Нұр-Сұлтан құрылысшылары өз құқықтарын қорғайтын кәсіподақ құрып, оны тіркетті
Нұр-Сұлтан құрылысшылары өз құқықтарын қорғайтын кәсіподақ құрып, оны тіркетті
201
оқылды

Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін құрылысшылар "Үміт" деп аталатын тәуелсіз кәсіподақ құрды. 20 мамырда жұмысшылар ұйымның қалалық әділет департаментінде ресми тіркелгені туралы құжат алған. Олар көмекке мұқтаж астана аумағында жұмыс істейтін әр жұмысшының мүддесін заң аясында қорғауға дайынбыз дейді.

Ұйым басшысы — Нұр-Сұлтанға Түркістан облысынан келген құрылысшы Қайрат Айдар. Оның сөзінше, қазір кәсіподақтың өзін қосқанда, 12 құрылтайшысы бар. Құжатқа сәйкес, ұйым тек Нұр-Сұлтан аумағында құрылысшылардың құқығын қорғайды. 2011 жылдан бері мұнаралы кран операторы болып жұмыс істейтін Қайрат Айдар ұйымды құру идеясы мәжбүрліктен туындағанын айтады. 2021 жылғы қыстың соңғы айларында Нұр-Сұлтан қаласында автокран жүргізушілері және мұнаралы кран операторлары наразылық танытты. Олар жұмыстың қауіпті екенін және инфляцияны алға тартып, жалақы өсіруді талап еткен. Мәселелерін айтып, жұмыс берушіге және еңбек министрлігіне шағымданған, Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат та жазған. Бұдан кейін Қазақстанның бірнеше қаласындағы краншылар да айлық көтеру мәселесін көтеріп, наразылық білдірген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Көкшетау қалаларының жұмысшылары еңбек шарты бойынша, желдің жылдамдығы 12 м/секунд болғанда жұмысты тоқтатуы керек болса да, жұмыс беруші желдің екпіні 25 м/секунд кезінде де жұмысқа шығаратынын айтқан. Наразылардың сұрауы ішінара орындалып, олардың жалақылары аздап көтерілді деген хабар тарады. Осы мәселеден кейін жұмысшылар кәсіподақ құрып, өз құқықтарын өздері қорғауды ұйғарған. Әріптестері құжат дайындап, ұйымды тіркеуді тапсырған Қайрат Айдардың айтуынша, наразылық кезінде көмек сұраған кәсіподақтар жұмысшылар мәселесін шеше алмаған.
"Краншылар жалақы жайын көтергенде, көп кәсіподақтан көмек сұрадық. Бірақ олар мәселені шешпеді. Өз мүдделерін ойлап кетті. Сондықтан біз құрылыс саласында еңбек етіп жүрген барлық жұмысшының құқын қорғайтын кәсіподақ құруды ұйғардық. Біз заң аясында жұмыс істейміз, ал жұмыс берушілерден еңбек заңының сақталуын талап етеміз. Бізге көмектескісі келетін басқа кәсіподақтар болса, олардың көмегін қабылдаймыз", – дейді Айдар.
Биыл Қазақстанның әр аймағында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді талап еткен жұмысшылар наразылығы жиіледі. Қаңтар айында Ақтөбе облысының Темір ауданы Көкжиде кенішінде "КМК Мұнай" компаниясы мұнайшылары жалақыны екі есе көтеруді талап етіп, бір апта ереуілдеген. Осы өңірдегі "АМК Мұнай" компаниясында да жұмысшылар жалақы өсіруді талап етіп, наразылыққа шыққан. Осыдан соң екі компания жұмысшылар талабын орындап, жалақыны өсірген. Wolt тамақ жеткізу қызметінің ондаған жұмысшысының бірнеше күнгі наразылығынан кейін 18 мамырда компания басшылығы курьерлердің бұрынғы еңбекақысын қайтару туралы талабын орындауға уәде берді. Айлыққа қатысты түпкілікті шешім әкімдік тексеруінен кейін қабылданады. Наразылыққа шыққан кейбір жұмысшылардың аккаунттары бұғаттан босатылды. Нұр-Сұлтанда биыл қыста жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен краншылардың ереуілі ұзаққа созылып, олардың жалақысы өсетін болды деген ақпарат тараған. Бірақ жұмысшылар мәселе мұнымен бітпейтінін айтқан. Ақпанда Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Таңертеңнен түске дейін жалғасқан ереуіл кәсіпорын басшылығы айлық жалақыны 150 мың теңгеге көтеруге келіскен соң тоқтаған. 5 ақпанда Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала әкімдігінің "Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің жұмысын уақытша шектеу туралы шағымын қанағаттандырып, кәсіподақтың жұмысын 6 айға тоқтатты.