Сыртқы саясаттағы ұстанымымыз айқын
1996 жылы еліміздің сыртқы саяси қатынастарға ерекше мән бергенін байқаймыз. Осынау аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның өзіндік саяси ұстанымын қалыптастыру көкейкесті мәселенің біріне айналды. 19 ақпанда еліміздің Сыртқы істер министрінің бұйрығымен Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. Алқа министрлік жанындағы кеңестік орган қызметін атқарды. Ал 21 ақпанда Қазақстанға Ресейдің Сыртқы істер министрі Е.Примаков ресми іссапармен келді. Ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен, сонымен қатар Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевпен кездесті. Кездесу кезінде екіжақты ынтымақтастық, татуластық, ТМД аясында интеграциялық үдерістер, басқа да халықаралық маңызды мәселелер талқыланды. Сыртқы саясатта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саяси және экономикалық катынастарда аймақтық, субрегионалдық құрылымдарға ену, егемен елдің дамуына қажетті қолайлы ахуал қалыптастыру мақсаты көзделді.«Шанхай бестігі» құрылды
Сәуірдің 26 жұлдызында Президент Н.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Осы сапарда Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары бірігіп, «Шанхай бестігі» халықаралық ұйымын құрды. Аталған мемлекеттер шекара аймағындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық келісім) қол қойды. Біздің жас еліміз үшін бұл құжаттың маңызы орасан еді. Бұл жаңа саяси жағдайға байланысты Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім және ынтымақтастық принциптеріне құрылған қарым-қатынастың бастауы болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы: «Бұл бірлескен жұмыстар негізінде іске асырылған жобалар мен тауар айналымын ұлғайтудың нақты нәтижелеріне айналуы керек. Ұйымның көлік-транзит әлеуетін іске асыру ынтымақтастықтың перспективалық бағыты болмақ. Ол ШЫҰ аясында өзара тауар айналымын ұлғайтуға, біздің елдеріміздің нарығын біріктіруге, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік жүк тасымалын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді. Кейін осы ұйымға Өзбекстан кіргеннен бастап, ол Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) деген атаумен тұрақты жұмыс істей бастады.Жамбыл жылы және руханияттың жаңғыруы
Бұл жыл – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жылы деп белгіленді. Осыған байланысты республика аумағында ақынға арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Жамбылдың мерейтойына орай Алматыда өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Жәкең сынды алыпты терең ұғыну үшін, өткен жылы ғана 150 жылдығы тойланып өткен халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды да зерделеу қажет. Өйткені Абай жаңа қалып пен соны пішін, жаңа мазмұн мен ізденімпаз, өршіл рух арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласа, Жамбыл сан ғасырлық суырыпсалма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін осы заманға жеткізген және небір тарихи өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлаған заңғар құбылыс екені мәлім. Олай болса, Жамбыл туралы айтылар сөз мәдени-рухани өміріміздің, саяси-әлеуметтік тарихымыздың ең бір көкейкесті арналарымен ұласып жатуы заңды»,– деді. Сонымен қатар 1996 жылы 3 сәуірде қазақ ұлтының азаматтары төлқұжаттарын тарихи дәстүрге сәйкес өз әкесінің, ата-бабасының аты-жөнімен жаздыруға мүмкіндік алды. Ал шілде айында Қажымұқанның 125 жылдығына орай іс-шара ұйымдастырылды.Атланта Олимпиадасының алғашқы «алтындары»
Бұл – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дербес команда жасақтап қатысқан тұңғыш жазғы Олимпиадасы. Атлантада өнер көрсеткен 196 мемлекеттің құрамалары арасында біздің еліміз жалпыкомандалық есепте 22-орынға көтерілді. Мұндай ірі әлемдік додаға бірінші рет қатысқан жас мемлекет үшін бұл үлкен табыс еді. Әсіресе, боксшыларымыз ерледі: Болат Жұмаділов күміс медальді қанжығасына байласа, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов қола медаль иеленді. Ал Василий Жиров алтыннан алқа тағып, ең үздік боксшыға берілетін Вал Баркер кубогына қол жеткізді. Сондай-ақ бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко Олимпиаданың алтын медалін иеленді.Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салды
Осыдан тура 30 жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды тарихи құжат – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Семей полигонында 500-дей ядролық сынақ жүргізіліп, соның салдарынан 1,5 млн адам зардап шеккен. Ал 1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық қауіпсіздік пен ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына (ЯСЖТШ) қосылды. ЯСЖТШ-ның әмбебап мәртебесі бар: бүгінде шартқа 183 мемлекет қол қойған және 166 мемлекет ратификациялаған. Сондай-ақ ЯСЖТШ-ның Халықаралық мониторинг жүйесі (IMS) жасалды. Ал 2021 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (CЖТСҰ) дайындық комиссиясының жұмыс тобын басқарды. «Халықаралық қоғамдастық еліміздің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесін мойындай отырып, Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының (ҰЯО) бас директоры Ерлан Батырбековты жұмыс тобының төрағасы етіп тағайындады. Бұл рәсім онлайн режимінде әлемнің 150-ден астам елдері өкілдерінің қатысуымен өтті» делінген Энергетика министрлігі жариялаған хабарламада.«Тәуелсіздік монументі» ашылды
16 желтоқсан күні Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздіктің бесжылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік монументі» бой көтерді. Ескерткіш авторлары: сәулетші Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілер – Ә.Жұмабаев, Н.Далбай, сәулетшілер – Қ.Монтақаев, Қ.Жарылғапов, тағы басқалар. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирель қатысты. Монументінің орта тұсында ұлттық нақышпен өрілген текшелі діңгек орналасқан. Ескерткіштің биіктігі – 28 метр. Көкке шаншыла өрлеген орталық діңгек тасты ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ сияқты жұмырланып біткен және мұнда Елтаңба қашалып түсірілген. Ал монументтің заулау биігінде қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде сол қолында садақ, оң қолында қыран құс бейнеленген, белінде қанжары байланған және асынып алған қорамса толы алтынға малынған сауытбұзар жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай бітім-тұлғасы сомдалған. Бұл – ХХ ғасырдағы ұлттық сәулет өнерінде ізін қалдырған мүсіндік және сәулетшілік шығармашылықтың үйлесімінен туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналатыны сөзсіз.Ақмолаға алғашқы көш жетті
25 желтоқсанда Алматыдан болашақ астанамыз Ақмолаға шыққан алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бастап жетті. «Астаналық» деген таңбасы бар «Алматы – Ақмола» пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 16.50-де вокзал басына келіп тоқтағанда, шаттық маршы ойналып, жұрт қоныс аударушыларды мерекелік сән-салтанатпен қарсы алды. Келушілердің саны – 20 адам. Әйтсе де, бұл одан кейінгі жылдары Алатау бауырынан Арқа төсіне үздіксіз ағылатын үлкен көштің ең алғашқы легі еді... «Астана болашақта Ақмолаға ауысады деген сөз бұлтсыз аспанда күркіреп естіліп жүрді. Бұған дейін ондай өзгеріс болады деген ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Жұрт жаңалыққа қатты толқыды. Әсіресе, астанада тұратын зиялы қауым өкілдері – ғалымдар, жазушылар, журналистер қуаныштан өрекпіп, өз ой-пікірлерін бір-біріне жеткізуге асықты, ол туралы мерзімдік басылымдар жаза бастады» деп сол күндердің толғанысымен бөліседі бұл күнде марқұм болған халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов ағамыз.Дәулет АСАУ