тамырымыз ауылда. Кітаптың аты айтып тұрғанындай, ауыл – қасиетті алтын бесігіміз», – деген жазушы Асқар Алтай жобаның авторы Серік Үмбетовтің туған жерге етіп жатқан қызметі жайлы да тебірене толғады. . Шынында да, Серік Әбікенұлы әрдайым өзінің  бекзаттығын танытып келеді. Алдымен қазақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы зерттеу еңбектер жазғызып, ескерткіштерін қойғызды. Ол кісінің қызмет істеген жерлерінде бүкіл қазақ халқына әйгілі тарихи тұлғаларымыздың еңселі ескерткіштері тұғырға қонды. Аққайнардағы ауылдастарына көмектесіп, ата-бабасының рухы сіңген жерінен қолдан келген жақсылығын аямайды. Бүкіл елге еңбек еткен, елдің рухын көтерген, ел үшін қасық қаны мен қара терін аямаған, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған баһадүр-батырларымызды ұлықтаудағы еңбегі көпке үлгі. Бұл кітапты шығарудағы басты мақсат та сол – елге еңбегі сіңген тұлғаларды жұртшылық білсін  деген ниет. Ауыл болып ұйысуға атсалысқандар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысына қатысқандар, елді мекенді өркендетуге үлес қосқандар кітап бетінен ойып орын алды. Ерлікті, батырлықты үлгі етуден бастап, қарапайым еңбек адамдарының да өнегелі өмір жолы жазылып, әркімнің бойындағы жақсы қасиеттері ашып көрсетілді. Кітаптың авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Алматы облысы, Талдықорған қаласы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күмісжан Байжан жерлестеріне жаңа кітаптың құндылығы жан-жақты әңгімеледі. Осындай тамаша рухани дүниенің жүзеге асуына жол ашқан   Серік Үмбетовтың ұлттық дәстүрді ұлықтайтын ізгі қасиеттеріне тәнті екенін жеткізді. Жазу барысында кездескен кейбір жайлардан хабардар етіп, кітапты баспаға дайындауға атсалысқан С.Бердіқұлов атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруз Бұқатоваға, мәтінді компьютерде терген Айнұр Қонаева мен Эльзира Рысқұлбековаға, суретшілер Жеңіс Ысқабай мен Бақтияр Айталыларға алғыс айтты. Форматы үлкен, түрлі түсті бояумен көз тартатын кітаптың шығуына Ғабит Үмбетов пен Айдос Майлыбаев демеушілік жасағанын атап өтті.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы