ДДСҰ қытайлық Sinovac вакцинасын мақұлдады
ДДСҰ қытайлық Sinovac вакцинасын мақұлдады
5,236
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қытайлық Sinovac компаниясы әзірлеген коронавирус вакцинасын мақұлдады. Бұл — ДДСҰ мақұлдаған қытайлық екінші екпе. Бұған дейін Sinopharm компаниясының вакцинасы да пайдалануға ұсынылған. Халықаралық ұйым 1 маусым күнгі мәлімдемесінде аталған вакцина екпе алғандардың шамамен жартысын коронавирустан қорғады деп атап өткен. ДДСҰ-ның айтуынша, сынаққа қатысқандардың арасында егде жастағылар аз болған. Сол себепті ұйым аталған вакцина 60 жастан асқандарға қаншалықты тиімді болатынын айта алмайды.
"Бірақ соған қарамастан ДДСҰ жас бойынша шектеу қоймайды", — деді.
Ұйым өзге елдерден жинақталған дерекке сүйене отырып, вакцина жасы үлкен адамдарды да қорғай алуы мүмкін деп болжам жасайды. ДДСҰ мақұлдаған вакциналарды әдетте, кедей елдерге екпе сатып әпергісі келетін донорлар мен БҰҰ-ның ұйымдары сатып алады. Мақұлдау вакцина өндірген компанияларға сондай мүмкіндіктер береді. 1 маусымда Қазақстанға аталған вакцинаның алғашқы партиясы (500 мың дозасы) жеткізілген. Бұл Қазақстанда пайдаланылатын төртінші вакцина. Екі дозалық екпе 14-28 күн аралығында салынады. +2 +8 градус аралығында сақталады.
"Қытайда вакциналау науқанының ауқымды түрде жалғасып жатқанына қарамастан, Қытай тарабы жан-жақты және стратегиялық әріптестік пен тату көрші қарым-қатынасты атап өтіп, Қазақстанға өзі әзірлеген вакцинасын жіберді", — делінген Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі таратқан ресми хабарламада.
ДДСҰ бұған дейін батыс компаниялары өндірген Pfizer-BioNTech, Johnson & Johnson, Moderna және AstraZeneca вакциналарын мақұлдаған.