Қазақстанда вакцинаның екі дозасын алғандар миллионнан асты
Қазақстанда вакцинаның екі дозасын алғандар миллионнан асты
182
оқылды

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алғандар миллионнан асты. 28 мамыр күнгі мәлімет бойынша, елде 1 млн. 21 мың 100 адамға (халықтың 5,3 пайызы) вакцинаның екі дозасы салынған. Министрліктің мәліметінше, вакцинаның алғашқы компонентін 2 млн. 76 мың адам (халықтың 10,8 пайызы) алған.

Үкімет бұған дейін мамыр айында екі миллион адамды вакцинадан өткіземіз деп мәлімдеген еді. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, үкімет сәуір айында да солай деп мәлімдеген. Шамамен 19 млн. тұрғыны бар Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны ақпан айында басталған. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, мұғалімдер, күштік құрылым қызметкерлеріне салынды. 1 сәуірде өзге категориядағы азаматтарға салына бастады. Елде ресейлік "Спутник V" вакцинасымен қатар, қазақстандық QazVac және БАӘ-де өндірілген қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы пайдаланылып жатыр. Өткен тәулікте Қазақстанда тағы 1 747 адамның ПТР тесті оң шықты. Екі күн бұрын 80 адамнан коронавирус пневмониясы табылған. 26 адам коронавирустан қайтыс болған: 24 адам — коронавирустан, 2 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 2020 жылдың 13 наурызынан бері 381 907 адамның ПТР тесті оң шыққан, 3 903-і қайтыс болған. 2020 жылдың 1 тамызынан бері елде 55 024 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 3 351-і қайтыс болған.